Жаһан еліне тарап кеткен коронавирус індетінің бетін қайтару үшін оған қарсы дәрі-дәрмек, вакцина ойлап табу мәселесін қолға алды. Азуын айға білеген алпауыт елдердің өзі дәрмен таныта алмаған вирустық инфекция оңтайлы ошақ тауып таралғанда төтеп бере алмаған тек Қазақстан емес. Қытай, Ресей, Италия, Америка Құрама Штаттары, Франция, Испания секілді елдердің өзі абдырап қалды. Алқымнан алған ауру медицинасы әлденеше жыл бұрын дамыған, жаңа технологияны ерте игерген алпауыттардың адымын аштырмады. Десек те, пандемияға ұласқан жұқпалы дерттің демін басу үшін вакцина шығару мәселесін алға қойды. Бүгінде бұл тақырып Қазақстан үшін де маңызды. ҚР Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетіне қарасты Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институтының мәліметінше, қазақстандық ғалымдар бұл іске келгенде жұдырықтай жұмылып, іске кіріскен. Іздене келе, ДДСҰ-ның «Covid – 19» инфекциясына қарсы кандидат-вакциналар тізіміне қазақстандық екі өнімнің тіркелгенін аңғардық.
КЕДЕРГІ БАР, КЕПІЛДІК ЖОҚ
Айта кетейік, ҚР Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетіне қарасты Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институтының ғалымдары наурыз айының соңында коронавирусқа қарсы вакцина әзірлеуге кіріскен еді. Мамыр айында ДДСҰ-ға алғашқы отандық өнім тіркеліп, клиникаға дейінгі сынақ жүргізілген. Нәтижесінде аталмыш вакцина пирогенді, иммуногенді параметрлері бойынша халықаралық талаптарға сай келетіні анықталған.
– Аталған вакцина клиникалық сынақтан өткен соң денсаулық сақтау министрлігіне тіркеуге жіберіледі. Сонымен қатар, біздің ғалымдар шілде айының соңғы күндері екінші суббірлікті вакцина әзірледі, ол да дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымында тіркелді. Бұл – біздің ғалымдардың әзірлеген екінші вакцинасы. Сонымен қатар оны әзірлеуге біздің институттың барлық ғалымдары атсалысты. Ал, «вакцина кімдерге егіледі?» деген сұраққа келсек, ол кезде денсаулық сақтау министрлігінің талаптары басшылыққа алынады, – дейді ғылым докторы Е.Әбдірайымов.
Ғылыми-технологиялық үдерістің қарыштап дамыған тұсында кез келген ауруға қарсы көрсеткіші бар препарат ойлап табу мәселеге айналмауы тиіс. Алайда ой мен іспен санаспайтын қисынсыз әрекеттердің кезігуі ноу-хау дүниелердің жолына кедергі келтіруі мүмкін. «Covid – 19» пандемиясы тура осы санатқа жатады. Неге? Өйткені бұл вирустың құрамы өте жылдам өзгеріске ұшырап, қазір дәлелдеген вакцинаны да іске алғысыз ете салуы ғажап емес. Мұны әу баста вирусолог мамандар да айтқан еді. Әйтпесе, вакцина шығару мәселе емес. Бір өкініштісі, вакцинаның вирусқа қарсы қаншалықты төтеп беретініне ешкім кепілдік бере алмайды.
ТЕХНОЛОГИЯ һәм ТӘЖІРИБЕ
Тәжірибелі мамандардың айтуынша, вакцинаны жасаудың түрлі технологиясы, басқа вирустық инфекцияларға жасаған тәжірибелері де бар. Сегіз айдан бері жұрттың дегбірін қашырған коронавирусқа қарсы осы уақытқа дейін дүниежүзінде ешкім вакцина жасамаған. Талпыныс болған, бірақ вирустың табиғатына, ағзаға енгенген кейін иммунитеттің жауабына байланысты сәтсіздіктерге ұшыраған. Бұған дейінгі SARS, MERS инфекцияларына да сәтті вакцина жасалмаған дегенді алға тартып отыр. Тағы бір кедергі, бұл – вирустың өзгергіштігі.
