Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Бақытбек – әлемдік деңгейдегі бокс бапкері

16.08.2020, 10:00 1020

Суретте: Бақытбек Құлбаев және Марина Вольнова

2019 жылдың 8 наурызында аймақтық «Тұран-Қазалы» газетінде Сербияның Сомбер қаласындағы халықаралық жарыстан жеңімпаз болып оралған Гүлсая Ержан туралы «Гүлсаяның гүрзідей жұдырығы» атты мақалам жарияланған болатын. Сол кезде газеттің бас редакторы, КСРО Жазушылар Одағының мүшесі, жазушы-публицист Әлмәмбет Әлішев ағам: «Бақытжан, сен енді бұл қыздың бапкері туралы жаз. Қазалыдан Марина Вольнованың Олимпиада жүлдегері атануы бүкіл республикадағы әйелдер боксына дүмпу әкелді. Қазір қарап көрші қазалылық қазақтың боксшы қыздары халықаралық жарыстарда топ жарып жүр. Бақытбек – әлемдік деңгейдегі бокс бапкері» деген болатын.

Соның сәті бүгін түсіп отыр, бұған дейін Бақытбекпен хабарласқанымда бірде «Алматыда боксшыларды жаттықтырып жүрмін» десе, бірде «Индонезияда халықаралық жарыста Қазақстанның құрамасымен жүрмін» деді. Соңғы рет хабарласып, онлайн түрінде де сұхбат ала берейін дегенімде: «Ағай, сізден ұятты болдым, қазір үйіңізге барамын» деді. Токио Олимпиадасының өзін келесі жылға ауыстырған пандемияға байланысты межелеген жаттығулар да уақытша тоқтап тұрғандықтан Бақытбек Құлбаев Қазалыда болып шықты.

Бақытбектің 10 жасында Серік Қонақбаевтың атағы дүрілдеп тұрған болатын, сол дүмпудің әсерінен қазақтың мыңдаған балалары сияқты бокспен айналыса бастады. Алғашқы жаттықтырушысы – әкесі Жұмабек Құлбаев. Ол – Қазалы қаласындағы №18 балаларға арналған спорт мектебінің директоры. Қазақстан бойынша қазақша күрестен екі дүркін ел чемпионы. Алматыдағы физкультура институтында оқып жүргенде грек-рим және еркін күреспен, бокс, самбо, дзюдомен айналысып жетістіктерге жеткен белгілі спортшы болған дара тұлға.

Одан кейінгі жатықтырушысы есімі елге белгілі марқұм Тарғын Нұралиев болды, осы кезде облыстық және республикалық бокс турнирлерінде топ жарып жүрді. 1995 жылы В.Счастнов атындағы №16 орыс мектебінің 9-сыныбын бітіргесін, Алматы қаласындағы Қажымұқан Мұнайтпасов атындағы олимпиадалық үміткерлер дайындайтын мектеп-интернатына қабылданды. Осы мектеп қабырғасында жүргенде жасөспірімдер арасында өтіп тұрған Алматы қалалық және облыстық, республикалық және халықаралық бокс жарыстарында, біріншіліктері мен турнирлерде топ жарып, бокстан КСРО спорт шеберіне үміткер атанды. Бақытбектің бапкерлері де оң мен сол қолын бірдей қолдана алатын техникасын көріп, болашағынан көп үміт күткен еді. Әттең, жаттығу үстінде сол қолын оқыстан сындырып алуы бапкерлері, бокстан КСРО шебері Сайлаубек Өтегенов және ҚР еңбегі сіңген жаттықтырушысы Алтынбек Бердібековке де, Бақытбектің өзіне де ауыр болды. Дәрігерлер емдеп болған соң, бокспен айналысуға тыйым салуы, бұл 17-дегі жасөспірім үшін де қиынға соқты.

1997 жылы Алматыдағы мектеп-интернатты бітірісімен Қызылорда қаласына келіп, Қорқыт ата атындағы мемлекеттік университетінің эколог инженерлерін дайындайтын факультетке оқуға түсті. Университеттің қабырғасында жүргенде студенттер арасында өтіп тұрған спорттық жарыстардан қалып көрген емес, футбол, волейбол, баскетбол, жүгіру, т.б. сайыстарда оқу орнының намысын қорғап жүрді. Алайда есінен боксты шығарып көрген емес, 2001 жылы диплом алғасын Қазалыдағы спорт мектебіне бокс жаттықтырушысы болып қызметке тұрды, мамандығына сәйкес диплом қажет болғасын Ақтөбе қаласындағы Қ.Жұбанов атындағы университетінде сырттай оқып, дене тәрбиесі және физкультура факультетін бітіріп алды.

Бокспен айналыса бастағандағы өзінің ішкі арманы қазақ халқының атын әлемге танытсам деген ойын, шәкірттерді тәрбиелеу арқылы жетуге болатынын 21 жастағы жас жігіт түсініп, өз ісіне кірісіп кетті.

Өзім бағындыра алмаған олимпиада шыңын шәкірттерім бағындырсын деп, уақытпен де санаспай, жаттықтырушылық жұмысына кірісті, көп ұзамай шәкірттері нәтижеге жете бастады.

Бақытбектің жаттықтырушылығын айтқанда, бірінші кезекте 2012 жылы Лондон Олимпиадасының қола жүлдегері Марина Вольнова есімі аталады. Бақытбек жаттықтырып жүргенде 4 рет республика чемпионы, 2010 жылы Азия чемпионы және әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанды. Сол жылы Бақытбектің еңбегі бағаланып, 30 жасында «ҚР еңбегі сіңген бокс жаттықтырушысы» деген атақ берілді, бұндай атақ ұзақ жылдардағы жатықтырушылығы үшін берілетін. Марина болса бокстан «ҚР еңбегі сіңген спортшы» атағын алды.

Бақытбек жаттықтырған көптеген шәкірттері бокстан спорт шебері атанды, атап айтатын болсақ, Еркін Дүйсенбаев, Баққожа Инатулла, Дәметкен Келімбет, Ақерке Бақытжан, Аида Оңдаш, Гүлсая Ержандар – республикалық чемпионаттың және халықаралық турнирлердің бірнеше рет жеңімпазы атанғандар. Бокстан спорт шеберлігіне үміткерлер Абай Қайырбай, Шыңғыс Боранбаев, Гүлжанат Оңдаш, Арайлым Бақытжан, Таңшолпан Алиева, Таңшолпан Жақанбай, Серікбол Айдар, Мақсұт Алдияр, Қуаныш Бұрхандар – 4 жылда өтіп тұратын оқушылар арасындағы спартакиаданың, республикалық және халықаралық турнирлердің жеңімпазы. Қазіргі кезде осы боксшылар Қазалының атын әлемге танытып, болашағынан үміт күттіріп жүрген спортшылар. «Жүзден жүйірік, мыңнан тұлпар шығады» дегендей, алдағы Токио олимпиадасында чемпион атанып жатса, бір кездегі Бақытбектің басты арманы орындалып, барша қазақ халқы бір қуанып қалар еді.

Сөз соңында, Бақытбек баламыз: – Бақытжан ағай, «генерал болуды армандамаған солдат – солдат емес» – деген сөз бар ғой. Сол сияқты өзім жете алмаған биікті шәкірттерім бағындырып жатыр, дүниежүзі бойынша олимпиададан бастап бокстан өтіп тұратын барлық жарыстарға қатысып, солармен бірге әлемнің көптеген елдерінде болдым. Қандай жетістіктерге жетсем де, әкем Жұмабекке қарыздармын, біріншіден бокстан алғашқы жаттықтырушым болды, жаттықтырушы ретінде ақыл-кеңесін әлі күнге дейін айтып отырады, екіншіден, Маринадан басталған шәкіртерімді Әлем және Азия чемпионаттарына апарарда қаржы жағынан қиналғанда таныстары мен беделін салып демеушілер тауып берді, – деді.

Алғашқы кезде сондай қиыншылықтар болған, қазіргі кезде қаражат жағдайы шешілген.

Бақытбек жиырма жылға жуық олимпиадалық резервтік мамандандырылған балалар мен жасөспірімдердің №17 мектепте қызмет істеп келеді. Осы спорт мектебінің директоры, кезінде өзі де күреспен айналысып, КСРО спорт шеберіне үміткер атанған, қазіргі кезде білікті басшы Қуанған Бәкеновпен тілдескенімде: «Бақытбек Құлбаев есімі елге жақсы таныс, жас та болса бокстан ҚР еңбегі сіңген жатықтырушысы, әйелдер боксының облыс бойынша аға жатықтырушысы, сондықтан шетелдегі жарыстарға қатысатын облыстың әйелдер құрамасын жаттықтыру үшін Нұр-Сұлтан мен Алматы қаласындағы олимпиадалық орталыққа жиі іссапарларда болып тұрады» деп лебізін білдірді.

Бақытжан ТҮМЕНБАЙ,

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі,

Қазалы ауданы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: