Кеше Арал ауданының әкімі Аманжол Оңғарбаев жұмыс сапарымен Мергенсай ауылдық округіне барып, елді мекенде жүзеге асырылып жатқан құрылыс және инфрақұрылымдық жобалардың барысын көрді, деп жазады баспасөз қызметі.
Алдымен аудан басшысы «Арал–Аэропорт–Жалаңаш» бағытындағы автомобиль жолының орташа жөндеу жұмыстарымен танысты.
Аудандық маңызы бар «Арал–Жалаңаш» автомобиль жолының жалпы ұзындығы 62,6 шақырымды құрайды. Оның 26 шақырымын орташа жөндеуден өткізуге облыстық бюджеттен 1,8 млрд теңге бөлінген. Қазіргі уақытта жолдың жартысынан астам бөлігі жөнделіп, қалған учаскелерде құрылыс жұмыстары жалғасуда.
Айта кетейік, көлік инфрақұрылымын дамыту, жолдардың сапасын жақсарту және тұрғындарға қолайлы жағдай жасау мақсатында жалпы құны 26,2 млрд теңгені құрайтын 35 жоба әзірленіп, тиісті салалық басқармалар мен министрліктерге ұсынылған.
Жол жөндеу жұмыстарының барысын бағамдаған аудан әкімі Аманжол Сақыпұлы мердігер мекеме басшысымен кездесіп, жұмыстың сапалы орындалуы мен белгіленген мерзімде аяқталуының маңыздылығын атап өтті.
Сапар барысында аудан әкімі Жалаңаш ауылындағы бұрынғы мектеп ғимаратын бейімдеу жұмыстарын да көрді.
Ауыл әкімі ғимаратты ретке келтіріп, алдағы уақытта Мергенсай ауылдық округі әкімі аппараты мен бірқатар мекемені орналастыру жөніндегі жоспарымен бөлісті. Аудан басшысы бұл бастаманы қолдап, ел игілігіне ұзақ жылдар бойы қызмет еткен ғимаратты ұқыпты күтіп-ұстау және тиімді пайдалану қажеттігін атап өтті.
Ауылдың инфрақұрылымын жақсарту, жол сапасын арттыру және қолданыстағы нысандарды тиімді пайдалану – тұрғындардың өмір сүру сапасын көтеруге бағытталған маңызды қадамдар. Аудан әкімі қолға алынған жұмыстарға сәттілік тілеп, жоспарланған жобаларды сапалы жүзеге асыру жөнінде жауапты тұлғаларға бірқатар тапсырма жүктеді.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!