Бүгін облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова Халықаралық мүгедектер күніне орай Қызылорда қаласында кәсібін ашқан мүмкіндігі шектеулі азаматшаның цехына барып, ерекше жанға электронды арбаны тарту етті. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Аймақ басшысы І топ мүгедегі Тамара Ақмағанбетованың құс жастықтарды тазалап, қайта өндейтін «Мамық» цехының жұмысымен танысып, шағын өндірістің жұмыс процесін бақылады. Сондай-ақ, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға кедергісіз орта қалыптастыру және оларды бизнеске бейімдеу мәселесінің ерекше назарда екенін жеткізіп, мерекемен құттықтады.
Тамара Ақмағанбетоваға 2012 жылы мойын омыртқасы мен басының арасында пайда болған ісік ауруының салдарынан І топ мүгегедектігі берілген. 2014 жылы Мүгедектерге арналған оңалту орталығында ем қабылдап жүрген сәттен «Даму» қоры арқылы кәсіп ашуға кеңес алып, «Бизнес кеңесші» жобасы арқылы мақтаны қайта өңдеп, көрпеше тігу ісін бастаған.
Ал, 2015 жылы «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында 1 млн теңге грантқа ие болып, құс жастықтарды тазалап, қайта жаңғыртуға мүмкіндік беретін «Мамық» салонын Шиелі ауданынан ашады. Кәсібіне деген сұраныстың артуына байланысты Тамара Асқарқызы 2019 жылы кәсібін Қызылорда қаласына ауыстырып, бизнес аясын кеңейткен. Бүгінде 3 азаматқа жұмыс көзін ұсынып отырған ерекше жан қыз жасауы, көрпе, көрпеше тігу ісін қолға алды. Келешекте тағы 3 маман алуды көздеп отыр.
Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова мүмкіндігі шектеулі азаматша Тамара Ақмағанбетоваға шағын кәсіптік жандандырудағы қажырлы еңбегін ерекше атап өтті.
Айта кетейік, Қызылорда өңірінде 30 мыңнан астам мүгедектігі бар адам тіркелген. Оның 4372-сі әлеуметтік қызметпен, 194 мүгедек бала күндізгі жартылай стационар жағдайында үкіметтік емес ұйымдар арқылы қызметке алынған. Ал, жұмыспен қамту орталықтары арқылы 807 мүгедек жұмыспен қамтылды. Оның 190-ы тұрақты. 22 мүгедек әлеуметтік жұмыс орындарымен, 47 мүгедек жастар тәжірибесіне, 548 мүмкіндігі шектеулі азамат қоғамдық жұмыстарға тартылған.
Бүгінгі күні мүмкіндігі шектеулі азаматтардың өмірін жақсарту мен оларға кедергісіз орта құруға арналған Қызылорда облысының 2020-2025 жылдарға арналған Жол картасы қабылданды.
Еске салайық, жыл басынан бері облыс бойынша мүмкіндігі шектеулі азаматтарға 40 электронды арба берілді.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!