Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қазақстан Халық Кеңесі жанынан 126 жасты біріктіретін қозғалыс құрылды

16.11.2026, 10:10 83

Қазақстан Халық Кеңесі жанынан еліміздің әр өңіріндегі белсенді жастарды біріктіретін жаңа қозғалыс жасақталуда. Оның жұмысына білім, ғылым, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт және кәсіпкерлік салаларының өкілдері қатысады, деп хабарлайды Halyqline.kz.

Жастар қозғалысына Қазақстанның түрлі өңірлері мен кәсіби салаларынан 126 жасты тарту көзделген. Олар Қазақстан Халық Кеңесінің қазіргі мүшелерімен бірлесіп жұмыс істеп, тұрақты комитеттер мен салалық комиссиялардың қызметіне қатысады. Сондай-ақ жастар саясатына қатысты өзекті мәселелер бойынша ұсыныстар әзірлеуге мүмкіндік алады.

Жаңа бастама алғаш рет 6 қарашада Петропавл қаласында өткен «Ұлттың жаңа болмысы: жастар және азаматтық жауапкершілік» республикалық жастар лагерінде көтерілген. Оны Қазақстан Халық Кеңесінің төрағасы Ерлан Қошанов қолдаған.

Қозғалыс жұмысы «кері тәлімгерлік» қағидатына негізделмек. Яғни Халық Кеңесінің 126 мүшесінің әрқайсысы бір жас қатысушымен серіктестік орнатып, қоғамдық бастамаларды бірлесіп талқылайды. Осы арқылы жастардың ұсыныстарын мемлекеттік деңгейдегі шешімдерді әзірлеу процесіне жеткізу жоспарланып отыр.

Ерлан Қошанов жаңа ұйымның формалды құрылымға айналмай, жастардың нақты бастамаларын жүзеге асыратын алаң болуы керектігін атап өтті. Оның айтуынша, қозғалыс қызметінің нәтижесі өткізілген жиындар санымен емес, қоғам өміріне әкелген нақты өзгерістермен бағалануы тиіс.

Қозғалыс жұмысының негізгі бағыттарының бірі NEET санатындағы, яғни оқымайтын және жұмыс істемейтін жастарды қолдау болмақ. Оларды кәсіптік оқыту, жұмыспен қамту және еңбек нарығына бейімдеу мәселелеріне басымдық беріледі. Сондай-ақ Астанада жүзеге асырылып жатқан JOLTAP жобасының тәжірибесін өзге өңірлерге тарату қарастырылған.

Бұдан бөлек, жастар цифрлық технологияларды дамытуға, ауылдық IT-орталықтардың жұмысына қолдау көрсетуге, сыбайлас жемқорлықтың, есірткіге тәуелділіктің, құмар ойындар мен интернет-алаяқтықтың алдын алуға бағытталған жобаларға қатыса алады. Волонтерлік қызмет, экологиялық бастамалар және жастардың азаматтық белсенділігін арттыру да қозғалыстың маңызды міндеттерінің қатарында.

Қазақстан Халық Кеңесі заң шығару бастамасы құқығына ие болғандықтан, жастар ұсынған өзекті мәселелер сараптамадан өтіп, алдағы уақытта заң жобаларын әзірлеуге негіз болуы мүмкін.

Айта кетейік, Қазақстан Халық Кеңесінің 126 мүшеден тұратын негізгі құрамы Президенттің 2026 жылғы 22 қыркүйектегі Жарлығымен бекітілген. Жастар қозғалысы осы кеңес мүшелерімен өзара жұмыс істеуге арналған жаңа алаң ретінде құрылуда.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: