Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Жол-көлік оқиғасы: «соқыр» жол мен «сары» статистика

12.11.2020, 11:30 1165

Жол-көлік оқиғасы – біздің елімізде ғана емес, бүкіл әлемді дүрліктір­ген даулы мәселе. ДДСҰ-ның мәлі­метіне сенсек, өткен жылы жол-көлік апатынан дүниежүзінде 1,4 миллион адам қаза болған екен. Яғни, күніне шамамен  3800-ден аса адам өмірден озған.­ Одан бөлек, жылына жарақа­т алушылар саны 50 миллионға дейін жетеді екен. Сондай-ақ ұйымның мәліметінше, жол-көлік оқиғасы 5-29 жас аралығындағы жастардың арасындағы өлімнің басты себебіне айналып отыр. Бұл – жол-көлік оқиғасына көбінесе жастар түседі деген сөз. Бұндай статистикада біздің еліміздің жағдайы да мәз емес. 2019 жылы елі­мізде 24,6 мың адам жол-көлік оқиғасынан зардап шеккен. Салдарынан 22,2 мың адам жарақат алса, 2,4 мың адам қаза тапқан.­ Салыстыра кетсек, осы уақытқа дейін әлемді әбігерге салған коронавирус індетінен елімізде 1,8 мыңдай  адам  қайтыс  болған  еді.

Жол-көлік оқиғасы – қоғам алдындағы үлкен дерттің бірі. Әуелі өңіріміздің статистикасына назар аударсақ. Қызылорда облысы Полиция департаментінің мәліметінше, ағымда­ғы жылдың 10 айында облыс аумағында 345 жол-көлік оқиғасы болған. Одан 68 адам қаза тауып, 401 адам жарақат алған. Өзгермей­тін заңдылық – сол көлік апатына үнемі түсетіндердің жас мөлшерін 20-30 жас аралығындағы жастар құрайды. Куәлігін кеше ғана алған­ «кащейлер» қаншама адамның өмірін қиды десеңші. Департаменттің айтуынша, облысымызда көлік апаты жолдың сапасыздығынан да орын алады екен. Ағымдағы жылы 2 жол-көлік апаты «Қызылорда су жүйесі» МКК мекем­есі қызметкерлерінің жауапсыздығынан болған. Дегенмен, апаттың көп бөлігі жылдамдықты шектен тыс асырғандардың кесірінен болады. Аталған мәселемен күресу үшін бір­қатар шаралар атқарылған. Атап өтсек, облыс орталығында 13 дана «Арқан» стационарлы жылдамдық өлшегіш құралдары, 20 дана арнайы­ жарықтандырғыш «Мысық көз» қондырғылары орнатылып, 21 жердегі жол бел­гілері мен өтпелерін диодты жарықпен жарықтандыру жұмыстары жүргізілген. Одан бөлек, бақылау да күшейген көрінеді.

Жалпы, ел аумағындағы жол-көлік оқи­ға­сы көп тіркелетін аймақтарға Алматы, Жамбыл облыстары жатады. Біздің өңіріміздің жағдай­ы басқа аймақтармен салыстырғанда жақсырақ. Дегенмен, халық тығыздығы мен көлік санын салыстырғанда үлкен айырмашылықтың бар екенін сезінесің. Сол үшін тәртіп пен бақылауды әлі де болса күшейту керек. Еліміз­де көлік апатының көп бөлігі жылдамдықты асыру мен көлікті мас күйінде басқару­дан болады екен. Адамдарды өлімге жетелей­тін де – осы адами факторлар. Сарапшылардың айтуынша, біздің елімізде жол-көлік оқиғасын азайтуға мүмкіндік мол. Оның басты­ себебі, мотоциклдің аз болуы. Статистикаға сүйенсек, мотоциклдің жол-көлік апатына түсу қаупі көлікке қарағанда 16-25 есе көбірек. Сонымен қатар халықтың тығыздығы да онша көп емес. Бұдан дұрыс атқарылған жұмыстардан оң нәтиже көруге болатынын байқаймыз.

Жол-көлік апатының 90%-ы жүргізушілердің кінәсінен болады. Және апаттың көп бөлігі жаяу жүргіншілердің қатысуымен жасалады екен. Қазіргі таңда елімізде қаза тапқандар саны 100 мың адамға шаққанда 17,1 адам­ға тең. Бұл – әлемдік рейтингте ортаңғы көрсеткіш. Ең жақсы көрсеткішке ие елдерде 100 мың адамға шаққанда 3-4 адамды құраса, ең төмен көрсеткіштегі елдерде 40 адамға дейін барады. Ең төмен көрсеткішке ие елдердің арасында Африка елдері, оның ішінде қаржылық жағдайы төмен елдер орналасқан. Бұны сарапшылар жол сапасының нашарлығынан және жергілікті ауруханалардың қажетті көмек көрсете алмауынан деп түсіндіреді. Қаза тапқандар саны бойынша жетекші орындарда Либерия, Сент-Люсия, Бурунди, Зимбабве елдері орналасса, бұл көрсеткіші ең аз елдердің қатарына Мальдив Республикасы, Швей­цария, Норвегия, Швеция елдері жатады. Жалпы,­ жол-көлік оқиғасында бір заңдылық бар. Ол жаза күшейген сайын, заңбұзушылық та азаяды. Яғни, бақылау қатты болса, тиісінше, жол-көлік оқиғасының пайызы да төмендейді. Мысалға, Үндістанда осы апаттан жылын­а 400 мыңнан аса адам қаза табады екен. Бұл жоғарыда атап өткен заңдылыққа дәлел. Сондай-ақ, ТМД елдерінің арасынан ең нашар көрсеткіш көршілес Ресей мемлекетін­де екен. Олар қаза тапқандар саны бойынша 12-орында тұр.

Бір қызығы, жол-көлік апатынан зардап шеккендердің саны коронавирус пандемиясынан зардап шеккендерден де көп. Осындай «қитұрқы» деректің өзі біздің жүргізушілерге ой сала алмай тұр. Одан қалды, қоғамдық көліктердің жарысы, агрессиялы түрде қатты айдау секілді фактілер еліміздегі жол-көлік апатының негізгі себептерінің бірі болып таныл­ады  екен.

Жол-көлік апаты дегенде ойыма италиялық режиссер  Виттори  Де  Сиканың: «Көлік апаты – қазіргі жүргізушілердің кешегі  жолмен­ ертеңгі­ көлікте арғы күнгі жылдамдықпен жүргендігінен орын алады» деген сөзі түседі. Шынында, біздің «шабандоздар» «соқыр»­ жолда­ бар жылдамдықпен айдайды емес пе? Жоғарыда айтқандай, апаттың көп бөлігі жүргізушілердің кінәсінен болса, тағы да бір қиындық жолдардың сапасыздығынан орын алады. Сапасыз жолда қымбат көлігін құйындататын біздің «шумахерлеріміздің» тежегі­шін тұсамасақ, жағдай қиындап кетуі әбден мүмкін. Өткен жылы Норвегияның астанас­ында жол-көлік оқиғасынан 1 ғана адам қаза тауыпты дейді. Оның өзі іссапармен келген ресейлік азаматт­ың қателігінен болып шықты. Өзінен-өзі жолдың жиегінде тұрған трамвай аялдамасына соқтығысса керек. Біз үшін бұл статистика – әдемі түс секілді. Бәл­кім, түс көрмей іс көретін уақыт жеткен шығар…

Р­өлімізді түзу ұстасақ, дөңгелегіміз өз еркімен­ бұрылмас. Сондықтан бәлені бөтеннен­  іздемей, бір-біріміздің өмірімізге сыйластық  танытсақ, жақсы нәтиженің ауылы  алыс  болмайды.

Бекзат  АМАНОВ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: