Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Ұрысып отыратын уақытым жоқ!»

22.10.2020, 11:30 956

Өткен аптада Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықованың төрағалығымен аппарат мәжілісі өтті. Күн тәртібінде 4 түйткілді тақырып бар. Осы мәселелер жиында кеңінен талқыланды. Әуелі өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының және облыс бюджетінің 2020 жылдың 9 айындағы қорытындысы, игерілу барысы мен болжамы төңірегінде баяндама жасалды. Сондай-ақ, жиында жұмыспен қамтудың 2020-2021 жылдарға арналған Жол картасының орындалуы және жылу беру маусымының басталу барысы сөз болды. Баяндамашылардан соң сөз алған әкім Әбдіқалықова нық сөйлеп, кейбір сұрақтардың нүктесін қойды.

Өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының 2020 жылдың 9 айлық қорытындысы­ бойынша экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Нұрғали Қордабай баяндады. Облыс әкімінің хабарлауынан соң мінбеге көтерілген ол өз саласын­а қатысты бірқатар жаңалықтарымен бөлісті.

Бүгінгі таңда экономикалық дамуды сипаттайтын макрокөрсеткіштердің бірқатары­ бойынша өсім байқалады. Өнеркәсіптің өңдеуші секторы 3,5%, ауыл шаруашылығы­ның жалпы өнімі 3,1% және тұрғын үйлерді пайдалануға беру 0,4%-ға артқан.

– «Ауыл – ел бесігі», «Қызылорда облысының экономикалық даму жоспары», «Жұмыспен қамтудың Жол картасы», «Қарапайым заттар экономикасы» және мемлекет­тік бағдарламалары аясында атқарылып жатқан жұмыстар-құрылыс салу көлемі, негізгі капиталға инвестициялар тарту көрсеткіштері бойынша межені орында­п ғана қоймай, оған қоса өңдеуші өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, сауда және қызмет көрсету салаларына да оң ықпал етеді.

«Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында ағымдағы жылы облысымызға 62 инвестициялық жобаны жүзеге асыру үшін 5,1 млрд теңге бөлінген. Бүгінде 35 жоба толығымен іске асырылды, – деді басқарма басшысы.

Облыс әкімі бюджеттік бағдарламалар әкімшілері, аудандар және Қызылорда қаласының әкімдері аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуының макрокөрсеткіштері бойынша 2020 жылдың жоспарлы параметрлеріне қол жеткізуді қамтамасыз етуді және статистика департаментімен бірлесіп, ай сайын экономикалық көрсеткіштердің орындалу­ына алдын ала талдау жасап, оң тенденцияны қамтамасыз ету жұмыстарын жүргізуді  тапсырды.

Сонымен қатар, Арал, Жалағаш және Жаңақорған ауданы әкімдері «Ауыл – ел бесігі» жобасымен 2020 жылға жоспарланған қаржыларды 100 пайыз игерілуін және нысандарды толық іске қосуын, ал облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқар­ма­сы басшысына қала және аудан әкімдерімен бірлесіп барлық көздерден жүзеге­ асырыл­ып жатқан құрылыс жұмыстарының есебін жүргізіп, атқарылған жұмыстард­ың статистикалық есептерге енгізілуін қамтамасыз етуді жүктеді.

Мұнымен қоса, облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының 9 айлық қорытындысы бойынша индустриялдық-инновациялық даму басқарма басшысына өңірге барлық қаржы көздерінен инвестиция тарту межесін орындауды, кәсіпкерлік және туризм басқармасы басшысына көтерме және бөлшек сауда айналымын арттыру бойынша жұмыстарды ұйымдастыруды, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысына «көлік саласы» көрсеткіші бойынша­ төменгі деңгейдің қалыптасу фактілерін зерттеп, оң тенденцияға шығу жөнінде нақты тапсырма берді. Аталған басқарма басшылары бұл жұмыстарды қала және аудан әкімдіктерімен бірлесіп атқаратын болады.

Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша облыстық қаржы басқармасының басшысы­ Елена Шаврова сөз сөйледі.

2020 жылдың 1 қазанына облыс бюджеті түсімдері 103,3 пайызға орындалды. Шығындар жоспары 99,7 пайызға игерілген. Ал, бюджет қаражатының жылдық жоспары­ның 67%-ы ғана игеріліп отыр. Жалпы, жыл соңына дейін 123 млрд теңге қаржы  игерілуі  тиіс.

2020 жылдың 9 айында облыс бюджеті шығыстар бойынша 99,7%-ға орындалды. Атап айтқанда, Арал, Қазалы, Қармақшы, Жалағаш және Жаңақорған аудандары мен Қызылорда қаласының бюджеттері бойынша қаражат 99,9% игерілді. 9 айдың қорытындысына сәйкес қаражаттың ең төмен игерілуі Сырдария ауданына тиесілі – 98,8 %.

– 2020 жылдың қорытындысымен игерілмеген қаржы бойынша тікелей бірінші басшыға тәртіптік шара қолданылатындығын ескертемін. Қаржы игерілмесе, келесі­ жылы қысқартатын боламыз, – деді аймақ басшысы.

Сондай-ақ, барлық облыстық бюджеттік бағдарлама әкімшілері, Қызылорда қаласы­ және аудан әкімдеріне жыл соңына дейін жоспарланған қаржыларды толық әрі мақсатты­ игеруді, дебиторлық және кредиторлық берешектерге жол бермеуді қамтама­сыз етуді жүктеп, облыстық бюджеттен бөлінген қаржылар есебінен үнемделген қаржы­ларды қайтару немесе басқа шығындарға қайта бағыттау бойынша тиісті жұмыстарды жүргізу керектігін еске салды.

Жұмыспен қамтудың 2020-2021 жылдарға арналған Жол картасының орындалуы бойынша облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқарм­асының басшысы Гаухар Қалмақова баяндама жасады.

– Биылғы жылы «Жұмыспен қамтудың Жол картасы» аясында республикалық бюджеттен 37,8 млрд теңге бөлініп, облыс бойынша 275 жоба жүзеге асуда. Нақты айтсақ, әлеуметтік-мәдени нысандардың күрделі және ағымдағы жөндеу, қайта жаңғыр­ту, құрылысы бойынша 125 жоба, тұрғын үй-коммуналдық нысандардың күрделі және ағымдағы жөндеу, қайта жаңғырту, құрылысы бойынша 42 жоба, инженерлік-көліктік инфрақұрылым нысандарының күрделі және ағымдағы жөндеу, қайта жаңғырту құрылысы бойынша 62 жоба іске асырылуда. Мұнымен қоса, елді мекендері абаттандыру мақсатында 47 жоба іске қосылған, – деді басқарма басшысы.

Жұмыспен қамтудың жол картасы аяқталғаннан кейін, жаңа нысандардың құрылысы арқылы 452 тұрақты жұмыс орындары ашылады деп жоспарлануда. Жалпы, бүгінгі күні жоба аясында 9182 адам жұмыспен қамтылған. Оның ішінде 5455 тұрғын жұмыспен­ қамту орталықтары арқылы алынған. Орташа еңбекақы 88242 теңгені құрайды. 9 айдың қорытындысы бойынша қаржының игерілуі 98,6%-ды көрсетіп отыр.

Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысына Қызылорда қаласы және аудан әкімдерімен бірлесіп, жоба аяқталғаннан кейінгі тұрақты жұмыс орындарының ашылуын­, оларға жоба аясында жұмыспен қамтылған азаматтардың кемінде 50%-ы тартылуын қамтамасыз етуді жүктеді.

Белгілі болғандай, аймақ басшысының тапсырмасына сәйкес пандемияның алдын алу мақсатында әрі күн райының күрт суығанынан облыс бойынша жылу беру маусымы­ 10 қазаннан басталды.

Жылу беру маусымының басталу барысы туралы облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Руслан Нұрмағанбетов айтты.­

– Облыс көлеміндегі 1183 әлеуметтік нысан жылумен қамтылды. Сонымен қатар, облыс орталығындағы 713 және Қазалы ауданының Әйтеке би кентіндегі 67 көпқабатты тұрғын үй жылуға толығымен қосылды.

«Қызылордажылуэлектрорталығы» МКК-нің №6 бу қазандығы және 14 автономды блокты модульді қазандықтар жұмыс істеп тұр. «Оңтүстік қазандық» филиалын­да 2 қазандық, «Қазалы-Теміржолжылу» филиалында 2 қазандық жұмыс істеуде, – деді  Руслан Аймырзаұлы.

«КазТрансГаз Аймақ» АҚ келісімшарт негізінде газ отыны үздіксіз берілуде. Бұдан бөлек 10 күндік авариялық қоры 4,6 мың тонна мазут жасақталған.

«Әлеуметтік желілер арқылы Қызылорда қаласындағы шағын мөлтек аудандар тұрғындары тарапынан әлі күнге дейін жылудың дұрыс берілмеуі, қысымның аз болуы жөнінде арыз-шағымдар көп түсуде. Осыған қарамастан жылу үшін коммуналдық төлемді 10 қазаннан бастап есептейтіндіктерін айтып, наразылықтарын білдіруде. Осы бағытта нақты шаралар қабылдаңыздар», – деді облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова.

Сонымен қатар, Қызылорда қаласы мен аудан әкімдіктері, бюджеттік бағдарлама әкімшілері мен коммуналдық кәсіпорын басшыларына 2020-2021 жылдардағы жылу беру маусымының тұрақты өтуін, отын қоймаларына қажетті көмір көлемінің тұрақты жеткізілуін қатаң тапсырды.

Сөз соңында облыс әкімі «Сұрақтарыңыз бар ма?» деп сұрады. Сол-ақ екен, залда бірнеше секундтық сілтідей тыныштық орнады. Сөзін әрі қарай жалғап әкеткен Әбдіқалықова: «Қазір ескертемін, ұрысып отыратын уақытым жоқ! Жылдың бітуіне аз уақыт қалды. Жылдың есебі бойынша жұмыс істелмесе, әңгіме басқаша болады. Келістік пе?» деді. Осы уақытта барлық басшылар бірдей басын изегендей болды. Мүмкін олай жасамағандары да бар шығар…

Рыскелді  ЖАХМАН

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: