Оңтүстік Кореяда магнитудасы 3,6 болатын жер сілкінісі тіркелді. Бұл ел аумағында және Корей түбегіне іргелес суларда жыл басынан бері болған ең күшті жер сілкінісі саналады, деп хабарлайды Halyqline.kz Yonhap агенттігіне сілтеме жасап.
17 қараша күні жергілікті уақытпен сағат 23:10-да Оңтүстік Кореяның оңтүстік-шығысындағы Солтүстік Кёнсан провинциясында жер сілкінісі болды. Корея метеорологиялық басқармасының мәліметінше, жерасты дүмпуінің эпицентрі Санджу қаласынан солтүстік-батысқа қарай 22 шақырым жерде орналасқан. Жер сілкінісінің ошағы 20 шақырым тереңдікте болған.
Бастапқыда мамандар дүмпудің магнитудасын 3,7 деп бағалаған. Кейін сейсмикалық деректерді қайта талдау нәтижесінде көрсеткіш 3,6 болып нақтыланды. Соған қарамастан, бұл 2026 жылы Корей түбегі мен оған іргелес теңіз аймақтарында тіркелген 58 жер сілкінісінің ішіндегі ең күштісі болды.
Жерасты дүмпулері бірнеше өңірде сезілген. Әсіресе Санджу, Мунгён қалалары мен Солтүстік Чхунчхон провинциясының Боын ауданында сілкіну қарқындылығы IV деңгейге жеткен. Мұндай жағдайда ғимарат ішіндегі адамдар дүмпуді анық сезіп, кейбірі ұйқысынан оянып кетуі мүмкін. Сондай-ақ терезелер мен ыдыстардың дірілдеуі ықтимал.
Ал басқа бірқатар қалаларда жер сілкінісінің қарқындылығы III деңгейде тіркелді. Әлеуметтік желілерде тұрғындар үйлерінде дүмпуді сезгенін және төтенше жағдай туралы ескерту хабарламаларын алғанын жазған.
Yonhap агенттігінің мәліметінше, Солтүстік Кёнсан провинциясының өрт сөндіру қызметіне жер сілкінісін сезген тұрғындардан 16 хабарлама түскен. Алғашқы ақпарат бойынша, зардап шеккендер мен қираған ғимараттар туралы хабар тіркелмеген.
Корея метеорологиялық басқармасы елде магнитудасы 3,5-тен асатын жер сілкінісі соңғы рет шамамен бір жарым жыл бұрын болғанын хабарлады. 2025 жылғы 5 мамырда Тэан маңындағы теңіз аумағында магнитудасы 3,7 болатын дүмпу тіркелген еді.
Мамандардың мәліметінше, 17 қарашадағы жер сілкінісінің эпицентрінен 50 шақырым радиуста 1978 жылдан бері магнитудасы 2,0 және одан жоғары 110 жер сілкінісі болған. Олардың ішіндегі ең күштісі 1978 жылғы 16 қыркүйекте тіркеліп, магнитудасы 5,2-ге жеткен.
Айта кетейік, бұл оқиға Оңтүстік Кореяда жоғары оқу орындарына түсуге арналған ұлттық емтиханға екі күн қалғанда болды. Осыған байланысты жауапты мемлекеттік органдар емтихан кезінде болуы мүмкін төтенше жағдайларға дайындық шараларын назарда ұстап отыр.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!