Қызылорда облысы ПД
Қызылорда облысында тоғыз жасар баланың әкесіне тиесілі Toyota Sienna автокөлігін жүргізгені анықталды. Оқиғадан кейін баланың заңды өкілі әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды halyqline.kz тілшісі turkystan.kz сайтына сілтеме жасап.
Оқиға Қызылорда облысының Арал ауданында болған. Кәмелетке толмаған баланың көлік тізгіндеген сәті бейнежазбаға түсіп, әлеуметтік желілерде тараған. Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, тәртіп сақшылары әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізу барысында аталған видеоны анықтаған.
Бейнежазбаны зерделеген полиция қызметкерлері Toyota Sienna минивэнін небәрі тоғыз жастағы бала басқарғанын анықтады. Ал автокөлік оның әкесіне тиесілі болып шыққан. Оқиға күндізгі уақытта болған. Бала көлікпен көшеде жүрген.
Аталған жағдайға байланысты баланың заңды өкіліне қатысты әкімшілік шара қолданылды. Полицияның хабарлауынша, ол баланы тәрбиелеу және оның қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін жауапкершілікке тартылған. Сот заңды өкілге айыппұл салу туралы шешім шығарды. Алайда айыппұлдың нақты мөлшері жарияланған жоқ. Сонымен қатар полиция қызметкерлері отбасы мүшелерімен профилактикалық әңгіме жүргізді.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!