Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Командалық-штабтық оқу-жаттығуы өтті

21.11.2026, 0:37 33

19–20 қараша күндері Қазалы ауданында қысқы кезеңдегі төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жоюға бағытталған «Қыс – 2026» облыстық командалық-штабтық оқу-жаттығуы өткізілді.

Оқу-жаттығуға аудан әкімінің орынбасары Жалғас Сүйеубаев, Қызылорда облысы Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Бекболат Әбдіқадыров бастаған облыстық азаматтық қорғау қызметтерінің өкілдері, аудандық мекемелер мен тиісті сала мамандары қатысты.

Іс-шараның негізгі мақсаты – қыс мезгілінде болуы мүмкін төтенше жағдайлардың алдын алу, азаматтық қорғау қызметтерінің дайындығын пысықтау, жедел әрекет ету және өзара үйлесімді жұмыс істеу қабілетін арттыру.

Саптық қарауға азаматтық қорғау, авариялық-құтқару құтқару қызметтерінен 115 техника, 398 жеке құрам қатысты. Оқу-жаттығу барысында электр сиреналары іске қосылып, құлақтандыру жүйесіне техникалық тексеру жүргізілді.

Оқу-жаттығу аудан аумағында үш кезең бойынша ұйымдастырылды.

Бірінші кезеңде Әйтеке би кенті тұсындағы республикалық маңызы бар автожолда екі көліктің қатысуымен орын алған жол-көлік оқиғасы мен өрт жағдайы пысықталды. Құтқарушылар зардап шеккендерді көліктен шығарып, медициналық көмек көрсету, өртті сөндіру, жолдағы кептелісті тарқату және жолаушыларды қауіпсіз жылыту пункттеріне эвакуациялау жұмыстарын жүргізді.

Екінші кезеңде Қазалы қаласы маңында ауа райының күрт нашарлауына байланысты мал іздеп шығып, хабар-ошарсыз кеткен екі азаматты іздестіру-құтқару жұмыстары ұйымдастырылды. Іздестіру жұмыстарына құтқарушылар, кинологиялық есептоптар, еріктілер, квадроциклдер мен ұшқышсыз ұшу аппараты жұмылдырылып, жоғалған азаматтарды тауып, алғашқы медициналық көмек көрсету шаралары жүзеге асырылды.

Үшінші кезеңде Әйтеке би станциясында Ақтөбе–Алматы бағытындағы жолаушылар пойызынан өрт шыққан жағдай бойынша оқу-жаттығу өткізілді. Бұл кезеңде жолаушыларды қауіпсіз жерге эвакуациялау, өртті сөндіру, зардап шеккендерге алғашқы медициналық көмек көрсету, ауыр жарақат алғандарды ауруханаға жеткізу және эвакуацияланған азаматтарды қажетті жағдаймен қамтамасыз ету жұмыстары пысықталды.

Аталған оқу-жаттығулар барысында азаматтық қорғау қызметтерінің өзара іс-қимылы, күштер мен құралдардың жедел жұмылдырылуы және төтенше жағдай кезіндегі әрекет ету алгоритмдері тәжірибе жүзінде тексерілді.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: