Футболды сағындық. Оның ішінде ҚПЛ-ды қатты сағындық. Өзге елдердің чемпионатынан қол үзіп, ел біріншілігін тамашалап жүргенімізге де біраз болды. Жергілікті клубты, яғни «Қайсарды» қолдап стадионнан табылу – міндетіміз деп санайтын жағдайға жеттік. Әлемдік көзқарасты қайта еске салсақ. Футбол – миллиондар ойыны. Талас жоқ. Бірақ, пандемияның салқыны спортқа ғана емес, барлық салаға тиді. Сондықтан, эфирлер футбол матчтарының қайталауынан көз ашпайтын деңгейге келді. Футболшылар үй жағдайында ғана жаттығуға мәжбүр болды. Ең бастысы, жанкүйерлер өзінің сүйікті ойынын тамашалау бақытынан айырылды. Абырой болғанда қазір жанкүйерсіз футбол ойындары бірте-бірте көрсетіле бастады. Екі ортада ҚПЛ да бір ойынын өткізіп, қайта тоқтаған еді. Енді қалай болмақ? «Қайсарда» қандай өзгерістер бар? ҚПЛ қашан жалғасуы мүмкін?
Елдегі карантиндік режимге сәйкес, «қасқырлардың» жаттығу жұмыстарына үзіліс жариялағаны белігілі. Дегенмен, «Қайсар» футбол клубы ел чемпионатынан бөлек, Еуропа лигасында доп тебетін болғандықтан жаттығуға қайта кіріспесе болмайды. Не істеу керек? Қызылордалық команда ойланбастан Шымкент қаласындағы «БИІК» спорттық-сауықтыру базасын көздеді. Көп кешікпей сонда жаттығу жұмыстарын бастады. Футболшылар «БИІК» базасында қатаң режим талаптарын сақтай отырып, дайындығын пысықтап, «Қыран», «Арыс» командаларымен жолдастық кездесу өткізді. Мұның өзі бірнеше ай бойы жаттығудан алыстап қалған футболшыларды ширатып, бой үйретуге ықпалын тигізді.
«Қыранмен» болған тоқсан минуттық тартыста «қасқырлар» 5 доп енгізсе, алаң иелері саналған «Қыран» екі голмен жауап қайтарды. Қорытынды есеп – 5:2. «Қайсар» сапынан Александр Колев қос гол соқса, Асхат Тағыберген, Самат Балымбетов және Мағжан Бауыржан қарсылас қақпасын дәл көздеді. Ал, «Арыс» футбол клубымен өткен жолдастық кездесуде 0:1 есебі тіркелді. Жалғыз голдың авторы – Асхат Тағыберген.
Стойчо Младеновтың шәкірттері 8 тамызға дейін Шымкентте жаттығу жұмыстарын жүргізіп, Оңтүстік астанаға бет алды. Өйткені, ендігі оқу-жаттығу жиындары Алматыда жалғасады.
Айтқандай, «Қайсар» футбол клубы Еуропа лигасының жеребесіне сәйкес үйде ойнайтын болса, оны Шымкент қаласында өткізетіні белгілі. Жанкүйерлер тарапынан «неге, не себепті, неліктен?» деген сауалдардың да қойылатыны және қойылғаны анық.
– Себебі, Ғ.Мұратбаев атындағы орталық стадионына сертификациялау жұмыстары жүргізілген жоқ. УЕФА тарапынан келетін сарапшылар Қазақстандағы карантиндік режиміне байланысты елге келе алмады. Яғни, ережеге сәйкес Қазақстанға шетел азаматтары кіре алмайды. Сондықтан «Қайсар» футбол клубы Еуропа бәсекесін өткізуге екі алаңды ұсынды. Бірі – Алматының Орталық стадионы, екіншісі – Шымкент қаласындағы Қ.Мұңайтпасов атындағы алаң. Еуропа лигасының ұйымдастырушылары Алматы қаласында бірнеше команда ойнайтын болғандықтан, «Қайсардың» өз алаңы есебінде Қ.Мұңайтпасов стадионына таңдау жасады, – деп хабарлайды жергілікті клубтың баспасөз қызметі.
Жалпы, жазғы трансфер есігі ашылған сәтте еліміздің 6 дүркін жеңімпазы «Астана» командасы «қасқырлардың» капитаны Асхат Тағыбергенге көз салған еді. Сол уақытта, кейбір БАҚ өкілдері мен жанкүйерлер футболшыға Елорда клубының «жейдесін кигізіп» жіберген еді. Алайда жағдай мүлдем басқаша. Асхат ұсыныстан бас тартып, өзін түлеткен «Қайсарда» қалуды құп көрген. Капитан ел біріншілігі мен Еуропа лигасында командасын өзі бастап шықпақ.
Сонымен қатар, «Қайсар» жазғы трансферде Қызылорда футбол мектебінің түлегі Елжас Алтынбековты қатарына қосты. Екі маусым талдықорғандық «Жетісудің» намысын қорғаған шабуылшы қызылордалық командаға ел біріншілігі мен Еуропа лигасында қол ұшын созбақ. Елжас алаңда №15 жейдемен өнер көрсететін болады.
Елжастан бөлек, Сербия мектебінің түлегі қызылордалық «Қайсармен» жыл соңына дейін келісімге келді. 31 жастағы жартылай қорғаушы Александр Станиславлевич алаңға №39 нөмірлі жейдемен шығады. Жақында «Каспий» сапынан кеткен ойыншының алғашқы турда «Астана» қақпасына салған голы қызылордалық жанкүйерлердің есінде шығар.
29 шілдеде команданың жаттығуына «Ертістің» қақпашысы Александр Заруцский келіп қосылды. Аталған команданың ҚПЛ-ға қатысудан бас тартқаны белгілі. Сол-ақ екен, Павлодардың экс-клубының ойыншылары жан-жаққа бытырадай босып кетті. Соның ішінде Александр да бар. Ол «Қайсар» сапында №1 жейдені киіп, алаңға шығады.
Жақсы жаңалықтың бірі – «Қайсар» футбол мектебінің түлегі Руслан Маханның Қызылордаға қайта оралғаны. 20 жастағы Русланды 2014 жылы «Қайрат академиясы» алып кеткен болатын. 2016 жылы «Астана» сапына ауысты. Жасөспірімдер және жастар құрамасына шақыру алған. Екінші және бірінші лигада көп жылдар бойы өнер көрсеткен біздің талантты баланы биыл бірінші лигада бақ сынайтын «Байқоңыр» шақырып, өз қатарына қосып отыр. Әрине, бұл – «Қайсар» сапында да доп тебуге таптырмас мүмкіндік.
Трансфер науқанының соңғы күнінде «қасқырлар» Қазақстан жастар құрамасының ойыншысын қатарға қосты. 20 жастағы Дінмұхамед Қашкен бірер жыл Мадридтің «Атлетико» академиясында жаттығып, 2016 жылы «Астананың» қосалқы құрамы және 2018 жылы «Жетісу-Б» клубы сапында өнер көрсетті. Былтыр Испанияның жастар лигасындағы «Касабланканың» және маусымның алғашқы бөлігінде елордалық «Астананың» намысын қорғады. Димаш «қасқырлармен» жыл соңына дейін бірге болмақ.
Әзірге ҚПЛ-дың нақты қай уақытта басталатыны белгісіз. Егер карантин режимі тағы да созылмаса, 19 тамыз күні ел біріншілігінің 4-туры аясында «Қайсар» «Шахтерге» қарсылас атанады. Ойын Алматы қаласында, Тимур Сегізбаев стадионында өтеді деп жоспарланған.
Рыскелді ЖАХМАН
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!