Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Дүңгендер дүбірі немесе диаспора деген кім?

10.02.2020, 10:48 1049

Сөз басында бірден ашып айтайық! «Біз – көпұлтты және көп дінді елміз» дейтін даңғаза-дауырықпа сөзді бұдан былай ауызға алмайық! Мұндай жалған ұран мен негізсіз әңгіме еліміздің Конституциясына қайшы келеді. Ата заңымызды сыйлайық! Біртұтас ұлттан тұратын унитарлы елміз. Дүнгендердің полицияға бағынбай қол жұмсап, тілдеп айғайға басып жүргендері кешегі бейнежазба арқылы дүйім жұртқа белгілі болды. Бұл – өздері мекендеп отырған ел мен жерді сыйламауы, мемлекетті менсінбей тым шектен шығып басынғандығы екендігін тағы да қайталауға тура келеді.

Біздің полицейлердің оларды тəртіпке шақыра алмай əлі жетпей таяқ жеп жүргендері – өзге ұлттың алдында дəрменсіздік танытулары 30 жыл бойғы авторитарлық режим жүргізген соқыр саясаттың салдары. Барлық келеңсіздік үшін қазақты ғана тұқыртып, өзге ұлт диаспораларын «шаңыраққа қаратуды» ұмыттырып жіберген қателіктің кесірі деп еш мəймөңкесіз турасын айтқан жөн. Заң алдында барлық азамат тең болуға тиіс екендігін іс жүзінде ұстанбаудың ақыры екі ұлттың бірін ашындырса, екіншісін еліртуге дейін жеткізген. Тым жалпақшешейліктің де кері тұстары болады. Парақорлықтың салқыны болуы да ықтимал. Бастысы, əркімнің қоғам алдындағы жауапкершілікті сезінбейтін опасыздығы да əсер етуі мүмкін. Жалпы, əлем елдерінің бəрінде де түрлі ұлт диаспоралары бар. Бір ғана титулдық ұлттан тұратын ел жоқ. Бірақ олардың еш бірі «біз – көпұлтты елміз» деген дарақы даңғаза əңгіме айтпайды, беталды тыраштанып өзгеге жағуға тырыспайды. Далбасалап жүрген біз ғана.

Əлем елдерінің бəрі де өз еліндегі диаспораны кемсітіп қудаламайды. Бірақ ешбəр артықшылық жасамайды, Ассамблея құрып төбесіне шығармайды, саяси құқықтарын тым шектен шығармайды, парламенттен орын бөліп, квота беріп орынсыз қамқорсу да атымен жоқ. Жалпы, диаспора кім? Мен өзім де осыдан отыздай жыл бұрын өзге елдегі диаспора өкілі болған адам ретінде айтайын. Диаспора – белгілі бір елдегі жат жұрт. Қазақ «жат – жарылқамайды, өз өлтірмейді» деп өте тауып айтқан. Шынымен де солай. Бөтеннің аты – бөтен. Неше жерден қамқорлық жасасаң да, олар сырттай күліп тұрса да іштегі қатып қалған тоңының жіби қоюы неғайбыл. Мен Моңғолияда туып-өстім, өте сапалы білім алдым, тəуір қызметте болдым. Тұра берсем, бəлкім ең биік лауазымға жетпесем де вице-министр деңгейіндегі бір саяси тұлға болып та қалар ма едім!? Бірақ, олай болмады қанша баптаса да «орманға қарап ұлитын бөріше» осылай қарай тартып отырдым. Көрдіңіздер ғой, ішімде қандай иттің өліп жатқанын.

Сондықтан, қаласақ та, қаламасақ та Қазақстанда ең негізгі ұлт – қазақ. Өзгелерді өгей сана, өзекке теп деп ешқашан айтпаймыз. Бірақ, тең санайық, талап ортақ болсын, оларды шетқақпайлайтын Халық Ассамблеясын таратайық. Парламенттен 9 орын бөлу де – диаспораны қорлау, бөтен санау. Əлем тəжірибесінде жоқ ондай өнбейтін тірліктен арылайық. Дəл осындай артық-кем қарайтын оғаш əрекет ұлттардың арасына жік салады. Елдегі барлық ұлтты ұйыстырудың бірден бір дұрыс жолы – барлық азаматқа тең қарау.

(Қуандық Шамахайұлының

ФБ парақшасынан алынды.)

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: