Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Фотоға түсуге болмайтын көрнекті орындарды білесіз бе?

14.09.2020, 15:30 1882

HALYQLINE.KZ   Әлемде туристер жиі баратын көрнекі орындар көп-ақ. Барған соң естелік суретке түсіп, одан қала берді әлеуметтік желіге жүктейді де. Бірақ кей көрнекі орындарда суретке түсу мен түсіруге тыйым салынған. Ұлыбританияның The Sun басылымы осындай орындардың тізімін жариялады. Олай болса бұл қатарда қандай музей мен тарихи орындар барын бірге қарап шығайық.

Суретке түсіруге тыйым салу көбіне діни ұғымға байланысты болып келеді. Одан кейін фотоаппарат жарқылы қолөнер туындыларына зиян келтіреді деп шектейтін музейлер де бар. Сондай-ақ, авторлық құқық та суретке түсуге кедергі болуы мүмкін. Қауіпсіздік мәселесі де бар.  

Вестминстер аббаттығы (Лондон)

Лондондағы Вестминстер аббаттығы ішін суретке түсіруге болмайды. Шіркеуде мінәжат ететіндіктен діни сенімдеріне құрметпен қарауды қоштайды. Cуретке түсірмей, аббаттық ішінен ләззәт алу жайын басты мақсат санайды.

Эйфель мұнарасы (Париж)

Париж төріндегі Эйфель мұнарасын түнде суретке түсіру заң қайшы саналады. Себебі ондағы жарық шоуы авторлық құқықпен қорғалған. Ал күндіз суретке қанша түсірсеңіз де, түссеңіз де өз еркіңіз. Бірақ түнде де түскен фото үшін ереже бұзу тіркелмеген.

Ван Гог музейі (Амстердам)

Музейлердің көбінде суретке түсіруге тыйым салынған. Тіпті фотоаппарат жарқылының өзі қолөнер туындысына зақым келтіруі мүмкін. Солардың бірі – Амстердамдағы Ван Гог музейі. Мұнда келген туристерге арнайы селфи бұрышы жасалған. Сонда ғана суретке түсуге болады.

Сикст капелласы (Ватикан)

Италиядағы Қайта өрлеу дәуірінің айрықша ескерткіші. Ғимарат төбесіне әйгілі Микаленджело сурет салған. Капелла қа­бырғаларында Боттичелли, Пинтуриккьо, Пе­руджино, Гир­ландайо сынды суретшілердің де туындылары бар.

Ең бағалы құндылыққа зиян келтірмеудің бар жолы қарастырылған. Ал суретке түсірмеудің тағы бір сыры – шіркеуді жөндеу жұмыстарына жапонның Nippon телеарнасы демеуші болған. Арнайы келісімшарт орнатқан. Бірақ қазіргі таңда уақыты өткенмен, тыйым салынған ережелер сақталып қалған.

Патша аңғары (Луксор)

Мысыр елінің билігі Патша аңғарындағы сарайды суретке түсіруге тыйым салған. Ал өзге жерінде фотоаппарат жарығынсыз суретке түсіруге рұқсат берілген. Ереже ескермегендерді түрмеге дейін жабатын жазасы да бар.

Сакра-Кер (Париж)

Франция астанасындағы шіркеу 1914 жылы салынған. Құлшылық жасайтын қасиетті орын болғандықтан ішінде суретке түсуге рұқсат берілмейді. Ережеден аттағандар ғимараттан шығарылады.

Май Кхао жағажайы (Пхукет)

Туристер асығатын танымал жағажайлардың бірі – Тайландтағы Май Кхао. Бұл жерге демалушылар шомылу үшін емес, көбіне суретке түсу үшін келеді. Онда әуежай демалыс аймағына жақын орналасқан. Сондықтан ұшақтар дәл жағажай үстінен ұшып өтеді. Туристер осы сәтті өз көзімен көріп, естелік суретке түсуге асығады. Ал төмен ұшқан әуе кемесі демалушылар үшін қауіпті-ақ. Суретке түспеу жайлы ережелер ілініп, ескерту айтылғанмен туристер көбіне құлақ аса бермейді. Бірақ жергілікті билік айыптау шараларын жылдан-жылға қатаңдатуда.

Гион Стрит (Киото)

Киотодағы Гион-стритті де фотоға түсіруге болмайды. Онда жұмыс істейтін гейшаларды суретке түсіретін болсаңыз 40 мың теңге шамасында айыппұл төлейсіз.

Анна Франк үйі (Амстердам)

Амстердамдағы Анна Франк үйінде де селфи және суретке түсуге тыйым салынған. Фотоаппарат немесе смартфон жарқылы келгендердің назарын басқа жаққа бұрады деп есептейді.

Тәж Махал (Агра)

Жамуна өзенінің алабынан жоғары жатқан кереметтей, жарқыраған, ұлы ғимарат Тәж Махал кесенесі – Үнді сәулет өнерінің тамаша үлгісі ғана емес, бүкіл жер жүзінің мақтанышына айналған, әлемдегі жеті кереметтің бірі.

Тәж Махал алдында суретке түсуге ешкім кедергі келтірмейді. Ал ішінде естелік фотоға түсе алмайсыз. Селфи жасау, суретке түсу, онда жерленген жандарға құрмет танытпау болып саналады.

Ақпарат дереккөзі: https://massaget.kz/layfstayl/alemtanu/63163/

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: