Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Әр нәрсені өз атымен атамай, сау адамды жынды қылу оп-оңай…

18.11.2020, 12:30 1508

HALYQLINE.KZ

Мысықты арыстан десем, есі ауысқан ба дейсіз? Жолбарысты мысық десем ше? Қазақ даласында мәлім деген бар, соны пантера не гепард десем, «мына кісіні анық қарату қажет» дейтініңіз тұр. Өйткені мысық айна алдында қанша арыстандай айбатты болғанмен, итті көргенде арқа жүні үрпиіп, тал үстіне өрмелеп шығар мысық болып қала бермек. Ганс Христиан Андерсенді білесіздер, бірақ оның «Сұрықсыз үйрек» (Гадкий утенок) ертегісін білмеуіңіз мүмкін. Сонда сұрықсыз үйрек қанша үйрек болуға тырысқанмен, үйрек болып кете алмады. Себеп те жоқ емес. Қан бар, қанмен берілген мінез, қарым-қабілет, қасиет бар. Адасқан «сұрықсыз үйрек» өзінің аққу екенін білгенде ғана өз жолын таппай ма? Тағы қызық мәлімет, жануарлардан аулақ кетіп, жаны жоқтарды қозғайық енді. Үйде үстел бар, үстелді парта демейміз, ол үстел болып жасалды және үстел болып қалмақ. Ал партаның аты – парта. Парта бетіне шимақтап «үстел» деп жазсам да ол парта болып қалмақ. Адам санасына симайтын қисынсыз әңгімені неге айтты дейтініңіз тұр. Күте тұрыңыз шамалы…

«Әр нәрсені өз атымен атамай,

Сау адамды жынды қылу оп-оңай» – дейді қазақтың бір ақыны. Дәл солай. Грек мифіндегі Одиссей Троя соғысынан оралып келе жатқанда әбден адасады. Күндердің күнінде циклоптар аралына тап болады. Бір циклоптың қойы қамалған үңгірге тығылады ғой. Циклоп түліктерінің «қорасынан» адам иісі шығатынын аңғарып, оларды түйірлеп алып азық ете бастайды. Бірде циклоп Полифем Одиссеймен танысады, Итака патшасы өзін «Ешкім» деп атайды. Патшаны соңынан жеуге уәде берген Полифем Одиссей берген шарапқа удай мас болып, қылжияды. Бұл сәтті күткен «Ешкім» оның көзін ағызып түсіреді. Жалғыз көзіне отқа қыздыра отырып үшкірленген қазық қадалған Полифем ойбайлай жөнелгенде оның бауырлары кім тиіскенін сұрайды. Соқыр циклоп сассын ба, «Ешкім тиісті» дейді. «Ешкім тиіспесе, бос айғайлама» деп өзге циклоптар жөніне кетеді. Осылайша «Ешкім» бір көзді дәуден құтылған екен. «Әр нәрсені өз атымен атамай, сау адамды жынды қылу оп-оңай» деген осы.

Әрі кеттік. Қытайдағы сан қазақты «қытайландырып» жатыр дегенде ет жүрегіміз елжіреді. Қазір қағаз сөйлеген заман. Қаның бір қазақты өзге ұлт деп тұрса, қисынға сыймайды ғой. Ал қазақ өз еркімен «қазақ емеспін» десе шамданамыз ғой. Бұл әңгіме неден шығады? Неше күннен бері елімізде тұратын өзге ұлт өкілдерін төлқұжатта қазақ деп көрсету жайлы әңгіме талқылануда. Былай қарағанда «мен қазақтың сары баласымын», «әкем кәріс, шешем орыс, мен қазақпын» деген әңгімеге көп жағдайда шоши қараймыз ғой. Өйткені ұлт – баба, ұлт – әке ғой. Әкеңнің баласы бола тұра «Мен орыспын не кәріспін» десем санаға сыймайтын шығар. Бұл ұлтқа жасалған, әке мен шешеге, ата мен әжеге жасалған сатқындық қой. Өйткені қазақ отбасында бір бала дүниеге келсе, тұяғым келді, жалғасым келді демей ме? Ал сол ретте біз тегімізді не ұлтымызды өзгертсек, әке мен шешеде жалғас бола ма, олар «тұяқсыз» қалмай ма? Қазақ тарихы әлі тура жазылмай келеді. Себебі жазба құжатымыз аз. Баба жұрт жазған сан дүние қолды болған. Қағаз сөйлейтін заман ғой. Қазір төлқұжатыңыз болмай, ешқандай шаруаң бітпейді. Ресми орыннан бір жапырақ қағаз шығармақ түгілі мекеме ғимаратына кіре алмайсыз. Міне, қағаздың күші. «Төлқұжатта қазақ деп тұрса, несі айып?» дейді талай кісі. Айып сонда, бүгінгі құжат – ертеңгі тарих. Ал тарих қателікті кешірмейді. Өзге ұлт өкілдеріне ата-бабасына сатқындық жасатпас үшін, шетелдегі өз қандастарымыздың да жайын ойлап қойсақ игі. Төлқұжаттағы ұлтты ауыстыру арқылы Қазақстанның азаматтығын алып қана қоймай арам пиғылын жүзеге асырмақ сыртқы жұрттың барын ұмытпайық.

Ұлт, ұлы, ұлттық, ұлық сөздерінің қадірін білетін ағайын, «Әр нәрсені өз атымен атамай, сау адамды жынды қылу оп-оңай» деген, деніміз де, дініміз де, діліміз де, тіліміз де сау болсын!

Сіздің ой қалай?

Дастанбек  САДЫҚ,

тәуелсіз  журналист

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: