Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қызылордада апта ішінде жол ережесін бұзғандардың саны белгілі болды

18.11.2026, 17:50 35

Қызылорда облысында бір аптаның ішінде жол қозғалысы ережелерін бұзудың 5 мыңнан астам дерегі анықталды. Жол-көлік оқиғаларының алдын алу және жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жүргізілген рейдтік-профилактикалық шаралар барысында жүргізушілердің түрлі құқық бұзушылықтарға жол бергені белгілі болды, деп хабарлайды Halyqline.kz.

Облыстық полицияның мәліметінше, апта ішінде жылдамдықты белгіленген мөлшерден асырудың 1857 дерегі тіркелген. Сондай-ақ қауіпсіздік белдігін тақпауға қатысты 1239 құқық бұзушылық анықталды. Бұдан бөлек, маневр жасау қағидаларын бұзудың 207, қарсы бағытқа шығу және басып озу талаптарын сақтамаудың 39 жағдайы тіркелген. Ал жаяу жүргіншілерге жол бермеген 193 жүргізуші анықталса, тиісті құжаттарсыз немесе көлік басқару құқығынсыз рөлге отырғандардың саны 183-ке жеткен.

Полиция қызметкерлері жол қозғалысы ережелерін сақтамау ауыр жол-көлік оқиғаларына себеп болуы мүмкін екенін ескертеді. Әсіресе жылдамдықты шамадан тыс арттыру, қауіпті маневр жасау және жаяу жүргіншілерге басымдық бермеу жол қозғалысына қатысушылардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіреді.

— Жол ережесін сақтау – әрбір жол қозғалысына қатысушының міндеті. Өз өміріңіз бен өзгенің өміріне бейжай қарамаңыз! — делінген полицияның үндеуінде.

Өңірде жол-көлік оқиғаларының алдын алу, жүргізушілердің тәртібін бақылау және құқық бұзушылықтарды анықтау бағытындағы рейдтік-профилактикалық шаралар жүргізіліп жатыр. Тәртіп сақшылары жүргізушілерді жолда мұқият болуға және қозғалыс ережелерін қатаң сақтауға шақырды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: