Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Алматыдағы тал кесу: жабайылық па, көрнекілік пе?

24.11.2020, 16:35 1152

HALYQLINE.KZ Алматыда «Sulpak» және «Small» дүкендерінің алдындағы талдарды түбінен шауып тастаған соң тұрғындар шулай бастады.

«Әуезов – Төле би» көшелерінің қиылысында орналасқан «Sulpak» пен «Small» дүкендері тұрған ғимараттың алдында сап түзеген талдардың қазір түгі қалмаған.

Мәселеге ҚР Президенті Қ.Тоқаев, ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі назар аударды.

– Президент Қ.Тоқаев Алматы қаласы Төле би көшесіндегі ағаштардың оталғанына қатысты жағдайға назар аударды. Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаевқа аталған жағдайға байланысты қызметтік тексеру жүргізіп, кінәлілерді жауапкершілікке тартуды тапсырды. Мемлекет басшысы 2019 жылы 29 қызында Алматыда қала проблемаларына арналған кеңесте сөйлеген сөзінде мегаполистің экожүйесіне ұқыпты қараудың, шаһар тұрғындарының жайлы өмір сүруін қамтамасыз ету үшін тиісті жағдайлар жасаудың ерекше маңызды екенін мәлім еткен болатын, – деп жазды ҚР Президентінің баспасөз хатшысы Берік Уәли әлеуметтік желі парақшасында.

Ал еліміздің бас эколог-геологы М.Мырзағалиев:

«Кеше біз Алматыда ағаштарды жабайылықпен кесу фактісіне куә болдық. Оқиғаның қоғамның ашуын тудыруы орынды. Мұндай жағдайларға жол беруге болмайды!»,- деп жазды ол Twitter парақшасында.

Министр қазір ел бойынша атмосфералық ауаның ахуалын жақсартуға бағытталған үлкен жұмыстар жүргізіліп жатқанын атап өтті.

«Экокодекс қабылданып жатыр, Президент 2 млрд-тан астам ағаш егуге тапсырма берді. Жұрт болып жұмылып, бір мақсат жолында жұмыс істеп жатқанда, жоғарыдағыдай жағдайлар тіптен орынсыз»,- деген министр.

Оның сөзінше, биыл ғана Мемлекет басшысының тапсырмасымен ағаш кесуге қатысты жауапкершілікті арттыру бойынша Заңға өзгерістер енгізілген. Атап айтақ, 1 ағаш кесілсе, орнына 10 ағаш егу өтемақысы енгізіліп, айыппұл көлемі екі есе артқан.

«Табиғи ресурстарымызға ұқыпты қарауға шақырамын. Бір ағаш жайқалып өсуі үшін ондаған жылдар керек. Болашағымыз біздің экологиялық мәдениетіміздің деңгейіне тікелей байланысты, – деп жазды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: