Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қазақтілді контент өзгереді және өзгертеді

13.02.2020, 10:30 686

Нұр-Сұлтан қаласында өтетін «QazForum – 2020» қазақ тілінде онлайн контент жасау­шылардың IV форумына баруға біз де асықтық, қатыстық. Себеп бар. Ұйымдастырушылар тарапы­нан ұсынылған өтінімді толтырып, грант жеңіп алғанымызды есептемегенде, форумның мақсаты біздің алдағы жұмысымызбен тығыз байланысты еді. Сондықтан болар, «үйренсем, көрсем, білсем» деген ойдың жетегі­нде біраз жүрдім. Ұйымдастырушылардың «Сыр елінен сіз ғана келесіз» деген сөзі өзіме жүктелген жауапкершіліктің қандай екенін ойыма  бір салып қойды. Осылайша, ұялы  телефондағы  ұшу  режимін  алғашқы  рет өз мақсатында пайдаланып, Елорда төріне қазақтілді ел журналистерінің басын қосқан кәсіби  алаңнан  табылдым.

Жалпы, форум  ұйымдастырушылар мен серіктест­ердің сәлемсөзімен ашылса, «Қазақ қоғамына қандай медиа қажет?» деген тақырып­та жалғасты. Одан соң, екінші сессия «Digital дәуірдегі біздің медиа», үшіншісі «YouTube» платформасының әлемдік және жергілікті трендтері» атты тақырыптарға арналды­. «YouTube» блогтар академиясының негізін қалаушы, видеохостингтің ресми серіктес­і Сұңғат Өтеболатов пен «Zertteu research  institute»  ҚҚ  сарапшылары  Ғалымжан Оразымбет, Шыңғыс Уәлиханның семи­нар­лары үшін форум қатысушылары екіге бөлінді.  Ал,  бесінші бөлім «Қазақтілді контентт­і бірге жасайық» деген тақырыпта өтіп, форум  серіктестерінің  бір-бір  өкілі  спикерлер­  қатарынан  табылды.

Форумға  Қазақстанның  біршама  аймағынан 200-ден астам маман қатысты. Бұл бұған дейінгі көрсеткіштермен салыстырғанда рекорд саналады. Жиынды Қазақстан Республикасындағы Америка Кұрама Штаттарының Төтенше әрі Өкілетті елшісі Уильям Мозер мен Қазақстан Баспасөз клубының атқарушы дирек­торы  Сәкен  Балбаев  ашты.

«Қазақта «Алға тартқан озады, кейін кеткен тозады» деген мақал бар. «QazForum» осы көрініске сай маңызды тенденцияларды ескертуді­, жаңа кәсіптік білімнің көкжиектерін зертте­уді, алдағы сынақтар мен мүмкіндіктерге дайын болуды басшылыққа алатынына сенімдімін» деген Уильям Мозер өзін жақсы сезіне­тін осындай ортада отырғанына риза екендігін  жеткізді.

Алғашқы сессияда Қазақстан Баспасөз клубыны­ң атқарушы директоры Сәкен Бал­баев модераторлық қызмет атқарса, Айдос Сарым (саясаттанушы), Ерік Рахым (Nege.kz сайтының бас редакторы), Нұрғали Нұртай (Tarlan.kz сайты­ның бас редакторы), Нұрмұхамед Байғарае­в («Айқын» газетінің бас редакторы), Самат Нұртазалар (саясаттанушы) спикер ретінде­  қатысып, өз ойын ортаға салды.

Одан соң, «Digital дәуірдегі біздің медиа» сессиясы басталды. Сессия модераторы – саясаттанушы Айдос Сарым, спикерлер ретінде Асхат Еркімбай (аймақтық медиа кеңесші, «Internews Kazakhstan»), Айгерім Жұмағұлова («Отырар» медиахолдингінің директоры), Қанат Сахария («Media Holding «Atameken Business» ЖШС бас директоры) және Ержан Қалымбайұлы («ULYS» диджитал журналының бас редакторы) қатысып, қазақтілді онлайн журналистиканы дамыту төңірегіндегі пікірімен бөлісті.

– Тұтастай алып қарасақ, Орталық Азияда теледидар халық үшін негізгі ақпарат көзіне айналып­ отыр. Сондай-ақ, Қазақстанда әрбір екінші адам ақпаратты интернеттен алады, яғни 52,8%-ы қажет ақпаратын интернеттен табады. Ал Тәжікстан мен Өзбекстанда бұл көрсеткіш сәйкесінше 34,9% және 25,5% болып отыр. Бұдан бөлек, қазақстандықтар ақпаратты айналасындағы адамдардан, туған-туысынан және әлеуметтік желілерден біледі. Әсіресе, Қазақстан тұрғындарының 45,5%-ы әлеуметтік желілер­ден ақпарат алады. Тәжікстан мен Өзбекстанда бұл көрсеткіш 15% шамасында екен. Демек, Қазақстан тұрғындарының ақпарат­тық кеңістігіне негізінен осы төрт дүние тікелей әсер етеді, – деп құнды зерттеуін жариялады Асхат Еркімбай.

«Қазфорумның» үшінші сессиясы «YouTube» платформасының әлемдік және жергілікті трендте­рі» атты тақырыбына арналды.

Сессия модераторы – блогер Өркен Кенжебек болса, Александр Аксютиц («Salem Social Media» бас директоры), Жанасыл Болатбек («Atameken TV» интернет-редакциясының бас редакторы), Сұңғат Өтеболатов (YouTube-блогинг­ академиясының негізін қалаушы, YouTube платформасының ресми серіктесі), Игорь Краус («Anima Book» YouTube арнасының авторы), Әлішер Базархановтар («ZTB media» бас директоры) спикер ретінде таңдалған.

Мұнда форум қатысушылары мен спикерлер халықаралық трендтер мен «YouTube» бейне­платформасының ары қарай дамуы туралы сөз қозғады, сұрақ-жауап алды.

Жалпы алғанда форум спикерлері мен қатысушылары контентті дамыту және монетизация, цифрлық дәуірдегі медиа-трансформация және қазақстандық медиакеңістіктің басқа да маңызды мәселелеріне тоқталды. Форум соңын­да іс-шараның серіктестері қазақ тілін­дегі онлайн-контентті жасаушылармен байланыс орнатудың жеке істерімен бөлісіп, қазақ­тілді контентті бірге жасауға шақырды. Ресми бөлім  аяқталғаннан кейін қатысушылар кешті бейресми  жағдайда  жалғастырды.

Қызылорда-Нұр-Сұлтан-Қызылорда

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: