Қазақстанда магистратураға түсуге ниетті азаматтар арасында педагогика, инженерия және басқару салаларына сұраныс жоғары, деп хабарлайды Halyqline.kz Kazinform агенттігіне сілтеме жасап.
Ұлттық тестілеу орталығының мәліметінше, магистратураға түсуге арналған күзгі кешенді тестілеуге қатысу үшін 9 мыңға жуық өтініш қабылданған. Талапкерлердің басым бөлігі педагогикалық ғылымдар, инженерлік, өңдеу және құрылыс салалары, сондай-ақ бизнес, басқару және құқық бағыттарын таңдаған.

Болашақ магистранттар тестілеуге өтініш беру кезінде білім беру бағдарламасының тобын, оқу бағытын және емтихан тапсыратын тілді көрсеткен. Ұлттық тестілеу орталығы кейбір мәліметтерді кешенді тестілеу басталғанға дейін өзгертуге болатынын хабарлады.
— Даярлау бағытын (бейінді және ғылыми-педагогикалық) және тестілеу тілін кешенді тестілеу басталғанға дейін жеке кабинетте өзгертуге болады, – делінген Ұлттық тестілеу орталығының хабарламасында.
Айта кетейік, күзгі қабылдау кезеңінде магистратураға өтініштер 28 қазан мен 10 қараша аралығында қабылданды. Ал 13 қарашада талапкерлердің жеке кабинеттерінде кешенді тестілеудің өтетін күні, уақыты және орны туралы ақпарат жарияланады.
Ғылыми-педагогикалық магистратураға түсу үшін кемінде 75 балл, ал бейінді магистратураға түсу үшін кемінде 30 балл жинау қажет. Тестілеу қараша–желтоқсан айларында өткізіледі.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!