Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Өнерім – өмірімде, жанарым – жүрегімде

13.11.2026, 9:15 18

HALYQLINE.KZ

Қызылорда қаласында «Өнерім – өмірімде, жанарым – жүрегімде» атты зағип және көзі нашар көретін азаматтар арасында өнерлі жанның талантын танытып, шығармашылық қабілетін шыңдау, сахна төрінде өзіндік қолтаңбасын қалыптастыру мақсатында ән орындаушылар арасында өнер байқауы ұйымдастырылды. Бұл туралы қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі ақпарат таратты.

Байқаудың басты мақсаты – өнерпаздардың шығармашылық әлеуетін таныту, таланттарын дәріптеу, қоғам өміріндегі белсенділігін арттыру және өнер арқылы көрермен жүрегіне жол табу.

Байқау екі кезеңнен тұрды. Алғашқы кезеңде қатысушылар патриоттық бағыттағы әндерді орындап, туған жерге, Отанға деген сүйіспеншіліктерін ән арқылы жеткізді. Екінші кезеңде еркін тақырыптағы әндер шырқалып, өнерпаздар өздерінің орындаушылық шеберлігі мен жеке шығармашылық ерекшеліктерін көрсетті.

Өнер додасына Қызылорда қаласы мен Қазалы, Арал, Жаңақорған, Сырдария, Қармақшы, Жалағаш аудандарынан барлығы 9 өнерпаз қатысып, бақ сынады. Әр қатысушы сахнада өз өнерін ортаға салып, көрерменге ерекше әсер сыйлады.

Қатысушылардың өнерін саралап, әділ бағасын беру үшін қазылар алқасы жасақталды. Қазылар алқасының төрағасы – халықаралық айтыс ақындары мен жыршы-термешілер одағының мүшесі, М.Ералиева мәдениет үйіндегі «Ақ баян» ән үйірмесінің жетекшісі Жұмабай Шерниязов және «Қалалық мәдениет үйі, клубтар және халықтық ұжымдар» мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорынның мәдени ұйымдастырушысы Самал Жұбандықова қазылық етті.

Байқау қорытындысы бойынша жүлделі орындар төмендегідей бөлінді:

І орын – Ержігітова Ақмарал, Қызылорда қаласы.

ІІ орын – Ержеңіс Жалпақов, Арал ауданы.

ІІІ орын – Шұғыла Қалменова, Қызылорда облысы.

ІІІ орын – Айдын Мырзабайұлы, Қазалы ауданы.

Байқау барысында өнерпаздардың ән орындау мәнері, дауыс ерекшелігі, сахна мәдениеті мен орындаушылық шеберлігіне баса назар аударылды.

Өнер додасы көтеріңкі көңіл күй мен ерекше рухани әсерге толы болды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: