Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Президенттік шәкіртақы алса, мемлекеттік төлем неге тоқтайды?

12.11.2026, 19:40 38

Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбекке Қызылорда студенттерінің шәкіртақысына қатысты сауал қойдық.

Бүгін, 12 қарашада ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Орталық коммуникациялар қызметінде ғылым және жоғары білім саласындағы қызметтің негізгі бағыттары туралы брифинг өткізді. Жиын барысында Halyqline.kz редакциясы Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетіндегі Президенттік шәкіртақыны төлеу тәртібіне қатысты сауал қойды.

Мәселе мемлекеттік грант негізінде оқитын студенттердің Президенттік шәкіртақыға ие болғаннан кейін негізгі мемлекеттік шәкіртақысының тоқтатылуына байланысты. Президенттік шәкіртақы студенттің оқу үлгерімі, ғылыми және қоғамдық жетістіктері үшін тағайындалса, мемлекеттік шәкіртақы грант негізінде білім алып, белгіленген талаптарды орындаған студенттерге төленеді.

Осыған байланысты біз Президенттік шәкіртақының негізгі мемлекеттік шәкіртақыны алмастыруы қаншалықты дұрыс екенін сұрадық. Сонымен қатар ақылы бөлімде оқитын студенттердің де Президенттік шәкіртақыға үміткер бола алатынын ескеріп, екі санаттағы студенттерге көрсетілетін қолдаудың айырмашылығы мен қолданыстағы тәртіпті қайта қарау мүмкіндігін көтердік.

Сауалымызға жауап берген ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі Гүлзат Көбенова мемлекеттік және Президенттік шәкіртақылардың екі бөлек төлем екенін айтты.

– Иә, сұрағыңыз орынды. Негізінен алатын шәкіртақы – грант ұтып алып, сол негізде оқу барысында ай сайын алатын шәкіртақысы. Ал Президенттік шәкіртақы оқу үлгерімі мен жетістіктері бар студенттерге беріледі. Сондықтан екі шәкіртақы бөлек, – деді Гүлзат Көбенова.

Дегенмен вице-министрдің жауабында екі шәкіртақының бір мезгілде төлену тәртібі нақты түсіндірілмеді. Өйткені Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде бұрын білім алған студенттердің тәжірибесі басқаша болған. Бұл туралы редакцияға есімін жарияламауды сұраған Қызылорда қаласының тұрғыны айтып берді.

– Мемлекеттік грантқа өз еңбегіммен оқуға түстім. Кейін екі жыл бойы оқу үлгерімім жақсы болып, қоғамдық жұмыстарға белсенді қатысқаным үшін Президенттік шәкіртақыға ие болдым. Бірақ университет бізге мемлекеттік шәкіртақы тоқтатылып, тек Президенттік шәкіртақы төленетінін айтты. Сол кезде Президенттік шәкіртақы шамамен 130 мың теңге, ал негізгі мемлекеттік шәкіртақымыз 37-40 мың теңге болатын. Нәтижесінде тек Президенттік шәкіртақыны алдық. Министрлік өкілі екі шәкіртақы бөлек екенін айтып отыр. Ендеше негізгі шәкіртақымыз неге тоқтатылды? – дейді қала тұрғыны.

Оның айтуынша, бұл мәселе бұған дейін де өзге жоғары оқу орындарының студенттері арасында талқыланған. Солтүстік өңірдегі университеттердің бірінде өткен конференция барысында Президенттік шәкіртақы иегері осыған ұқсас сауал қойған. Алайда содан кейін төлем тәртібінде қандай да бір өзгеріс болғаны туралы ақпарат алмаған.

– Біз Президенттік шәкіртақының көлемі аз деп отырған жоқпыз. Бұл жерде әңгіме ақшаға құнығу туралы емес. Мемлекет студенттерді қолдау үшін қаражат бөліп отыр. Егер екі шәкіртақы екі бөлек мақсатпен тағайындалса, олардың төлену тәртібі де нақты түсіндірілуі керек. Мемлекеттік гранттағы студент өзінің оқу үлгерімі үшін негізгі шәкіртақыны алып жүр. Кейін қосымша жетістіктері үшін Президенттік шәкіртақыға ие болады. Сонда бір жетістігі үшін берілетін қолдау екінші төлемнің тоқтатылуына неге себеп болуы керек? – дейді ол.

Президенттік шәкіртақыны тағайындау тәртібі Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2011 жылғы 7 сәуірдегі №136 бұйрығымен, ал мемлекеттік шәкіртақыларды төлеу тәртібі Үкіметтің 2008 жылғы 7 ақпандағы №116 қаулысымен реттеледі.

Брифинг барысында берілген жауаптан кейін де бірнеше мәселе нақтылауды қажет етеді. Атап айтқанда, мемлекеттік грантта оқитын студент Президенттік шәкіртақыға ие болған жағдайда негізгі мемлекеттік шәкіртақы қандай құқықтық негізде тоқтатылады? Екі шәкіртақының қатар төленуіне заңнамалық шектеу бар ма? Егер мұндай шектеу болмаса, жоғары оқу орындарында бұл төлемдер неге бөлек жүргізілмейді?

Редакция осы мәселегі байланысты құзырлы мекемелерге ресми хат жолдайды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: