Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Мал ұрлағандар ұсталды

10.11.2026, 11:00 22

Павлодар облысының Екібастұз өңірінде бірнеше ай бойы тұрғындардың малын ұрлап келген деген күдікпен төрт адам ұсталды. Полиция олардың 40-қа жуық ұсақ малды ұрлау дерегіне қатысы болуы мүмкін екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Halyqline.kz.

Криминалдық полиция қызметкерлерінің мәліметінше, күдіктілер жергілікті тұрғындардың малын жүйелі түрде ұрлап отырған. Бірнеше айға созылған жедел-іздестіру шаралары барысында олардың жеке бастары анықталған. Ұсталғандардың барлығы Павлодар облысының тұрғындары болып шықты.

— Жедел-іздестіру іс-шараларының кешені барысында барлық күдіктінің жеке басы анықталды. Олардың облыс тұрғындары екені белгілі болды. Тінту жүргізу кезінде төрт бас ұсақ мал және қылмыс жасауға пайдаланылған өзге де заттар табылып, тәркіленді, – деді Павлодар облысы Полиция департаменті Криминалдық полиция басқармасының бастығы Жаслан Таңжанов.

Қазіргі уақытта төрт күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалған. Оларға қатысты тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Полиция ұрланған малды іздестірумен қатар, ұсталғандардың осыған ұқсас басқа да қылмыстарға қатысы бар-жоғын тексеруде.

Тәртіп сақшыларының айтуынша, ауыл тұрғындары үшін мал негізгі күнкөріс пен табыс көздерінің бірі саналады. Сондықтан әрбір ұрлық дерегін ашу және келтірілген залалды өтеу мәселесі ерекше бақылауда.

Тергеу барысы Павлодар облысы Полиция департаменті басшылығының бақылауына алынған. Күдіктілердің кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен анықталуға тиіс.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: