Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Бұл бір күндік мәселе емес

13.02.2020, 10:14 554

ЖАСЫНА  ЖЕТПЕЙ,  ЖАР  АТАНДЫ

Қазіргі өрімдей қазақ қызының өмірі қалай, қайтіп өріліп жүр өзі? Бес саусақ бірдей емес. Сондықтан ала-құла айтуымыз мүмкін. Бірақ, ашық ақпарат көздері біз ойлағандай емес. Керісінше, ойландырып отыр.

Ресми орган мәліметі көңіл көн­шітпейді. Нақтырақ айтқанда, соңғы жылдары бесіктен белі шықпай жатып,­ бас құраған бұрымдылар саны артқан. Еліміздегі ең қазақы өңір саналат­ын Қызылорда облысында 15-17 жастағы қыздар ана атанып үлгеріпті. Тіпті, кейбірі ата-анасының келісімімен азаматтық некеде өмір сүріп жатқан көрінеді. Жасыратыны жоқ, азаматтық некеге қазіргі қоғамда көзқарас әрқилы. Бірі құптайды, енді бірі қарсы. Білетініміз, мұндай өмір салты бұрын-соңды ата-бабамыздың тарихында болмаған. Жә, негізгі айтпақ ойымыз ол емес. Әлгі аузынан ана сүті кеппеген қыздардың осы азаматтық некеде тұруы және оған ата-анасының келісім беруі алаңдатып жатқандықтан айтылған сөз еді. Соңғы жылдары азаматтық неке тұрмақ, мұсылманша неке қидырып, ресми түрде отбасы атан­ғандардың да шаңырағы жиі шайқалып  жүр. Осы  ретте айта кетейік, 2018 жылы облыста 5735 жұп некеге тұрған. Алайда жыл өтпей жатып соның 1708-і ажырасыпты. Яғни 100 некенің 34-і ажырасатыны анықталған.­

Жоғарыда аталған проблеманы шешу үшін қайтпек керек? Оның жауабы­ біреу-ақ. Әр ата-ана үйдегі бойжеткеннің түздегі тірлігін бақса, бұлай болмайтыны белгілі. Мұның соңы отбасындағы тәрбиеге әкеліп тіреледі.

БҰЛ  ҚАТЫГЕЗ  ҚОҒАМ  БА?

Кәмелетке толмағандарға қа­тысты түйткіл мұнымен бітпейді. Былтыр кәмелетке толмағандарға қарсы 67 қылмыс тіркелген. Ең сорақысы сол, 2 кісі өлтіру, 4 денсаулыққа ауыр зиян келтіру, 20 нәпсіқұмарлық сипатындағы, 4 тонау және 14 бұзақылық сынды қылмыстар бар. Бұл – тым күрделі тақырып. Мамандар ата-аналар күнделікті қат-қабат тірліктің кесірінен балалардың араласып жүрген ортасына мән бермейтінін айтады.

БҰЗЫҚ   БАЛА  ҚАЙДАН   ШЫҒАДЫ?

Келесі өзекті мәселе өте күрделі. Өткен жылы кәмелетке толмағандармен жасалған 112 қылмыс тіркелген. Құзырлы орган өкілдері өтпелі кезеңде балалардың қылмысқа баруы от­басыға тікелей байланысты дейді. Нақтыр­ақ айтқанда, қылмыс жасаған бозбалалардың басым бөлігінде отбасылы­қ ахуал жөнді болмағанға ұқсайды. Проблемалардың барлығын ата-анаға тіреп қоюға тағы болмайды. Осы ретте колледж, мектеп әкімші­ліктері олармен психологиялық және тәлімгерлік жұмысты жандандырып, ата-ана тарапынан тәрбиені күшейтудің  маңызы  зор.

Қысқасы, бұл бір күндік мәселе емес. Тақырып мың күндік.

 (Қызылорда  облыстық 

прокуратурасының  ұсынған 

ақпараты  негізінде  әзірленді.)

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: