Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қошқардың салмағы баспақтай…

07.10.2020, 15:20 1354

HALYQLINE.KZ

Отбасылық  кәсіп

«Майдакөл ауылдық округінде орналасқан «Ғибрат» жеке кәсіпкерлігі «Сырдария-1» кредиттік серіктестігі» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінен 20 млн теңге несие алыпты. Бұл қаражатқа 500 бас қой сатып әкеліпті. Оның 481 басы аналық қой болса, қалған 19 басы асыл тұқымды қошқар екен. Несін айтасың, екі жасар қошқарының салмағы анау-мынау баспақтан ірі» дегенді естігенде елең ете қалған едік.

Мұндай жағымды жаңалыққа жөн сұрасуды «мал-жаның аман ба?» деп бастайтын қазекеңнің, оның ішінде есін білгеннен тіршілігі төрт түлікпен тығыз байланысты ауыл баласының қызығушылық танытуы орынды да шығар.

Уақыт оздырмай Бекарыстан би атындағы елді мекеннің тұрғыны, «Ғибрат» жеке кәсіпкерлігінің жетекшісі Ниетәлі Әбдікәрімовке қоңырау шалып, талабына оң болсын айттық. Ниетәлі де ақ ниетімен ақтарылып, шаруа жайын тізбектей жөнелді. Замандасымыз көзін еңбекпен ашқан азамат екен. Совет үкіметі тұсында кеңшарда түрлі жұмыстар атқарыпты. Шаруашылық тараған соң өз бетінше тіршілік етуге көшеді. Бақша да екті, мал да бақты. Көлді тендерден алып, кәсіп те жасады. Уақыт өте атакәсіпке бет бұрды. Жаман болған жоқ. Кәсібінің алға жылжуына мемлекет тарапынан иеленген қаржылай қолдау үлкен септігін тигізді.  

Алдымен 2015 жылы жылқы өсіруге 17 миллион теңге несие алды. Мұнан соң сиыр өсіруге 10 миллион теңге қаржы иеленді. Шаруасы алға басып, мал басы көбейді. Жылқыға алған несиені толық жауып, мүйізді ірі қараға берілген қаражатты да еңсерді. Енді жоғарыда айтып өткеніміздей, қой басын көбейтуге құлшына кірісті. Құлаққа жеңіл естілгенімен астарында телегей төгілген тер, қаншама еңбек жатыр десеңізші… Шіліңгір шілденің аптабында, қаңтардың қақаған аязы, көктем-күздің жауын-шашынында Ниетәлі ғана емес, отбасы мен туған-туыс, шаруашылық мүшелері бел шеше еңбек етіп, ортақ іске үлесін қосты. «Төртеу түгел болса, төбедегі келеді». Ниетәлінің айтуынша, ауызбіршілігі жарасқан шағын ұжымда жалақы уақытылы беріліп, өзге де жеңілдіктер шама-шарқынша жасалады. Ал мұндай қадам еңбек өнімділігін арттырары хақ.

Қазіргі таңда Ниетәлі Әбдікәрімов басшылық жасайтын «Ғибрат» жеке кәсіпкерлігі мүшелері қысқы мал қыстату науқанына әзірлікпен қарбаласып жүр. «Хан шүңгіл» аталатын аумақта жеке кәсіпкерліктің үйі, қора-қопсысы, иелікке қарасты жері, тіпті ауыл шаруашылығы техникасы да бар. Төрт түлікке қажетті шөпті өздеріне тиесілі аумақтағы шабындықтан дайындайды. Ауызсуды қыстау басындағы құдықтан алады. Төрт түлікке суды сол маңайдағы ойпатқа күз мезгілінде су жығып, қыста суат есебінде пайдаланады. Биылғы аяқсудың тапшылығы  шаруашылыққа аздап салмақ түсіріпті. Соның салдарынан шөп көлемі жылдағыға қарағанда аздау әзірленіпті. Десе де, қолдағы малды толық қамтамасыз етеді деген есеп бар. Қыстауда күн сәулесі арқылы берілетін жарық жолға қойылған.

Қазекеңнің мал басы мен бала санын сұрамайтынын ескеріп, күмілжіп қалғанмын. Алайда бұл сауалымның жауабын кәсіпкер жасырмады.

– Бейнетінің зейнетін көргенді кім қаламайды?!. Кәсіп қылған соң қара-құра болғаны жақсы ғой. Ұжымда 4 адам еңбек етеді. Мал басы төлінің есебінен көбейіп жатыр. Осылайша несиені жауып отырамын. Бүгінгі таңда иелігімізде 200-ден астам сиыр, тай-құлынды қосқанда 300-ге тарта жылқы, 20-дан астам нар, аруана, яғни түйе бар. Асыл тұқымды ет бағытындағы қылшық жүнді қошқарды Шымкенттің Ордабасы ауданынан әкелдім. Аналық саулық қойлар – Еділбай тұқымынан. Бір жарым жасар қошқардың салмағы 162 келіні құрайды, – дейді «Ғибрат» жеке кәсіпкерлігінің жетекшісі Ниетәлі Әбдікәрімов.

Жұмабек  ТАБЫНБАЕВ,

Қазалы  ауданы,

Бекарыстан  би  ауылы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: