Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қызылордада 31 жоба қолдау тапты

12.08.2020, 9:20 515

HALYQLINE.KZ Бұл туралы бүгін қала әкімдігінің баспасөз орталығында өткен брифингте қала әкімінің орынбасары Бектас Нуридинов мәлімдеді.

Елімізде өңдеуші өнеркәсіп саласын дамыту мақсатында Үкіметпен «Қарапайым заттардың экономикасы» бағдарламасы іске асырылуда. «Қарапайым заттар экономикасын» дамыту — бұл ішкі нарықты отандық тауарлармен молықтыру, ең алдымен, халық тұтынатын тауарларды шығару.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес бағдарламаның қаржы көлемі 1 трлн теңгеге дейін артты. Оның ішінде 200 млрд теңге ауылшаруашылық өнімдерін өңдеуге, 500 млрд теңге ауылшаруашылық өнімдерін өндіруге және 300 млрд теңге өңдеумен қызмет көрсету салаларына бағытталған.

Бағдарламаның несиенің пайыздық мөлшерлемесін субсидиялау бағыты бойынша несие көлеміне шектеу жоқ, сыйақы мөлшерлемесі 6%-ды құрады. Бағдарламаның кепілдендіру бағыты бойынша несие көлемі 3 млрд теңгеге дейін несиенің 50%-на кепілдеме берілсе, 3 млрд теңгеден 5 млрд теңгеге дейін несиенің 30%-ына кепілдеме беріледі.

Аталған бағдарламада азық-түлік тауарлары, азық-түліктен басқа тауарлар оның ішінде киім және аксессуарлар, үйге және кеңсеге арналған бұйымдар, құрылыс материалдары бойынша өндірілетін барлығы 46 тауарлар тобының ішінен 133 экономикалық қызмет түрлеріне басымдық берілген.

«Қарапайым заттар экономикасын дамыту» бойынша басымдық берілген жобаларды жеңілдікпен несиелеу бағдарламасы жүзеге асырылған уақыттан бері қала бойынша жалпы құны 2 млрд 529 млн теңгені құрайтын 31 жоба қолдау алса, оның ішінде ағымдағы жылы жоба құны 391 млн теңгені құрайтын 10 жоба қолдау алды.

Екінші деңгейлі банктермен қаржы ұйымдарында жоба құны 1 млрд 360 млн теңгені құрайтын 5 жобаның құжаттары қаралуда.

Бұдан бөлек, жоба құны 290 млн теңгені құрайтын 4 жобаның құжаттары жинақталуда.

Жоғарыда көрсетілген бағдарлама аясында жүзеге асырылатын жобаларға қалада орналасқан «Өндіріс» индустриялық аймағына орналастыруға мүмкіндік бар. Индустриялық аймақ бюджет қаржысы есебінен қажетті коммуникациялық инфрақұрылыммен қамтамасыз етілді.

Бұдан бөлек, қала кәсіпкерлерінің сұранысына сәйкес, жерді жалға алу немесе сату жөнінде өткізілген аукциондардың нәтижесінде 2019 жылдың қорытындысымен 34 кәсіпкерлік субъектіге 49 мың 600 шаршы метр жер телімі берілді.

Бүгінгі таңда қала аумағында кәсіпкерлерге ұсынылатын жер телімдерінің қоры жасақталуда. Алдағы уақытта аталған жер учаскелері Қазақстан Республикасының қолданыстағы заң талаптарына сәйкес кәсіпкерлерге табысталатын болады.

Қызылорда қаласының әкімдігі тарапынан экономикамыздың ең басты қозғаушы күші саналатын кәсіпкерлік саласын одан әрі қарқынды дамыту үшін кешенді шараларды қабылдап, жаңадан жұмыс орындарын құру, салық базасын кеңейту және қоғамдық тұрақтылықты қамтамасыз ету мақсатында әрбір бастамашысымен қолға алынған жоба нәтижелі және тиімді жүзеге асыру бағытындағы жұмыстарды қатаң бақылауға алып, қолдау көрсетілетін болады.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: