Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің жас зерттеушілері жылу электр орталығының күл-қалдығы мен Тасбөгет кен орнының шағыл құмын пайдаланып, төсеніш тақтайшаларын өндіру технологиясын әзірледі, деп хабарлайды halyqline.kz тілшісі kazinform.kz сайтына сілтеме жасап.
Жоба авторы Балауса Мұсабек университетте «Құрылыс» білім беру бағдарламасы бойынша білім алып жүр. Ғылыми жетекшісі – PhD, техника ғылымдарының докторы Гүлнұр Жақыпова. Ол бұл ғылыми бағытты 2024 жылы қорғаған диссертациялық жұмысында қарастырған. Ғылыми зерттеу нәтижесін кейін шәкіртімен бірге нақты өндірістік жобаға айналдыруды қолға алды.
Жоба авторларының айтуынша, Қызылорда жылу электр орталығынан шығатын көмір күлі қала сыртындағы аумақтарда жиналып, қоршаған ортаға әсер етеді.
— Күл бетон құрамындағы минералды қоспа ретінде, ал құм майда толықтырғыш ретінде қолданылады. Осылайша қалдық көлемін азайтамыз. Зерттеу нәтижесінде тақтайшаның ең тиімді құрамының сығуға беріктігі 75,42 МПа-ға жетті. Бұл бақылау құрамынан шамамен 23 пайызға жоғары. Сонымен қатар су сіңіру қабілеті төмендеп, қажалуға төзімділігі артты. Аязға төзімділігі F300 көрсеткішіне сәйкес бағаланды, – деді Балауса Мұсабек.
Өнімнің аязға төзімділігін анықтау үшін 45 циклдік сынақ жүргізілді. Бұдан бөлек, материалдың микроқұрылымы арнайы әдістер арқылы талданды.
— Дәстүрлі технологияда бір текше метр өнімнің өзіндік құны 47 238 теңге болса, ұсынылған технологияда – 41 328 теңге. Осылайша әр текше метрден 5 910 теңге үнемделеді. Жылына 10 мың текше метр өнім өндірілсе, жалпы есеппен 59,1 миллион теңге үнемдеуге болады. Жобамыздың тәжірибелік нәтижесі ретінде Қызылорда қаласының сол жағалауындағы тұрғын үйдің ауласына төсеніш тақтайшалары төселді. Бақылау барысында олардың бетінде көзге көрінетін жарықтар мен сынықтар байқалған жоқ. Егер жобамыз қолдау тапса, біз үш жыл бойы келісімшарт негізінде жұмыс істеп, оны өндірісте жүзеге асыра аламыз, — деді студент.
Кейіпкеріміз оны өндіріске енгізбес бұрын зиянды элементтердің шайылуына қосымша экологиялық сараптама жүргізуді жөн санайды. Өндірісті іске қосу үшін арнайы жабдықтармен қамтылған өндірістік желі, өндірістік алаң және бастапқы инвестиция қажет. Содан кейін ғана зертханалық нәтижелерді өндіріс жағдайында сынақтан өткізіп, технологияны қолданысқа енгізу жоспарланып отыр.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!