Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

115 млн теңгенің жері мемлекетке қайтарылды: сот жеке компанияның жалдау құқығын тоқтатты

28.11.2026, 13:00 31

HALYQLINE.KZ

Павлодар облысында жеке компанияның пайдалануындағы жалпы құны 115 млн теңге болатын жер учаскелері мемлекет меншігіне қайтарылды. Прокуратура аталған аумақтардың нысаналы мақсатына сай пайдаланылмағанын анықтаған. Бұл жерлер Екібастұздағы көмір өндіруші кәсіпорындардың өндірістік инфрақұрылымын дамыту үшін қажет, деп хабарлайды Halyqline.kz.

Облыстық прокуратураның мәліметінше, жер учаскелері «Arman kala Limited» ЖШС-нің жалдауында болған. Алайда тексеру барысында жерлердің белгіленген мақсатта пайдаланылмағаны анықталған. Аталған аумақтар арқылы көмір кен орындарын игеру кезінде аршылған тау жыныстарын тасымалдауға арналған теміржол желілері өтеді. Сондықтан жерді тиімді пайдаланбау көмір өндіретін кәсіпорындардың инфрақұрылымдық жобаларын жүзеге асыруына кедергі келтірген.

Прокуратураның араласуынан кейін жер учаскелерін мәжбүрлеп алып қою туралы сотқа талап арыз берілген. Павлодар облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты 13 шілдеде талапты қанағаттандырса, 14 қазанда апелляциялық сот бұл шешімді өзгеріссіз қалдырған.

— Прокуратураның қадағалау актісі негізінде жер учаскелерін мәжбүрлеп алып қою туралы сотқа талап арыз берілді, — деп хабарлады облыстық прокуратура.

Нәтижесінде жерді жалдау шарттары бұзылып, жалпы құны 115 млн теңге болатын учаскелер мемлекет меншігіне өткен. Прокуратура қабылданған шаралар Екібастұздағы көмір өндіруші кәсіпорындарға қажет теміржол желілері мен өндірістік инфрақұрылымды дамытуға мүмкіндік беретінін жеткізді. Ал жердің бұған дейін қанша уақыт бойы нысаналы мақсатына сай пайдаланылмағаны жөнінде толық мәлімет жарияланбаған.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: