Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қызылордада жасанды интеллект институтында 345 студент білім алуда

05.11.2026, 12:50 79

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің Жасанды интеллект институтында 345 студент білім алып жатыр. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде Президент Жолдауының жастарға қатысты басым бағыттарын жүзеге асыру мәселелеріне арналған брифингте айтылды, деп хабарлайды Halyqline.kz.

Баспасөз конференциясына Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің тәрбие және әлеуметтік жұмыс жөніндегі проректоры Уәлихан Ибраев пен қалалық Жастар ресурстық орталығының директоры Медет Жорабек қатысты. Спикерлер жастардың сапалы білім алуына жағдай жасау, ғылыми зерттеулерді дамыту, жұмыспен қамту және қоғамдық белсенділікті арттыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады.

Уәлихан Ибраевтың айтуынша, университетте Мемлекет басшысының Жолдауында белгіленген міндеттер аясында заманауи мамандар даярлауға басымдық берілген. Оңтүстік Кореяның Сеул ұлттық ғылым және технологиялар университетімен бірлесіп құрылған Жасанды интеллект институтында студенттер киберқауіпсіздік, ақпараттық жүйелер және деректерді басқару бағыттары бойынша оқып жатыр. Сонымен қатар жоғары оқу орнында ғылыми жобаларды жүзеге асыру мен дарынды жастарды қолдау жұмыстары жүргізілуде.

— Жасанды интеллект институтында 345 студент білім алуда. Сонымен қатар университет ғалымдары Арал өңірінің тұзданған топырағында дәндік құмай сорттарын сынау бойынша гранттық жобаны жүзеге асырып жатыр. 2026–2027 оқу жылына дарынды жастарға 125 ішкі білім гранты бөлінді. Студенттердің қоғамдық белсенділігін арттыру мақсатында 22 жастар ұйымы жұмыс істейді, – деді Уәлихан Ибраев.

Брифингте жастарды жұмыспен қамту, әлеуметтік қолдау жүйесін жетілдіру және қоғамдық өмірге тарту мәселелері де талқыланды. Қалалық Жастар ресурстық орталығының директоры Медет Жорабек Президент Жолдауында көрсетілген әлеуметтік-экономикалық бастамалардың жастар үшін маңызына тоқталды. Оның сөзінше, жаңа жұмыс орындарын ашу, цифрландыру мен жасанды интеллектіні дамыту жастардың кәсіби мүмкіндіктерін кеңейтуге ықпал етеді.

— Мемлекет басшысының биылғы Жолдауында халықтың әл-ауқатын арттыру, ең төменгі жалақы мөлшерін көтеру, әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту және жаңа жұмыс орындарын ашу мәселелеріне ерекше назар аударылды. Сонымен қатар 2027 жылды Жалпыұлттық ауқымды құрылыс жылы деп жариялау бастамасы көтерілді. Жастар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыру, құқық бұзушылықтың, нашақорлықтың, лудомания мен интернет-алаяқтықтың алдын алу, олардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру маңызды, – деді Медет Жорабек.

Оның айтуынша, жастардың білімге, еңбекке, спортқа және қоғамдық бастамаларға белсенді араласуы өңірдің дамуы үшін маңызды. Осы бағытта «Таза Қазақстан» бастамасы мен «Заң мен тәртіп» қағидаттарын жастар арасында кеңінен насихаттауға көңіл бөлінуде.

Жиын соңында спикерлер Президент Жолдауында белгіленген міндеттерді жүзеге асыруда білім беру ұйымдары мен жастар орталықтарының өзара байланысын нығайту, жастардың кәсіби және шығармашылық әлеуетін қолдау жұмыстары жалғасатынын атап өтті.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: