Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Тұғыры биік Қазақстан!

23.10.2026, 20:15 28

HALYQLINE.KZ

Қазалы ауданында 25 қазан – Республика күніне орай «Тұғыры биік – Қазақстан!» атты салтанатты іс-шара өтті. Мерекелік жиынға аудан әкімі Алмасбек Есмаханов қатысып, жұртшылықты ұлттық мерекемен құттықтады. Бұл туралы аудан әкімінің баспасөз қызметі ақпарат таратты.

Роза Бағланова атындағы аудандық мәдениет орталығында өткен салтанатты жиын елдігімізді айшықтайтын мемлекеттік рәміздерге құрмет көрсетуден басталды. Сахна төріне Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы шығарылып, Мемлекеттік Әнұран орындалды.

Мұнан кейін аудан әкімі жиналған қауымды Республика күнімен құттықтап, жыл басынан бері ауданның әлеуметтік-экономикалық даму бағытында атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарларға тоқталды.

— Биыл еліміз өзінің даму жолында аса маңызды кезеңге аяқ басты. Бұл – мемлекетіміз үшін мән-мағынасы айрықша оқиға, тарихи сәт. Президентіміз айтқандай, еліміз биыл ұлт жылнамасының жаңа парағын ашты. Бүгінде қазыналы Қазалы ауданында Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы мен өңірімізді төрт жылдан астам уақыт басқарған, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Нұрлыбек Машбекұлының және облыс әкімі Мұрат Нәлқожаұлының ерекше қолдауымен айтулы істер, жарқын жобалар жүзеге асуда.

2026 жылы аудан бюджеті 13,6 млрд теңгеге бекітілсе, есепті кезеңде нақтыланған бюджет көлемі 18,9 млрд теңгеге жетті.

Жыл басынан бері барлық макроэкономикалық көрсеткіштеріміз 100 пайыздан артық орындалып, жоғары нәтижелерге қол жеткізіп келеміз. Қазалы ауданы өткен жылы Президент тапсырмасына сәйкес 100 пайыз таза ауызсумен қамтылды. Биыл Үрмаш Түктібаев ауылы мен Қазалы қаласының электр желілері жаңғыртылып, төрт ауылға орамішілік газ желілері жүргізілуде, нәтижесінде электр желілерінің тозу деңгейін 59,9 пайызға төмендету, газдандыру көрсеткішін 86,7 пайызға жеткізу жоспарлануда. Жол инфрақұрылымын дамыту бағытында Әйтеке би кентіндегі Жанқожа батыр көшесінің айналма жолы, Ағайынды Талқанбаевтар көшесі жөнделіп, 12 көшеге ағымдағы жөндеу жүргізілді, 4,5 шақырым жаяу жүргіншілер жолы салынды. Қарлан көпірінің құрылысы қарқынды жалғасуда, көпқабатты тұрғын үйлердің инженерлік желілерін жаңғырту, аулаларын абаттандыру жұмыстары жүргізіліп, былтыр 80 пәтер пайдалануға берілсе, биыл тағы 50 пәтердің құрылысы жүруде. «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында 1 млрд 564 млн теңгеге Мәдени-демалыс кешені, Қожабақы және Бекарыстан би ауылдарындағы спорт кешендері, екі жасанды футбол алаңы пайдалануға берілді, Қазалы теміржол вокзалы күрделі жөндеуден өткізіліп, жаяу жүргіншілерге арналған аспалы көпір қайта салынып, вокзал аумағы абаттандырылды. 6 мектепке 270 млн теңгеге ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, 42 төсектік кардиология және инсульт орталығы пайдалануға берілді, орталыққа 326,6 млн теңгелік компьютерлік томограф орнатылды, алдағы уақытта МРТ құрылғысын орнату жоспарлануда. Ауыл шаруашылығында 12 475 гектарға дақылдар егіліп, оның ішінде күріш көлемі 2 447 гектарды құрап, есепті кезеңде 9 788 тоннаға жуық өнім жиналды. Атқарылған іс аз емес, дегенмен алда аудан халқының әл-ауқатын көтеріп, тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған міндеттер бар. Баршаңызды егемендігіміздің бастауы болған ұлттық мереке – Республика күнімен құттықтай отырып, өздеріңізге зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық, бақ-береке тілеймін, — деді аудан әкімі Алмасбек Әбілқасымұлы.

Мерекелік жиында ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына, ел игілігі жолындағы жұмыстарға және өңірдің өркендеуіне елеулі үлес қосып жүрген бірқатар азаматқа облыс және аудан әкімдерінің Алғыс хаттары табысталды. Сондай-ақ білім беру саласында табысты еңбек етіп жүрген М.Матаев атындағы №170 мектеп-гимназияның қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Балагүл Орынбаева мен №266 мектеп-лицейінің бастауыш сынып мұғалімі Айгүл Алтаеваға Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің Алғыс хаттары берілді.

Салтанатты жиын мерекелік концерттік бағдарламамен жалғасты.

Аудан өнерпаздары мен шығармашылық ұжымдар патриоттық әндер орындап, ұлттық өнердің бай мұрасын дәріптейтін музыкалық және поэзиялық туындыларды көпшілік назарына ұсынды. «Бұл – жаңа Қазақстан», «Туған ел», «Мен қазақпын», «Менің Қазақстаным» секілді шығармалар арқылы Отанға деген сүйіспеншілік пен елдік рух кеңінен насихатталды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: