Ұлттық мереке – Республика күніне орай Сырдария ауданының орталық алаңында мерекелік гала-концерт өтті. Салтанатты кешке аудан әкімі Берік Сәрменбаев қатысып, мерекелік кештің куәсі болды.
Аудан әкімі тұрғындарды Республика күнімен құттықтап, бұл мерекенің ел тарихындағы айрықша орнына тоқталды.
Сіздерді ұлттық мереке – Республика күнімен шын жүректен құттықтаймын! Бұл күн – еліміз үшін тарихи күн. 1990 жылғы 25 қазанда қабылданған Қазақстанның Мемлекеттік Егемендігі туралы Декларация қастерлі Тәуелсіздігімізге жол ашты. Осы кезден бастап демократиялық қоғам құру мақсатында ел ішіндегі қоғамдық-саяси құрылымға өзгеріс енгізіле бастады. Бұл акт арқылы әлем картасындағы жаңа мемлекет – Қазақстан Республикасының негізі қаланды. Сондықтан бұл тарихи құжаттың еліміз үшін, мемлекеттің әрбір азаматы үшін мән-маңызы зор. Бүгінгі таңда еліміздің ең басты байлығы – бейбітшілік пен ынтымақ, елдің тұтастығы. Осы баға жетпес құндылықтарымызды қадірлеп, бірлігімізді бекемдей білсек, еліміздің мерейі қашан да үстем болады. Баршаңызға егемендігіміздің бастауы болған Республика күні тағы да құтты болсын! — деді Берік Әбдіғаппарұлы.
Гала-концертте «Сырдария» квартеті, жас әнші, эстрада жұлдызы Alham және аудан өнерпаздары өнер көрсетіп, көрермендерге көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
Өнерпаздардың әсем әндері мен әсерлі орындаулары мерекелік кештің ажарын ашып, орталық алаңға жиналған жұртшылыққа ерекше рухани әсер сыйлады.
Сырдария ауданы әкімінің баспасөз қызметі
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!