Қасиетті Құран Кәрімде «Алланың берген жасын ешкім ұзарта да, қысқарта да алмайды» деп жазылғаны белгілі. Десе де, көпшіліктің жанының тіні үзілмеуін, сырқаттанған жақын-жуығының аман қалуын Алладан тілеп, ақ желеңді қауымға зор үмітпен қарайтынын несіне жасырамыз? Оған дәрігерлерді ел ішінде «адам жанының арашашысы» санап, олардың қызметіне «ауған түйенің жүгін басқандай», «шықпаған жанға себепші» деген баға беруі дәлел болады.
Қазалылық дәрігерлердің білігі, кәсіби деңгейі, аудандағы медициналық ұжымдардың озық үлгідегі медициналық құрал-жабдықтармен қамтылуы жақсы деңгейде. Бірде өзге өңірден қыдырып келген дәрігер досым аудандағы денсаулық сақтау саласындағы медициналық құрал-жабдықтарды көргенде сүйсінгенін жасыра алмаған еді. Туған жерін, жерлестерін мақтағанға кім қуанбайды? Мен де желпіне түсіп мейманыма Қазалыда ауданаралық аурухана ғимараты жаңадан салынғанын, алдағы уақытта ауысымына 250 адамды қабылдайтын аудандық емхананың құрылысы басталатынын, Қазалы ауданаралық ауруханасында жаңа технологиялармен жабдықталған «Ангиограф» аппаратының көмегімен жүрек-қан тамырларына ота жасалғанын, осынау заманауи құрылғы елімізде аудандық деңгейде алғаш рет Қазалыда орнатылғанын, осы аппараттың көмегімен енді біздің дәрігерлер көршілес аудандардың тұрғындарына да медициналық көмек көрсете алатынын, басқа да естіген-білген жетістіктерді тізбектей жөнелдім.
Лайықты істі ретімен мақтап, жағымды жаңалыққа шаттанған да жөн. Алайда бұл Қазалы ауданындағы денсаулық сақтау саласында бәрі жіптіктей деген ұғымды білдірмейді. «Ауруын жасырған өледі». Ендеше, көңілде ауыр зардабы қалған қайғылы жайттарды да бүгіп қалмасақ.
Бір сәт «Халық» газеті редакциясының жолдаған хатына (17.01.2020 ж., №5 хаты) облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ж.Абдусаметовтен (27.01.2020, №09-14/379) келген жауапқа назар аударайықшы.
Онда «Қазалы ауданаралық ауруханасында 2020 жылдың 1 қаңтарында жүкті әйелдің қайтыс болуы тіркеліп, мәйіті Сот-медициналық сараптамаға (СМЭ) берілді. Орын алған жағдайға байланысты тиісті органдарға ақпарат ұсынылып, облыстық денсаулық сақтау басқармасының мамандарының қатысуымен талдау жұмыстары жүргізіліп, тиісті шаралар қолданылды.
Сонымен қатар, 2020 жылдың 9 қаңтарында Қазалы ауданы бойынша 1 жасқа дейінгі бір баланың қайтыс болу оқиғасы тіркелініп, мәйітке патологанатомиялық тексеріс жүргізілді. 1 жасқа дейінгі сәбилердің шетінеу оқиғасы 2018 жылы 8,7 промильді құраса, 2019 жылы 8,58 промильді құрап, 0,12 промильге төмендеген. 2018-2019 жылы орын алған жағдайдың барлығына талдау жұмыстары жүргізіліп, Заң аясында мамандарға тиісті шаралары көрілген» деп жазылыпты.
Осы жолдарды оқып отырғанда ақ оранып қимылсыз жатқан ана… жан жарын жоғалтып қайғыдан қан жұтқан азамат… ерте солған қызғалдағын зарлана жоқтаған туған-туыс… асыл анасынан айырылып жанары жәутеңдеген кішкентай сәбидің аянышты бейнесі… бәрі-бәрі… көз алдымнан жылжып өте шықты…
Менің де алқымымды кермек жас буды. Олай болмағанда ше? «Әр қазақ – менің жалғызым» деп ұғатын әрбір адамға мұндай жағдайдың өзекті өртейтіні хақ. Ал, дүние есігін ашып үлгермей жатып қайта сөнген сәби де аса өкінішті. Мүмкін, келешекте еліміздің аспанында жарық жұлдыздай жарқырайтын бір данадан айырылған болармыз, кім білсін?
Жоғарыда жазылғандай, сәбилердің шетінеу оқиғасының төмендегені, Заң аясында мамандарға тиісті шара көрілгені дұрыс та шығар. Алайда сол жүрегіңе қанжардай қадалатын адам өлімінің көрсеткіші, сәби шетінеуі, осындай ауыр ахуалдан соң мамандарға шара қолдану, т.б. мүлде орын алмаса екен. Онсызда ат төбеліндей аз қазақтың жаны түгел малының тұяғы кетілмесе дейміз. Әрине, адам өліміне соққан жайттың себеп-салдары терең зерделенгеніне күмәніміз жоқ. Бірақ… Аяулы жанынан айырылған жандардың қайғысын, жүрегіндегі жарасын кім, қалай жаза алады?
«Сау адамның басында алтын тәжі болады. Оны тек сырқат адам ғана көреді». Денсаулығымыздың сыр бермегеніне, ауырып-сырқай қалған жағдайда ауруханаға үмітпен барып, дәрігерлердің емі дарып, отбасы, жақын-жуығыңмен шаңырағыңда аман-есен қауышқанға не жетсін? Лайым, солай болғай!
Жұмабек ТАБЫНБАЕВ,
Қазалы ауданы
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!