Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Шиеліде кітап оқу мәдениеті дамуда

11.11.2026, 9:29 21

Шиелі ауданы Руханият орталығының кітапхана залында аудан әкімі Айтбай Жандарбеков аудандық мемлекеттік қызметшілермен бірге республикалық «Кітап оқитын ұлт» кітап оқу марафоны аясында кітап оқып, рухани-танымдық шараға қатысты.

Кездесу барысында аудан әкімі кітаптың адам өміріндегі маңызына тоқталып, кітап оқу — білім мен парасаттың, рухани кемелдену мен тұлғалық дамудың басты кілті екенін атап өтті.

-“Кітап – адамзаттың ғасырлар бойы жинақтаған асыл қазынасы, білім мен тәрбиенің қайнар көзі. Кітап оқыған адамның ой-өрісі кеңейіп, дүниетанымы тереңдейді, сөздік қоры молаяды. Әсіресе, мемлекеттік қызметшілер үшін үздіксіз ізденіс пен білімін жетілдіру аса маңызды. Себебі білікті маман болу үшін кәсіби біліммен қатар, кең дүниетаным мен терең пайым қажет. Сондықтан кітап оқуды күнделікті өмір салтымызға айналдыруымыз керек”, – деді аудан әкімі.

Айта кетейік, Мемлекет басшысының кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру жөніндегі шаралар туралы Жарлығы аясында елімізде кітап оқуға деген қызығушылықты арттыруға бағытталған бірқатар бастамалар қолға алынуда. Соның бірі – «Кітап оқитын ұлт» республикалық марафоны. Бұл бастама қоғамда оқу мәдениетін орнықтырып, білімді әрі бәсекеге қабілетті ұлт қалыптастыруға бағытталған.

Бүгінде Шиелі аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінде оқырмандарға сапалы қызмет көрсету, кітап қорын толықтыру және рухани-мәдени ортаны дамыту бағытында жұмыстар жүргізілуде. Қазіргі таңда кітапхана қоры 65 мың дананы құраса, кітап берілімі 87 049-ға жеткен.

@Шиелі ауданы әкімінің баспасөз қызметі

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: