Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Украинада соғысқан ресейліктерге Еуропаның есігі жабылуы мүмкін

18.11.2026, 17:35 81

Еуропалық одақ Украинадағы соғысқа қатысқан Ресей азаматтарына өз аумағына кіруге және виза алуға тыйым салуды жоспарлап отыр. Мұндай шектеу Мәскеуге қарсы әзірленіп жатқан санкциялардың 22-пакетіне енгізілуі мүмкін. Бұл туралы мәселеден хабардар дереккөздерге сілтеме жасаған Bloomberg агенттігі мәлімдеді, деп хабарлайды Halyqline.kz.

Агенттік мәліметінше, Еуропалық комиссия Украинадағы соғыс қимылдарына қатысқан ресейліктердің ЕО елдеріне кіруін шектеуді жаңа санкциялар пакетінің негізгі шараларының біріне айналдыруды көздеп отыр. Сонымен қатар бірқатар ресейлік банкке, криптовалюта қызметін көрсететін компанияларға және Ресей мұнайын тасымалдаумен айналысатын «көлеңкелі флоттың» шамамен 65 танкеріне қосымша санкция енгізу ұсынылмақ. Құжатта Ресейдің әскери өнеркәсібімен байланысты ұйымдарға экспорттық шектеулер белгілеу, қару-жарақ өндірісінде пайдаланылатын тауарларды жеткізуге тыйым салу және кейбір порттар мен мұнай өңдеу зауыттарымен операцияларды тоқтату мәселелері де қарастырылған.

Ресейлік әскери қызметшілердің Еуропаға кіруін шектеу мәселесі бұған дейін де талқыланған. Еуроодақтың сыртқы саясат жөніндегі жоғары өкілі Кая Каллас 16 қарашада одақ елдері Украинадағы соғысқа қатысқан ресейліктерге қатысты визалық саясатты қатаңдату мүмкіндігін қарастырып жатқанын мәлімдеді. Оның айтуынша, мұндай азаматтарды анықтау үшін қажетті мәліметтерді жинауға болады. Алайда кейбір мүше мемлекеттерде шектеуді іс жүзінде қалай жүзеге асыруға қатысты сұрақтар бар.

— Ресейдің өзі өте бюрократиялық мемлекет. Сондықтан олардың осы соғысқа қатысқан адамдардың барлығы туралы деректері бар, — деді Кая Каллас.

Еуропалық одақ шілде айында қабылданған санкциялардың 21-пакетінде Украинадағы соғысқа тікелей қатысқан ресейлік әскери қызметшілер мен бұрынғы жауынгерлерге виза бермеудің құқықтық негізін қалыптастырған болатын. Дегенмен бұл шектеуді барлық мүше мемлекетте біркелкі іске асыру мәселесі толық шешілген жоқ. Жаңа ұсыныстар осы тетікті нақтылауға бағытталуы мүмкін. Талқыланып жатқан шаралар Ресейдің барлық азаматына бірдей қолданылатын жалпы визалық тыйым ретінде қарастырылмайды.

Bloomberg дерегінше, жаңа санкциялар Ресейдің қаржы және энергетика секторларына қысымды күшейтуді де көздейді. Еуроодақ Ресей мұнайын халықаралық шектеулерді айналып өтіп тасымалдауға пайдаланылатын кемелерге қарсы шараларды кеңейтуді жоспарлаған. Сонымен бірге әскери мақсатта қолданылуы мүмкін тауарлардың Ресейге жеткізілуіне тосқауыл қою және санкцияларды үшінші мемлекеттер арқылы айналып өту мүмкіндігін шектеу мәселелері қарастырылып отыр.

Бұған дейін Мемлекеттік думаның төрағасы Вячеслав Володин Кая Калластың ресейлік әскери қызметшілер туралы деректерді алуға қатысты мәлімдемесін сынға алған. Ол Еуроодақ өкілін соғысқа қатысушылардың жеке мәліметтерін заңсыз иеленуге ниет білдірді деп айыптады. Ал Брюссель ұсынылып отырған шектеулерді қауіпсіздік мәселелерімен байланыстырып отыр.

Айта кетейік, Еуропалық комиссия санкциялардың 22-пакетін әзірлеу жұмысын жалғастыруда. Bloomberg мәліметіне сәйкес, Еуроодақ құжатты келесі айда қабылдауды көздеп отыр. Әзірге ұсыныстар түпкілікті бекітілген жоқ, олардың мазмұны мүше мемлекеттердің келіссөздері барысында өзгеруі мүмкін.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: