«Республикалық маңызы бар «Қарабұтақ – Қызылорда – Шымкент» автомобиль жолының 1410–1412, 1423–1428 және 1430–1433 шақырымдар аралығындағы учаскелері пайдалануға берілді, деп жазады Арал ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі.
Маңызды инфрақұрылымдық жобаның жүзеге асырылуы өңірдің көлік қатынасын жақсартуға, жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыруға және елді мекендер арасындағы байланысты нығайтуға мүмкіндік береді.
Салтанатты іс-шараға аудан әкімі Аманжол Оңғарбаев, «ҚазАвтоЖол» Ұлттық компаниясы» АҚ Қызылорда облыстық филиалының басшысы Жасұлан Керімқұлов, автожол саласының өкілдері, мердігер мекеме қызметкерлері мен аудан тұрғындары қатысты.
Іс-шара барысында аудан әкімі Аманжол Сақыпұлы мен «ҚазАвтоЖол» Ұлттық компаниясы» АҚ Қызылорда облыстық филиалының басшысы Жасұлан Махамбетұлы құттықтау сөз сөйлеп, жол инфрақұрылымын дамыту ел экономикасының өркендеуі мен тұрғындардың өмір сапасын арттырудағы маңызды бағыттардың бірі екенін атап өтті.
Сондай-ақ автожол саласының дамуына және аталған учаскелердегі жұмыстардың сапалы орындалуына үлес қосқан сала мамандары мен мердігер мекеме қызметкерлеріне облыс және аудан әкімінің алғыс хаты мен Қазақстан Республикасы Көлік министрінің Құрмет грамотасы және алғыс хаты табысталып, құрмет көрсетілді.
Айта кетейік, жоба аясында автомобиль жолының бірнеше учаскесіне орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Аталған жұмыстарды жергілікті «Арал құрылысы» ЖШС сапалы орындап, нәтижесінде жолдың жаңартылған бөліктері пайдалануға берілді. Бұл жол – инфрақұрылымын жақсарту бағытындағы маңызды жұмыстардың бірі.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!