Бұл қызметке бұған дейін «Қазгермұнай» компаниясын басқарған, Қызылорда тумасы Зияш Қияқбаев келді.
«ПетроҚазақстан Құмкөл Ресорсиз» акционерлік қоғамының вице-президенті қызметіне Зияш Қияқбаев тағайындалды, деп хабарлайды Halyqline.kz.
Зияш Қалдыбекұлы Қияқбаев 1967 жылы Қызылорда қаласында дүниеге келген. 1986 жылы Алматы индустриялық техникумын, 1994 жылы С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін шығыстану мамандығы бойынша тәмамдаған. 1999 жылы Алматы менеджмент мектебінде корпоративтік менеджмент бағытындағы MBA бағдарламасын аяқтаған.
Еңбек жолында мұнай-газ саласындағы бірқатар ірі компанияда басшылық қызмет атқарған. 1998–2006 жылдары «ҚазТрансОйл» АҚ жобаларды басқару департаментінің директоры болды. Кейін «Меркурий Инжиниринг» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары және бас директоры қызметтерін атқарды.
2008–2009 жылдары Қазақ мұнай және газ институтында жобалау жөніндегі атқарушы директор болып жұмыс істеді. Ал 2009–2016 жылдары «ҚазТрансГаз» АҚ-да бас директордың кеңесшісі, департамент директоры және техникалық реттеу қызметінің басшысы секілді жауапты лауазымдарда болды.
2016–2020 жылдары Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің газ өнеркәсібін дамыту департаментін басқарды.
2022–2024 жылдары Алматы облысының газбен жабдықтау саласындағы уәкілетті компаниясы – «Жетісу-ОблГаздың» бас директоры, сондай-ақ «КОР» мұнай компаниясы бас директорының кеңесшісі қызметтерін атқарды.
2024–2026 жылдары Қызылорда облысындағы «Қазгермұнай» бірлескен кәсіпорнын басқарды.
2026 жылдың шілде айында «ПетроҚазақстан Құмкөл Ресорсиз» АҚ өндіріс жөніндегі директоры қызметіне ауысып, қыркүйек айында компанияның вице-президенті болып тағайындалды.
Зияш Қияқбаев «Құрмет» орденімен, отын-энергетика кешенін дамытуға қосқан үлесі үшін KAZENERGY медалімен және «Мұнай-газ саласының еңбек сіңірген қызметкері» төсбелгісімен марапатталған.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!