– Вакцина жасау – қиын технология емес, бірақ кейбір вирустық инфекцияларға вакцина жасауда қиындықтар бар. Ол – вирустың өзгергіштігі. Қазіргі тарап жатқан коронавирус осындай қасиетке ие. Қолға алған вакцинаны дайындап болғанша бұл вирус қалыпты түрге айнала ма, әлде тағы да өзгеріске ұшырай ма, ол жағы әзірге белгісіз. Мысалы, қарапайым жедел респираторлы вирусты инфекцияның құрамы жыл сайын өзгереді. Қазіргі кездегі ең маңызды қадам – ауруды емдеу. …Келесі жолы немесе 3-5 жылдан соң да осы тектес вирустар тараса, оған да төтеп бере алатындай вакцина ойлап табу керек. Өйткені оның эволюциясына ілесіп вакцина жасағаннан гөрі бір рет қолданғанда аурудан айығып кететіндей антивирустық препараттың тиімділігі әлдеқайда жоғары. Және ол препарат жан-жағындағы органдарға зиянын тигізбей, тек вирустың функциясын тежеп, тоқтатып, сол арқылы одан әрі таралуына мүмкіндік бермеуі керек. Вакцина вирус өзгеріске ұшырап кетсе, жарамсыз болып қалады. Ал дәрінің айырмашылығы, қолданып, жазылған соң қатарға қосылады, – дейді Қазақстанның микробиология және вирусология ғылыми-өндірістік орталығы вирустар экологиясы зертханасының меңгерушісі, биология ғылымдарының докторы Айдын Қыдырманов.
ДДСҰ ДА АЛАҢДАУЛЫ
Дәл қазір жаһан ғалымдары осы коронавирусқа қарсы вакцина шығаруға жұмыла кіріскен. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бас директоры Тедрос Гебрейесустің айтуынша, бүгінде әлем бойынша коронавирусқа қарсы 160-тан астам вакцина әзірленуде. Өте үлкен ауқымды қамтып тұрған инфекцияны зерттеу мұқият жауапкершілік пен жылдамдықты қажет етеді. Бүгінде Оксфорд университеті жасаған екпе сынақтары оның иммундық реакцияны қоздыратынын мәлімдеді. Ал «Astra Zeneca» компаниясымен Ұлыбританияда 100 миллион доза вакцина жеткізу туралы келісім жасалды. Қытайдағы кей вакцина қауіпсіз және қорғаныс антиденелерін қалыптастыруға төзімділік танытқан.
– Коронавирус туралы ақпарат тарай бастағаннан кей елдер вакцина жасауға бірден көшті. Бүгінде 160 вакцина даярлану үстінде. Бірақ қайсысының бәсі озатынын анық білмейміз. Оған бірнеше ай уақыт керек. Әрине, оның да толық қорғаныс кепілдігі жоқ, сонда да үміт артып отырмыз. Болашақта болуы мүмкін қауіп-қатерлерден әлемдік денсаулық сақтау саласының қорғалмағанына алаңдаймын. 2020 жылдың соңына дейін «Covid – 19» пандемиясына қарсы вакцинаның жүздеген миллион дозасын шығару жоспарда бар, – деді ДДСҰ бас директоры.
2021 ЖЫЛЫ ҚАНДАЙ ВИРУС ТАРАЙДЫ?
Әлемнің түкпір-түкпіріндегі зерттеу топтары мен ғалымдар әзірге коронавирусқа ықтималдығы жоғары вакциналарды шығаруда. Дегенмен, клиникаға дейінгі сынақ нәтижесі вакцинаның қауіпсіз екенін көрсету керек. Егер бұл аурудан гөрі көп проблемалар тудырса, пайдалы болмасы анық. Сондай-ақ, клиникалық зерттеулерде вакциналар адамдарды аурудан қорғайтын иммундық реакцияны қалыптастыруы шарт. Сол кезде ғана әлем тұрғындарының көпшілігіне иммундаудың үлкен логистикалық міндеті туындайды. Әлем сарапшыларының пікірінше, вакцинаны ойлап тапқан күннің өзінде оның сынағы бірнеше жылдарға созылуы керек. Ал зерттеушілер бұған бар болғаны бірнеше ай уақыт жетеді деп отыр. Америкалық сарапшылар вакцина 2021 жылдың ортасында ресми түрде «Sars-CoV-2» деп аталатын жаңа вирус пайда болғаннан кейін шамамен 12-18 айдан кейін қолжетімді болады деп болжап отыр.
ҚАЗАҚСТАН ВАКЦИНАСЫ СЫНАҚТАН ӨТЕДІ
Адамдардың 60-70%-ы вирустың оңай таралуын тоқтату үшін иммунитеттің жоғары болуын басты фактор санайды. АҚШ президенті Д.Трампша айтсақ, «көзге көрінбейтін дұшпанға» қарсы вакцина айналымға енген жағдайда әлемдегі миллиардтаған адам соған мұқтаждар санатында тұр. Ал ол барлық жастағы адамдарды арашалау мүмкіндігіне ие емес. Бұл – америкалық ғалымдардың пікірі. Ал Қазақстандағы жағдай қандай? Бұл туралы ҚР БҒМ Ғылым комитетіне қарасты биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институтының бас директоры Күнсұлу Закарьяның «Қазақпарат» агенттігіне берген сұхбатында айтылыпты.
– Вакцина шығару – Қазақстанның үлкен жетістігі. ТМД елдері ішінде Ресей мен Қазақстан ғана ДДСҰ сайтына осындай вакцинаны тіркей алды. Біздің вакцинаның аталған сайтқа тіркелгені жануарларға тәжірибе жасап көруге рұқсат берілгендігін білдіреді. Ендігі саты – дәрі-дәрмектерге сараптама жасайтын ұлттық орталық. Олар біздің нәтижені тексереді. Қазіргі уақытта сол бойынша жұмыс жүргізілуде. Барлығы сәтті болса, құжаттар денсаулық сақтау министрлігіне жіберіліп, адамдарға тәжірибе жасауға рұқсат алып, қыркүйекте клиникалық тәжірибе жүргіземіз, – дейді институттың бас директоры К.Закарья.
Бұған дейін ҚР Білім және ғылым министрі А.Аймағамбетов Үкіметтің кезекті отырысында «Соңғы жылдары биологиялық қауіпсіздік проблемаларының ғылыми-зерттеу институты аса қауіпті инфекциялар бойынша отандық вакцина дайындаудың 7 түрлі технологиясын енгізді» деген еді. Қазақстанда корнавирусқа қарсы вакцина 65 жастан асқан, жүрек-қантамыр ауруы, созылмалы өкпе, қант диабеті ауруы бар тәуекел тобына енетін адамдарға және медицина қызметкерлеріне, жалпы алғанда 2 миллионнан астам адамға салынады деп болжануда.
Дәл қазір аурудың қарқыны сәл бәсеңдеп, жағдай тұрақталып қалды. Дегенмен, қауіп сейілген жоқ. Мұны үкіметтегілер де мойындап, тіпті дайын отыру қажеттігін ескертті. Статистика әлемнің 126 еліне жайылған аурудың кей жерлерде өршіп тұрғанын көрсетуде. Тәжірибелі, технология тілін жетік меңгерген мамандардың өзі шығарылған вакцинаға сеніп емес, тек үміт артып отыр. «Үмітсіз – тек …».
Н.ҚАЗИҚЫЗЫ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!