Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Еркектер де өсек айтады

07.09.2020, 16:00 2373

HALYQLINE.KZ «Мен бүгін бір оқиғаға куә болып, еркектер де өсек айтады екен-ау» деген ойға келдім», – дейді әйелім мен жұмыстан келгенде.

Иә, білеміз ғой, екі әйелдің басы қосылса екеуінің өсек айтатыны айдан анық. Екеуі ғана жақсы, қалғандары жаман дегендей…

Ал, еркектер ше?

Сондағы әйелімнің әңгімесі мынау:

«Кеше базар жақтан такси тоқтатып, отыра қалып ем, менімен бірге тағы бір еркек мінді. Жасы 40-тың асты-үстінде. Бағытымыз бір. Ол еркек ақырын әңгімесін бастай кетті.

Ешкім одан сұрамаса да, ажырасқан едім деді де, ары қарай бас салып әйелінің бүкіл кемшілігін айтып жамандай кеткені.

Оған қосылып таксисіміз де өсекке көсіліп кірісті: оның да ішіне толып қапты, ол үйіндегі әйелін жамандауға көшті. «Әйеліме аузын аштырмаймын, ә десе, мә деймін, басыма шығармаймын, күл болмаса бүл болсын, жүрегі ауырмаса атамнан ары, мен оған «қылтамақ» деп ат қойып алғам, тыңдамаймын да, адам ғұрлы көрмеймін» демесі бар ма?

Сөйтіп, алдыңғы екі орында отырған екі еркек жарыса отырып, біреуі тастанды әйелін жамандаса, екіншісі қойнында 20 жыл жатқан әйелін жамандап келді. Тіпті, дауыстары қатты-қатты, екіленіп шығады.

Жолаушы еркек тіпті «әйелім ауру еді, мен оны емдеттім, пәлен ақшам кетті. Бір балам бар, бірақ баласын артына тықсын, алимент те төлемеймін, өзі мысық сияқты» деп барқылдап кетті.

Тіпті бар ғой, бір-біріне сөз бермей, кезек-кезек жамандайды. Бөтен біреуді емес, өз әйелін…

Артта отырған мені ұмытып та кетті. Естіп отырып тіпті ұялады екенсің…

Мейлі, ол қандай әйел болсын, еркекке оны бөтен адамға жамандауға болмайды ғой?!

Мейлі, ажырас, мейлі, жақсы көрме, бірақ ол – сенің өз құпияң.

Өз әйелін жамандаған еркекті бірінші рет көріп, таңғалдым.

Өсек әрине, жаман. Бәрі өсек айтады.
Бірақ осы еркектер әйелден арман өсек айтатын болып кеткен бе?

Мына екі кісінің өсегін ары қарай тыңдай алмай, жолдан ертерек түсіп қалдым. Еркектің өсек айтқаны ерсі көрінеді екен.

Бірақ жолда келе жатып, ойланып қалдым: әй, осы мені де күйеуім таксовайттап бара жатып бөтен еркекке жамандай ма екен деп? 
Бірақ әрине, еркектің де еркегі болады ғой…»

Аян МЫРЗАБЕК

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: