Жаңақорған ауданы М.Көкенов атындағы аудандық мәдениет үйінде «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында «Заң мен тәртіп» қағидаты – қауіпсіз қоғам мен саналы ұрпақ қалыптастырудың негізі» тақырыбында кеңейтілген мәжіліс өтті.
Жиынға аудан әкімі Жарқынбек Ғалымжан , аудан прокуроры Бөлеулиев Бахытхан, құқық қорғау органдарының басшылары мен сала мамандары, аудан ардагерлері, білім беру ұйымдарының басшылары, педагогтер, психологтер, әлеуметтік педагогтер және ата-аналар комитеттерінің өкілдері қатысты.
Мәжілісті аудан әкімі Ғалымжан Жарқынбекұлы жүргізіп, қазіргі қоғамдағы өзекті мәселелерге, соның ішінде жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың көбеюі, құқықтық сауаттылықты арттыру, қоғамдық тәртіпті сақтау және өскелең ұрпақ тәрбиесіне кеңінен тоқталды.
Мәжіліс барысында аудан прокуроры Бахытхан Төлегенұлы сөз сөйлеп, заңдылықты қамтамасыз ету, қоғамдық тәртіпті сақтау және құқық бұзушылықтың алдын алу бағытындағы өзекті мәселелерге тоқталды.
Сондай-ақ аудандық полиция бөлімінің бастығы Асылбай Ансатов жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу бағытында атқарылған жұмыстар мен алдағы міндеттер жөнінде баяндама жасады.
Аудан басшысы полиция бөлімінің бастығы Асылбай Шудабайұлына кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында профилактикалық рейдтік шараларды күшейтуді, құқық бұзушылыққа бейім жасөспірімдермен жеке жұмыс жүргізуді және заң аясында тиісті шаралар қабылдауды тапсырды. Сонымен қатар мектеп инспекторларының штат санын көбейту жөнінде ұсыныс білдірді.
Аудандық білім бөлімінің басшысы Жанболат Ахметжанов мектептердегі тәрбие жұмысының сапасы, оқушылардың сабаққа қатысуы, бос уақытын тиімді ұйымдастыру, ата-аналармен байланыс және тәуекел тобындағы балалармен жеке жұмыс жүргізу мәселелері бойынша баяндады.
Аудан басшысы білім беру ұйымдарында ата-аналармен түсіндіру жұмыстарын күшейтіп, учаскелік полиция инспекторларымен бірге профилактикалық жұмыстарды жандандыру қажеттігін атап өтті.
Жиын қорытындысымен жауапты сала басшыларына кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу, жасөспірімдердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету және құқықтық тәрбие жұмыстарын күшейту бағытында нақты тапсырмалар жүктелді.
Жиын соңында зиялы қауым өкілдері өз пікірлерін білдіріп, жас ұрпақ тәрбиесіндегі отбасы, мектеп және қоғам жауапкершілігінің маңыздылығына тоқталды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!