Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Дамимын дегенді «Даму» демейді

29.10.2020, 18:20 712

Қазақтың байлығы жау мен жұттан кемімеген. Әлімсақтан малды жанына серік еткен жұрт бүгінде сан саланы игеріп, оны дамытамын дегендер мемлекеттік бағдарламалардың рақатын көріп жүр. Ал сол мемлекеттік бағдарламаны дүйім жұртқа таныстырып, түрлі кәсіпті өрнектеп жүрген құрылымның бірі – «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры. Сол қордың қолдауымен ашылған нысандар да аз емес. Негізгі мақсат –  кәсіпкерлікті дамытып, халықты жұмыспен қамту. ШОБ несие бойынша пайыздық мөлшерлемені азайту мүмкіндігі ұсынылған кәсіпорындар өнім өндірісі мен қызмет көрсету шоғырын ұлғайтуға мүмкіндік беретін ғимараттар мен жабдықтар сатып алды, айналымдық қаражаттарын толықтырды. Сондай-ақ, мемлекет қолдау білдірген кәсіпкерлер қиын-қыстау заманда халыққа көмектесіп, елдіктің жақсы бастамасы бола білді. Пандемия кезіндегі бетперде тапшылығында сол қажеттілікті тігумен айналысып, вирустан арнайы қорғаныс киімдерін жасауға да осы кәсіпкерлер көмектескен.

– «Даму» қорының басты мақсаты – еліміздегі кәсіпкерлікті дамытып, көптеген жұмыс орындарын ашу. Бүгінде осы қор арқылы екінші деңгейлі банктермен көптеген кәсіпкерлерге көмектесіп жатырмыз. Биыл 136 кәсіпкердің несиесіне кепіл болдық. Сонымен қатар, 138 кәсіпкерге субсидия бердік. Яғни, банктен кәсіпкерлер несие алатын болса, оларға 10-15 пайыздық үстеме қойылады. Біздің субсидия арқылы ол 6 пайызға түсіп, қалған пайызын осы «Даму» қоры төлеп береді. Негізінен, қор 2010 жылдан бастап жұмыс істеп келе жатыр. Осы күнге дейін 4 мыңға жуық кәсіпкер көмек алған. Қазіргі таңда еліміздің барлық облыс орталықтарында филиалдары жұмыс істеп тұр. Көмек көрсетілген кәсіпкерлер жақсы нәтижелерге қол жеткізуде. Көптеген адамды жұмыспен қамтып, өз өнімдерін экспорттап жатқан кәсіпкерлеріміз де жетерлік,- деді «Даму» қорының бас маманы Арман Үсенов.

«Даму» қорының қолдауына ие болған компаниялар қатарында «DALATEX» ЖШС тігін фабрикасы, күріш өсіретін әрі өңдейтін кәсіпорын «Жан-Арай» ЖШС, «QOLONER» ұлттық киімдер мен кәдесыйлар шығаратын «САПА КА» ЖК цехы бар.

Пандемия кезіндегі кәсіпкерлердің көмегі

«DALATEX» ЖШС компаниясының негізін қалаушы Ділмұхамед Абызов тоқыма өнімдерін өндірумен 20 жылдан астам уақыт айналысып келеді. Бүгінде кәсібі берекелі болып, үлкен ғимарат пен заманауи құрылғылармен жұмыс істейтін компания егесі. Жоба құны 125 миллион теңгені құрайды. Оның ішінде 95 миллион теңге меншікті қаражат болса, 30 миллион теңге – «Бизнестің жол картасы – 2020» мемлекеттік «Даму» бағдарламасының шеңберіндегі қолдау.

– Біздің компания 2016 жылдың сәуір айында құрылған болатын. Бастапқыда компания ерлер жейдесін тігумен айналысты. Қазіргі уақытта заман талабына сай және еліміздегі сұранысқа қарай өз өнімдерімізді кеңейттік. Қазір жейделермен қатар, арнайы жұмыс киімдері мен күштік құрылымдардың формалық киімдерін де тігеміз. Соғыс уақытында да түрлі зауыттар өз жұмысын тоқтатып, сол соғыс заманына бейімделіп, оқ-дәрі секілді қажетті заттарды шығарумен айналысқан. Сол секілді біз де пандемия уақтында бетперде тігумен айналыстық. Сонымен қатар, компания жұмысшыларына жақсы жағдай жасалған. Қазір біздегі жалақы мөлшері 200 мыңға дейін жетеді,- деді «DALATEX» ЖШС компаниясының атқарушы директоры Нұргүл Қосаева.

Тігін компаниясында 40 адам жұмыс істейді. Тігіншілердің басым бөлігі – арнайы дипломы бар кәсіби мамандар. Сонымен қатар, компанияда тігіншілерді оқыту орталығы да ашылыпты. Тиісінше, орталыққа арнайы құжаты бар оқытушы алып жатқан көрінеді. Еліміз тегіс карантинге тарағанда да тігіншілердің жұмысы тоқтамаған. Бетперде тапшылығына тап болған уақытта барлық жұмысты ысырып, сол қажеттілікті тігумен айналысқан. Облысымызбен ғана шектелмей бүкіл Қазақстанды бетпердемен қамтамасыз еткен.

– Осы компанияда 2016 жылдың тамыз айынан бастап жұмыс істеп келемін. Бастапқы уақытта жейде ғана тігетінбіз. Қазіргі таңда жұмысшыларға арнайы жұмыс формаларын тігудеміз. Жұмыстың қарқыны жақсы, тапсырыс та көп. Тапсырыстың көптігін біздің істеп жатқан жұмыстарымыздың сапалы болғанынан деп түсінемін. Жалпы, бұл жерде еңбек еткен өзіме қатты ұнайды. Жалақыны да уақытылы аламын. Барлық жағдай жасалған. Пандемия уақытында да халыққа көмектесуге мүмкіндік туды. Күніне 700-800 бетперде тіктік,- деді тігінші Майра Асылбекқызы.

Жұмысы жайнаған – «Жан-Арай»

Сыр елі ақ күріштің отаны екені баршамызға белгілі. Жыл сайын мол өнім алып, алыс-жақын шет елдерге экспорттап та жүрміз. Осы кәсіпті ары қарай дамыту мақсатында ашылған «Жан-Арай» ЖШСде осы «Даму» қорымен субсидияланған. Бүгінде қанатын кеңге жайған компания заманауи технологиялармен жабдықталған. Компания Қызылорда облысының нарығында 18 жылдан астам уақыт жұмыс істеп келеді. Негізгі қызметі серіктестік пен шаруа қожалықтарын фьючерстік келісімшарты бойынша қаржыландыру, сондай-ақ, күрішті жинау және өңдеу болып табылады. Компания – қазіргі уақытта облыстың алдыңғы қатарлы күріш өсіру құрылымдарының бірі.

– Жалпы, біздің өндірістік аймақтың аумағы 10 гектар жерді құрайды. 2011 жылы «Жан-Арай Жем» ЖШС құрылып, 2015 жылы зауыт іске қосылды. Оның ішінде құрама жем зауыты бар. Оның құрылысына 175 млн теңге жұмсалған. Неміс технологиясымен жасалған. Тапсырыс берушілердің талабына сай, жемге әртүрлі қоспа қосып жасаймыз. Одан бөлек, күріш ақтау зауытымыз бар. Қазіргі таңда зауыттың құрылғыларының өзі 600 млн теңгені құрайды. Сонымен қатар, 2016 жылы салтанат сарайын аштық. Оның ішінде конференция залы, 500 орындық мейрамхана, конақүй бар. Жалпы құны 730 млн теңгені құрады. Құрылыс жұмыстарының қаражатына екінші деңгейлі банктен несие алған болатынбыз. Сол несиені 15 пайыздан 6 пайызға дейін осы «Даму» қоры төмендетіп, субсидия берді. Бастапқыда 375 млн теңге көлемінде несие алған болатынбыз. Бүгінде жем зауыты күніне 80 тонна жем шығарса, күріш зауыты 150 тоннаға дейін өнім береді. Өндіріс орнында 12 адам жұмыс істейді,- деді «Жан-Арай» ЖШС директоры Мұрат Айменов.

Пандемияға дейін «Жан-Арайдың» өнімдері ТМД аумағындағы елдерге экспортталып отырған. Дегенмен, бүкіләлемдік карантин шектеулеріне байланысты бұған мүмкіндік болмай тұр. Одан бөлек, компания алдағы уақытта да «Даму» қорымен бірге жұмыс істегісі келеді. Олардың айтуынша, кәсібімін одан әрі өрбітуге қордың көмегі мол екен. Аталған қормен бірлесіп бірнеше жылыжай мен қойма салу жоспарларында бар көрінеді.

Ұлттық мұраларға АҚШ-тан сұраныс көп

«Шет елден келетін тапсырыс көп». Ұлттық өнімдерді шығарумен айналысатын «САПА КА» ЖК мекемесінің басшысы осылай дейді. Көздің жауын алатын неше түрлі әшекей-бұйым, киім-кешек, былғары-торсықтарды өзге елдегі қандастарымыз таласып алады екен. Арнайы авторлық тапсырыстар да бар көрінеді. Қандастарымыздан бұл кереметті көрген шетелдік азаматтар да қызығып, тапсырыс беріп жатқан көрінеді. Компания ұлттық киімдер мен қолөнер және шығармашылық тауарларын, ұлттық тақырыптағы кәдесый өнімдерін жасаумен айналысады. Жалпы, бұл кәсіппен 20 жылдан астам уақыттан бері айналысып келеді.

Бастапқыда «Даму» қорының қолдауымен субсидияланғанбыз. Қазіргі таңда кәсібіміз берекелі болып тұр. Шынымды айтсам, шет елдерден келетін тапсырыс өте көп. Біздің халқымыз ұлттық мұраларымызға қызыға қоймайды. Дегенмен, шет елдерде жүрген қандастарымыз қатты қызығады. Осы үшін өнім сапасын дамыту мақсатында Түркия, Өзбекстан, Қырғызстан секілді елдермен келісімге отырып, тәжірибие алмастық. Олардың тігін тігудегі шеберлігі өте керемет екен. Қазір солардың тігу технологиясын өз қажетімізге жаратудамыз. Одан бөлек, пандемия уақытында бүкіл халықтың жұмысы тоқтатылса, біздікі керісінше көбейді. Себебі, бетпердеден бастап, қорғаныш киімдеріне дейін тіктік. Тіпті, керек шикізаттарды таба алмай, қолда бар материалдармен істеуге тура келді. Одан бөлек, соңғы уақытта ту мәселесі қоғамда үлкен резонанс тудыруда. Сол үшін осыдан бірнеше күн бұрын бізге ту тігуге АҚШ-та тұратын жерлесімізден тапсырыс келді. Ұлтымыздың мұрасы болғандықтан барынша тырыстық. Шеттерін алтын жіптермен тігіп, жақсы матадан жасадық. Жақында онымен үлкен жоба түсірілмек. Осылайша, қазақ қоғамына өз пайдамызды тигізуге де тырысамыз,- деді мекеме басшысы Аида Керімқұлова.

Мекемеде отыз адам жұмыс істейді. Оның оны штат құрамында. Компания иелігінде үш цех бар. Алдағы уақытта барлық өнімдерінің басын қосатын зауыт ашпақ ниетте. Қазіргі таңда оның құрылысы басталып кеткен. Тапсырыстың көп бөлігі АҚШ, Ресей, Германия, Англия елдерінен түседі екен. Ендігі кезекте өз өнімдерінің сапасын одан әрі жақсартып, халықтың арасында ұлттық мұраларымызды насихаттасақ деген үмітте.

«Даму» қорынан көмек алып, кәсіптерін ашқан жұрт қазірде аз емес. Қордың алдағы мақсаты – ел төңірегінде кәсіпкерлер санын көбейтіп, шыққан өнімді сыртқа экспорттау. Жұмыс орындарын кеңейту. Қор өкілдері кәсіп ашуға ниетті кез келген адаммен жұмыс істеуге дайын екенін айтады. Білікті қызметкерлерден тұратын қордың жобаларында кемшілік жоқ. «Дамуға» халықтың ауырған «дертіне» шипа боларлық қайырлы қызмет пен абырой тілеуден басқа айтарымыз жоқ.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: