Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қазақстан жерді қалпына келтіру көрсеткіші бойынша әлемде үшінші орынға шықты

12.11.2026, 16:30 53

Елімізде 8,13 миллион гектар жерді қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қазақстан бұл көрсеткіш бойынша Қытай мен Моңғолиядан кейінгі үшінші орынға ие болды, деп хабарлайды Halyqline.kz.

Біріккен Ұлттар Ұйымының «Nature’s Comeback» атты алғашқы жаһандық баяндамасына сәйкес, Қазақстан жерді қалпына келтіру ауқымы бойынша әлемдегі жетекші үш мемлекеттің қатарына енді. Қазіргі уақытта елімізде жүргізіліп жатқан жұмыстар республика аумағының шамамен 3 пайызын қамтиды.

Баяндамада келтірілген деректер бойынша бірінші орында 127,4 миллион гектар жерді қалпына келтірумен айналысып жатқан Қытай тұр. Екінші орындағы Моңғолияда бұл көрсеткіш 12,18 миллион гектарды құраса, Қазақстанда 8,13 миллион гектарға жеткен.

Аталған зерттеуді БҰҰ-ның Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы (ФАО), Қоршаған орта жөніндегі бағдарламасы (ЮНЕП) және Биологиялық әртүрлілік туралы конвенция хатшылығы бірлесіп әзірлеген. Құжатта әлемнің 149 елінде жалпы аумағы 252 миллион гектар болатын экожүйелерді қалпына келтіру шаралары жүргізіліп жатқаны көрсетілген.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, елімізде жердің тозу деңгейін анықтау үшін цифрлық мониторинг те кеңінен қолданылып жатыр. 2025–2026 жылдары 114 миллион гектар аумақтың электрондық деградация картасы әзірленген. Жүргізілген зерттеулер нәтижесінде 2,7 миллион гектар ауыл шаруашылығы алқабының тозғаны анықталды.

— Негізгі міндетіміз – тозған жерлерді қалпына келтірумен қатар, топырақтың одан әрі бүлінуіне жол бермеу. Жердің құнарлылығы мен өнімділігін болашақ ұрпақ үшін сақтау қажет, – деп түсіндірді Ауыл шаруашылығы министрлігі.

Жер ресурстарын қорғау бағытындағы маңызды қадамдардың бірі ретінде биыл 8 шілдеде «Топырақты қорғау туралы» заң қабылданды. Құжат топырақтың жай-күйін зерттеу, оны қорғау және қалпына келтірудің құқықтық тетіктерін айқындайды. Қазір министрлік жергілікті әкімдіктермен бірлесіп, өңірлік жоспарларды әзірлеп жатыр.

Айта кетейік, БҰҰ баяндамасында көрсетілген 8,13 миллион гектар толық қалпына келтірілген жер көлемін білдірмейді. Бұл көрсеткіш қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатқан аумақты сипаттайды. Сондықтан алдағы уақытта атқарылған жұмыстардың нақты экологиялық нәтижесін бағалау да маңызды болмақ.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: