HALYQLINE.KZ Бүгін Қасым-Жомарт Тоқаев сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері жөнінде кеңес өткізді.
Тоқаевқа Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес іс-қимыл агенттігінің, Денсаулық сақтау, Ішкі істер, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі, Қаржы, Ауыл шаруашылығы министрліктерінің басшылары, Шымкент қаласы және Жамбыл облысының әкімдері есеп берді.
Президенттің кеңесте сөйлеген сөзінің мәтіні akorda.kz. сайтында жарияланды.
«Өткен жылмен салыстырғанда жемқорлық әрекеттері үшін жауапқа тартылған адамдардың саны 11 пайызға артқан.
Ашығын айтқанда, қазір күнделікті жаңалықтардан түрлі деңгейдегі шенеуніктердің сыбайлас жемқорлыққа байланысты заң бұзушылықтары үшін ұсталып жатқаны туралы оқитын болдық», – деді Тоқаев.
Сонымен қоса Тоқаев тұрмыстық жемқорлықтың да азаймай тұрғанын, халықтың әжілдіктің барына сенбейтінін мойындады.
«Күнделікті өмірде жемқорлық жағдайларына тап болған жұрт шарасыз күйге түседі, әділдіктің бар екеніне сенбейді.
Пандемиямен жалпы ұлттық деңгейде жаппай күрес жүріп жатқанда пайда табу үшін адам қаншалықты арсыз болуы керек?
Мысалы, Алматыдағы Жетісу ауданы әкімдігінің қызметкерлері азаматтарды блок бекеттен өткізу үшін үнемі пара алып отырған.
Мұндай деректер бірнеше өңірде байқалды. Тіпті, барлық жерде осылай болған шығар деп ойлаймын.
Азаматтарымыз тұрмыстық сыбайлас жемқорлықпен бетпе-бет келіп отырған кезде сіз бен біздің істеп жатқан жұмысымыздың еш тиімділігі болмайды. Ешқандай халықаралық рейтингтің де керегі болмай қалатыны түсінікті.
Түрлі тарту-таралғы беру, сыйлық талап ету, диплом сатып алу – келмеске кетуі керек.
Бұл үшін қоғамда жемқорлықтан жаппай жиренуге қол жеткізуіміз қажет.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Үкіметпен бірлесіп, Тұрмыстық жемқорлықпен күрес жөніндегі жол картасын әзірлеуі керек» деген Тоқаев тиісті органдарға тапсырмалар берді.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!