Жаңақорған ауданы “Руханият” орталығында Ұлттық мереке Республика күніне орай «Тәуелсіздік тұғыры – Республика» атты салтанатты іс-шара өтті.
Салтанатты жиында аудан әкімі Жарқынбек Ғалымжан аудан тұрғындарын мерекемен құттықтап, Республика күнінің тарихи маңызы мен тәуелсіздіктің қадір-қасиетіне тоқталды.
«Республика күні — халқымыздың рухын көтеріп, елдігімізді нығайтатын, бірлігімізді бекемдеп, ынтымағымызды арттыратын айшықты мереке. Биыл еліміздің Тәуелсіздік алғанына 35 жыл толып отыр. Осы тарихи кезеңде еліміз әлемдік қауымдастықта өзіндік орны бар, саяси тұрақтылығы мен экономикалық әлеуетін нығайтып келе жатқан мемлекетке айналды. Елдің даму көшінде жаңақорғандықтардың да өзіндік үлесі бар.
Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың, Үкіметтің және өңірімізді төрт жылдам астам уақыт басқарған Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Нұрлыбек Машбекұлы мен аймақ басшысы Мұрат Нәлқожаұлының қолдауымен 2026 жылы аудан бюджеті 13 млрд. теңге болып бекітілсе, есепті кезеңде нақтыланған бюджет көлемі 18,2 млрд. теңгеге жетті.
Бұл ауқымды қаражаттың барлығы аудандағы ең өзекті деген мәселелерді шешуге, тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға, ауқымды инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруға бағытталуда. Жылдың тоғыз айындағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары бойынша негізгі макроэкономикалық көрсеткіштерде оң серпін қалыптасты. Біздің қол жеткізген оң көрсеткіштеріміз бен нәжижелі жұмыстардың барлығы – бекем бірлігіміз бен тату тірлігіміздің арқасында жасалуда. Сондықтан туған жеріміздің көркеюіне үлес қосып жүрген әрбір азаматқа шынайы алғысымды білдіремін.», – деді аудан басшысы.
Мерекелік шара аясында ауданның дамуына және оның өркендеуіне елеулі үлес қосқан бірқатар азаматтар облыс, аудан әкімінің «Алғыс хатымен» «Жаңақорған ауданының дамуына қосқан үлесі» үшін төсбелгісімен марапатталды.
Шара соңы аудандық мәдениет үйінің өнерпаздарының мерекелік концерттік бағдарламасына ұласты. Өнер иелері патриоттық әндер мен әсем әуендер арқылы көрерменге көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!