Кез келген тіл – томаға-тұйық жүйе емес, ол қоғаммен бірге дамып, өзгеріп отыратын тірі организм. Бүгінгі күні жаһандану процесі, ақпараттық технологиялар мен әлеуметтік желілердің (TikTok, Instagram, Telegram, т.б.) жедел дамуы қоғамдық өмірге ғана емес, адамдардың сөйлеу мәдениетіне де айтарлықтай өзгерістер енгізді. Бұл өзгерістердің алдыңғы шебінде әрдайым жаңашылдыққа құмар, тілдік динамиканы тез қабылдайтын жастар өкілдері тұрады. Бүгінгі қазақ жастарының тілінде «криндж», «вайб», «краш», «форсить», «токсик» деген сөздер кеңінен белең алуда.
Бұл – жай ғана сән қуу ма? Жаңа сөздер қайдан пайда болады?
Тіл – қоғаммен бірге өмір сүріп, үздіксіз дамып отыратын тірі ағза іспеттес. Қоғамдағы әлеуметтік, мәдени, технологиялық өзгерістер ең алдымен тілдің сөздік қорынан көрініс табады. Жаңа ұғымдар пайда болғанда, жаңа сөздер, яғни неологизмдер туады.
Неологизмдердің пайда болу жолдары үшке бөлінеді:
1. Басқа тілден ену: Қазіргі жастар сленгінің басым бөлігі ағылшын тілінен тікелей немесе орыс тілінің дәнекерлігімен енеді – вайб, криндж, краш, шортс, тренд.
2. Мағыналық жаңару: Тілде бұрыннан бар сөзге жаңа мағына жүктелуі – «улану» – жағымсыз ақпараттан шаршау, «ұшу» – бір нәрседен қатты әсер алу.
3. Сөзжасамдық жол: Шет тіліндегі сөзге қазақ тілінің қосымшасын жалғау – хейттеу, форсить ету, посттау, лайк басу.
Қорыта айтқанда, жаңа сөздердің пайда болуы – тілдің дамуы мен икемділігінің табиғи көрсеткіші. Бірақ бұл процесті тілдік норма, жүйелілік және тіл тазалығы тұрғысынан ғылыми саралап отыру – тіл білімінің басты міндеті.
Әлеуметтік желі – жаңа тілдік орта.
XXI ғасырдағы цифрландыру жастардың қарым-қатынас форматын түбегейлі өзгертті. TikTok, Instagram, Telegram, YouTube тек ақпарат алмасу құралы емес, өзіндік жаңа субмәдениет пен тілдік ортаны қалыптастырды.
Бұл ортада ақпараттың жеделдігі, ықшамдылығы мен эмоционалдылығы басты орынға шықты.
Ғалымдардың атап өтуінше, интернет-коммуникация – ауызша және жазбаша тілдің тоғысқан гибридті түрі. Мұнда жазбаша мәтін ауызша сөйлеудің бейресмилігін, еркіндігін, эмоционалдылығын қабылдайды.
Профессор Ж.Балтабаеваның айтуынша, виртуалды ортадағы қарым-қатынас жастарды дәстүрлі синтаксистік құрылымдардан алшақтатып, ойды барынша қысқа, клиптік форматта жеткізуге дағдыландырады.
Әлеуметтік желінің әсері.
Оң әсері: Ойды жылдам, тапқыр және экспрессивті жеткізу дағдысы қалыптасады. Халықаралық лексикамен танысып, дүниетаным кеңейеді. Тілде жаңа креативті мағыналар мен заманауи метафоралар пайда болады.
Кері әсері: Әдеби тіл нормалары мен орфографиялық ережелер бұзылады.
Сөздік қор азайып, ойды толық әрі жүйелі жеткізу қиындайды. Төл сөздердің орнын шет тілінен енген баламасыз кірме сөздер басады.
Демек, бұл құбылысты тек «тілдің бұзылуы» деп қабылдамай, заманауи лингвистикалық феномен ретінде терең зерттеп, жастар арасында мемлекеттік тілдің тазалығын сақтау мәдениетін қалыптастыру қажет.
Жастар сленгі деген не?
Сленг – белгілі бір әлеуметтік топқа, жас ерекшелігіне тән, әдеби тіл нормаларынан тыс қолданылатын бейресми, экспрессивті сөздер.
«Сленг – тілдегі қарапайым жаргон емес, ол – жастардың психологиялық, эмоциялық жай-күйінің, олардың заман ағымына деген көзқарасының тілдік бейнесі».
Жастар сленгінің үш басты қызметі бар:
1. Экспрессивті-эмоционалдық: Ойды қарапайым сөздерге қарағанда эмоцияға толы жеткізу.
2. Идентификациялық: «Өз адамын» тану құралы. Сленгті білу арқылы жастар белгілі бір топқа жататындығын сезінеді.
3. Коммуникативтік үнемдеу: Күрделі психологиялық жағдайды бір сөзбен – «ол өте токсик», «мынау криндж екен» – деп қысқа қайыру.
Мысалы: База – дұрыс, бұлтартпас шындық; Флекс – мақтану; Сигма – көпшілікке еліктемейтін тұлға; Токсик – жағымсыз, ауыр мінезді адам; Госттеу – ескертусіз байланысты үзу; Ред флаг – қауіпті белгі.
150 оқушы не дейді? Сауалнама нәтижесі
Зерттеу барысында Google Forms арқылы 13-18 жас аралығындағы 150 оқушыдан сауалнама алынды.
1-сұрақ: Сленгті қаншалықты жиі қолданасыз?
— Әрқашан / өте жиі: 58%
— Кейде, тек достар арасында: 34%
— Анда-санда немесе мүлдем қолданбаймын: 8%
Яғни, респонденттердің 92%-ы сленгті күнделікті өмірде белсенді қолданады.
2-сұрақ: Сленгті қайдан үйренесіз?
— TikTok және Instagram – 64%
— Достар мен құрдастар – 22%
— Онлайн ойындар мен Telegram – 10%
— Фильмдер мен шоулар – 4%
3-сұрақ: Не үшін қолданасыз?
— Ойды жылдам әрі қысқа жеткізу үшін – 62%
— Трендте болып көріну үшін – 45%
— Қазақ тілінде дәл осындай эмоцияны беретін сөз таппағандықтан – 38%
— Әдетке айналып кеткендіктен – 24%
Ең жиі қолданылатын сленгтер:
— Вайб – 84% – Көңіл күй, атмосфера
— Криндж – 76% – Ұятты, ыңғайсыз әрекет
— Краш – 71% – Ұнататын, ғашық болған адам
— Токсик – 65% – Мінезі ауыр адам
— Рисс – 52% – Сүйкімділік, арбау қабілеті
4-сұрақ: Сленгтің қазақ тіліне әсерін қалай бағалайсыз?
— Оң бағалаймын – 28%
— Кері бағалаймын – 42%
— Бейтараппын – 30%
Ең маңызды тұжырым – оқушылардың 38%-ы қазақ тілінде бұл сөздердің баламасын білмегендіктен шет тілдік сленгтерді қолдануға мәжбүр екенін айтқан. Демек, мәселе – жастарда емес, баламаның жоқтығында!
Тыйым салмай, балама ұсынайық!
Жастар тіліне еніп жатқан сөздерді толықтай шектеу мүмкін емес. Өйткені тіл тыйымдар арқылы емес, табиғи қажеттіліктер мен баламалар арқылы дамиды.
«Тіл тазалығы – бұл шеттілдік сөздерден мүлдем бас тарту емес, оларды өз тіліміздің икемділігі мен семантикалық мүмкіндіктерін пайдалана отырып, ұлттық дыбыстық және мағыналық қалыпқа түсіру».
Зерттеу барысында 20 сленгтің қазақша баламалар сөздігі жасалды:
Сленг | Мағынасы | Қазақша баламасы
Вайб | Ортаның ерекше көңіл күйі | Көңіл күй, әуен-күй, орта лебі
Краш | Жасырын ғашық болған адам | Ғашық-жан, көзтұтқа, арман-жан
Криндж | Біреу үшін ұялу | Ыңғайсыздық, қысылыс, бетқызар
Токсик | Негатив тарататын адам | Улы мінезді, ащы адам, запыран
Рисс | Сөзбен арбау, харизма | Арбау-күш, сөз-сиқыр, баурау
Госттеу | Байланысты ескертусіз үзу | Ғайып болу, із-түзсіз кету
Ред флаг | Қауіпті белгі | Қауіпті белгі, сақтандыру
Флекс | Мақтану | Шалқу, шендесу, мақтану
База | Бұлтартпас шындық | Тұжырым, нақ сөз, тура сөз
Не істеу керек? 3 ұсыныс
1. Медиаконтентті қазақшаландыру. TikTok, Reels, Shorts-та заманауи қазақша сөздерді мем, тренд ретінде насихаттау. Қазақша баламаларды әзіл, мем форматында вирустық контентке айналдыру.
2. Икемді жаңа сөздер қалыптастыру. Сөзбе-сөз аудармай, мағыналық және экспрессивті тұрғыдан жастарға ұғынықты, «трендтік» баламалар ұсыну.
3. «Таза тіл – сауатты болашақ» акциялары. Мектептерде «Сленгсіз 1 күн», «Эрудит» челлендждерін, пікірсайыс батлдарын ұйымдастыру.
Қорытынды
Жастар сленгі – бұл жай ғана «тілдік шұбарлық» емес, оқушылардың эмоцияны, ортаның атмосферасын жылдам, экспрессивті жеткізуге деген табиғи ұмтылысы.
Сауалнамаға қатысқан оқушылардың 92%-ы сленгтерді қолданатынын, ал 64%-ы бұл сөздерді әлеуметтік желілер арқылы меңгеретінін растады.
Жастар сленгін тиым салу жолдарымен тоқтату мүмкін емес. Басты шешім – қатарластарымның сұранысына сай икемді, жанды, заманауи қазақша баламаларды ұсыну және оларды тілдік айналымға енгізу.
Ізденісімнің нәтижесі ретінде «Жастар сленгінің қазақша-ағылшынша түсіндірме және баламалар сөздігі» құрастырылды.
Тіл тазалығын сақтау – жастарды заманауи үдерістерден оқшаулау емес, керісінше, қазақ тілінің бай қорын заман талабына сай бейімдеп, жастардың өзін ана тілінде еркін әрі заманауи түрде білдіруіне мүмкіндік жасау.
Ж.ҚАЙРАТҚЫЗЫ,
№85 орта мектебінің 9 «А» сынып оқушысы.
Жетекшісі: И.Байбарақова, қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі.
Қармақшы ауданы
Сурет ашық дереккөзден алынды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!