Бұған дейін облыс әкімі Қуанышбек Ысқақов қыстың қақаған суығына қарамастан аймақтың әр қиырындағы ауылдарды аралап, жұртшылықпен жүздесіп қайтты. Арал мен Жаңақорған арасында өңір басшысының табаны тимеген топырақ кемде-кем шығар.
Сейсенбіде Қуанышбек Досмайылұлы мен қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаев қалаға қарасты ауылдарға ат басын бұрды. Мұндағы мақсат – қала іргесінде қоныстанған ауылдағы ағайынның мәселесін тыңдап, саралап, салмақтау.
Алдымен аймақ басшысы Ақжарма ауылдық округіндегі Баймұрат батыр ауылында болды. 2500-ге тарта түтін түтетіп отырған округте ең өзекті ауызсу, кәріз жүйелерінің мәселесі толық шешілген. Бұдан бөлек, өткен жылдың соңында мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында 150 орындық мәдениет үйі пайдалануға берілген. Биыл «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында Талдыарал ауылына 9 көшеге тас төсеу және электр жабдығын жүргізу жоспарланып отыр.
Ауылдық округ ақсақалдары облыс әкімімен кездесуде әлі де шешімін таппаған бірқатар мәселені айтты.
– Ауылдың жағдайы бұрынғыға қарағанда әлдеқайда жақсы. Көптен бері айтылып жүрген мәдениет үйі де ел игілігіне берілді. Жолымыз тақтайдай тегіс. Ендігі бір мәселе, ауылға «көгілдір отын» қажет, – деді ауыл ардагерлері.
– Иә, бұл мәселе біздің де басты назарымызда тұр. Бұйырса, биыл соның жоба-сметалық құжаттарын әзірлесек, келер жылы тиісті жұмыстарды бастаймыз. Ең алдымен, елдің ауызбіршілігі болса, қалған мәселелер өз шешімін таба береді, – деді Қуанышбек Ысқақов.
Бұдан әрі облыс әкімі 6 мыңнан аса тұрғыны бар Ақсуат ауылдық округіне барды. Жалпы, былтырғы жыл ақсуаттықтар үшін табысты өтті. Өйткені, аталған округ облыстағы 264 елді мекеннің ішінде «Үздік ауыл» номинациясын иеленді. Бүгінгі күні мұнда шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 269 бірлікті құраса (92 пайызы белсенді), 54 шаруа қожалық, 209 жеке кәсіпкер жұмыс істеп жатыр. Ақсуаттық ағайын аймақ басшысынан табиғи газдың қашан келетінін сұрады.
– Биыл республикалық бюджеттен Ақсуат ауылдық округін табиғи газға қосу үшін тиісті қаржы қаралды. Алдағы уақытта қажетті құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілетін болады, – деді Қ.Досмайылұлы.
Одан кейін аймақ басшысы төсбөгеттік тұрғындармен тілдесті. Кент тұрғындарының дені жаңадан салынған аумаққа жалпы ұзындығы 17 шақырым электр желісін жүргізу, жаңа емхана мен көшелердегі жолға малта тас төсеу және №5 олимпиадалық резерв спорт мектебіндегі спортшыларға жағдай жасау қажеттігін алға тартты.
Облыс әкімінің сапары бұдан кейін Белкөл кентінде жалғасты. Белкөлдіктерді толғандырған бірқатар мәселелер бар. Атап айтқанда, кент тұрғындары жалпы ұзындығы 7-8 шақырым болатын 10 көшеге орташа жол жөндеу жұмыстарын жүргізу, орталық көшеге жаяу жүргіншілер жолын орналастыру мен К.Әбдіқадыров көшесі тұрғындарына теміржол өткелінен жаяу жүргіншілерге арналған көпір салу мәселесін көтерді. Сонымен қатар, іргетасы өткен ғасырда қаланған «Балапан» балабақшасын күрделі жөндеуден өткізу қажеттігін жеткізді. Аймақ басшысы аталған мәселелер бойынша тиісті шаралар қабылданатынын хабарлады. Ал қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаев:
– Теміржол өткелін салу бойынша министрлікке ұсыныс жасадық. Бұл мәселе біздің жіті назарымызда, -деп атап өтті.
Ал қызылжармалық тұрғындар ауыл маңайына қоныстанушылардың көптігін айтады. Бүгінгі таңда мұндағы халық саны 8 мыңға жетеғабыл. Сондықтан жол мен жарық мәселесі өзекті болып отыр.
– Қызылжарманың солтүстік беткейінде жол мәселесі өте өзекті. Қар еріп, жаңбыр жауғанда аяқ алып жүру мүмкін емес. Одан соң ауылдың бір жақ шетінде жарықтың мөлшері әлі де аз. Кеш батса болды, сығырайып қалатыны бар. Бұдан бөлек, ауылдағы медициналық пункт тар. Ауылдағы ең маңызды мәселелер – осы, – деді ауыл ардагері Қожахмет Ыдырысов.
Сондай-ақ, Қызылжарма ауылына жаңа мектептің қажеттілігі айтылды. Қазіргі күні ондағы 1200 орындық мектепте 2500-ге тарта оқушы оқып жатыр. Аталған мәселеге байланысты қала әкімі Нұрлыбек Машбекұлы:
– 1200 орындық мектеп 2008 жылы пайдалануға берілген. Бүгінде ауылға 900 орындық мектеп салу қажеттілігі туындап отыр. Оның жобасы дайын. Республикалық бюджеттен қаржы бөлінсе, тиісті жұмыстар басталады. Жол мәселесіне келсек. Жасыратыны жоқ, ауылдың барлық көшесін бір күнде жөндеп беруге бюджеттің мүмкіндігі көтермейді. Ауыл әкімі тұрғындармен ақылдасып, осындағы (Қызылжарма ауылы. – ред.) ең маңызды 4-5 көшенің тізімін берсе, қажетті жұмыстарды жүргіземіз, – деді.
Сонымен қатар облыс әкімі Талсуат, Қарауылтөбе, Қызылөзек ауылдық округтерінде болды.
– Мемлекет басшысы жүктеген міндеттердің бірі – елдің ынтымағын сақтау, әлеуметтік жағдайын жақсарту, өңірлерде жұмыс көздерін ашу және инвестиция тарту. Президент бізге елді мекендегі тұрғындардың тұрмысын түзеу, инфрақұрылымды жөндеуді тапсырып отыр. Алдағы уақытта «көгілдір отынға» барлық аудандар мен қалаға қарасты елді мекендер де қосылатын болады, – деді Қуанышбек Ысқақов.
Қала төңірегіндегі ауылдарды аралаған аймақ басшысы елді мекендегі ағайын көтерген мәселелер кезең-кезеңімен шешімін табатынын жеткізді.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!