Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Ермұрат Бапи саяси мансабын не үшін 2029 жылы аяқтайтынын айтты

09.11.2026, 16:20 28

HALYQLINE.KZ

Халық кеңесінің мүшесі Ермұрат Бапи Adal Adam YouTube арнасына берген сұхбатында қазіргі күнкөрісі, зейнеткерлік өмірі және саяси мансабын қашан аяқтайтыны туралы айтты.

Сұхбат барысында журналист Дәурен Сейітжанұлы одан қазіргі табысы мен зейнетақысы туралы сұрады.

«Иә, менің зейнетке шыққаныма төрт жыл болды ғой. Бұл тұрғыда мен енді мұқтажбын деп айта алмаймын. Бірақ бұл жерде қаржыдан гөрі менің қажеттілігім маңызды. Өзімді әлі де қоғамға, елге, мемлекетшілдік мәселелерге қажетпін деп есептеймін. Менің ол тұрғыдағы потенциалым бар деп ойлаймын. Оны өзім әлі де пайдаланғым келеді», — деді Ермұрат Бапи.

Оның айтуынша, басты мақсаты – 2029 жылы өтетін президент сайлауына дейін қоғамдық-саяси қызметін жалғастыру.

«Ең басты дүние – мен 2029 жылға дейін, 2029 жылы осы келетін үшінші президентті сайлап тастағанға дейін қызмет еткім келеді. Содан кейін барып, 2029 жылы 70-ке толамын. Сонымен, «Прощай, Ешмұрат!» болады. Менің бір ауылдасым бар еді, қазір марқұм болып кетті. Өзі бір қызықтау адам болатын. Үйге келеді де, амандасып, «Қалың қалай? Жақсы ма? Бәрі дұрыс па?» деп сұрайды. Сосын «Ал, прощай, Ешмұрат!» деп кетіп қалатын. Сол сияқты мен де 2029 жылы «Прощай, Ешмұрат!» деймін.

Бірақ оған дейін сол президент сайлауын өткізу ісінің бір пұшпағында, бір бұрышында жүрсем деймін. Өйткені ертең елдің тағдыры кімнің қолына өтеді? Мемлекетті кім басқарады? Бұл – өте маңызды мәселе.

Қазір әлемде неше түрлі әумесер, әпербақан президенттер билікке келіп жатыр ғой. Мен еліміздің тағдыры сондай әпербақандардың қолына түсіп кетпеуі үшін өз үлесімді қосқым келеді. Соған жол бермеудің бір амалын жасауға атсалыссам деген ойым бар, — деді ол.

Осы тұста Дәурен Сейітжанұлы «Саяси карьераңызды 2029 жылы аяқтайсыз ба?» деп нақтылады.

«Сонымен аяқтаймын деген ойым бар. Ары қарай енді кітап жазу деген ой бар. Ар жағы, бұйыртса, ғұмыр берсе», — деп жауап берді ол.

Сұхбаттың толық нұсқасы Adal Adam YouTube арнасында жарияланды.

Фото: adaladam.kz

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: