Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қысқартудың қос қыры…

20.10.2026, 14:55 58

HALYQLINE.KZ

Үнемдеуді билік өзінен бастауы тиіс!

Бұл кез келген биліктің – құй ол демократиялық болсын, құй ол авторитарлық болсын – айнымас әдеті: саяси һәм әлеуметтік салмағы мен ауыртпашылығы бар, көпшілікке жаға қоймайтын реформаларды сайлаулардан кейін жүргізе бастайды.

Міне, біздің билік те бұл жолы осы дағдысынан айнымады: келесі жылдың бюджетінде әлеуметтік салаға бөлінетін қаржы анау-мынау емес, 700 миллиард теңгеге, ал алдағы үш жылда – 2,5 триллион теңгеге қысқарады деп, Айды аспаннан бір шығарды!

Бұл шешімге менің көзқарасым екіұдай.

Сөз жоқ, бұған дейін орын алып келген әлеуметтік саясаттағы жалпақшешейлікті жойып, оңды-солды үлестіріліп келген қаржыны үнемдеу керек. Оған еш дау жоқ. Бюджеттің бүйірі шұрқ-шұрқ тесік: әрбір тиынды санамасқа амал жоқ.

Алайда, билік неге осынау қысқартудың басты себебі туралы ашық айтпайды? Әлеуметтік жәрдем берудегі кемшіліктерді бүгін ғана көзі шалып қалды ма? Жоқ! Мұндай қадамға баруының басты себебі экономиканың тұралауы, содан туындап отырған бюджет тапшылығы екені ешкімге де жасырын емес. Ең алдымен соны мойындауы керек. Халық оны да түсінеді.

Басты себеп сол болса, ұзын арзан, кең тұсау, арқаны кеңге салып, осы жылдар ішінде экономиканы сондай бейшара да әлжуаз жағдайға жеткізген кімдер екен?! Неге сол жайында ашық айтылмайды? Қаржы жетіспеушілігі бір күннің ішінде құрала қалған жоқ қой, олай болса, осыншама жыл бойына экономикалық, қаржылық салаларға жауапты боп келген шенділер неге жауапқа тартылмайды?!

Үкімет: «Осы бастаманы ел ішінде жан-жақты насихаттаймыз» деп жатыр. Ол да қажет шаруа. Бірақ та ақпарат алаңында, әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде, ең алдымен, отбасыларына берілетін жәрдемақы туралы ғана айтылып жатқаны рас емес пе? Неге талқылау біржақты боп кетті?

Үкімет «цифрлық карта жасалады, онда әр отбасы әл-ауқатының деңгейіне байланысты A, B, C, D және E санаттарына бөлінеді» дейді. Ол да керек шығар. Алайда қазіргі «сұр» экономика мен жалақыны конвертте қолма-қол ақшамен беру жағдайында ондай ақпарат қаншалықты өмір шындығына сай болады екен? Тонын айналдырып киген біздің билікшіл статистикамыз қаншалықты сенімді дейсіз?!

Өз түсіндірмесінде билік әуенінен жаңылмай: «Мұндай қысқартулар қажет, өйткені басқа елдерде де осындай тәжірибе қолға алынған», — дегенді алға тарта беретіні бесенеден белгілі. Меніңше, Менделеев таблицасының барлық дерлік химиялық элементі жер қойнауынан табылып жатқан Қазақстанды ондай байлықтан жұрдай басқа елдермен салыстыру – ұят! Жөні мүлдем бөлек олардан үлгі алмай-ақ, мұнайлы-газды-хромды-мысты-мырышты-алюминийлі-уранды Қазақстан толыққанды әлеуметтік саясат жүргізе алады деп санаймын?! Яғни, әлеуметтік көмек көлемін қысқартпай, керісінше, ұлғайта түсуге болар еді. Және де бұл жылтыр сөз емес, бұл – тәуелсіз экономистердің есеп-қисабына негізделген салмақты тұжырым. Тек ниет болса, сол жарайды. Президент Тоқаев айтқандай, экономикадағы олигополияның көзін жойсақ, шағын және орта бизнеске даңғыл жол ашып, отандық кәсіпкерлікті қолдасақ, көп нәрсе өзінен-өзі шешіледі.

Ең бастысы сол: қысқартудың да қысқартуы бар!

Мәселен, сол қысқарту керек болса, оны билік неге өзінен бастамайды?!

Президент кезінде шенеуніктік аппаратты 25 процентке қысқарту туралы тиісті тапсырма беріп еді. Сол игі бастаманың арты сұйылып, сиырқұйымшақтанып кетті-ау деймін. Не болса да сол тапсырманың орындалуы туралы есеп көзіме түсе қоймады.

Керісінше, шенеуніктер қатары азаюдың орнына көбейіп жатқан сықылды: жаңа министрліктер мен ведомстволар, облыстар ашылуда. Әр мекеме не әкімдік басшысынан бастап жүргізушісіне дейін бюджеттен қаржыландырылады емес пе?! Сол қыруар қаржыны нақты экономикаға, шағын және орта бизнеске жеңіл несие беруге, көпбалалы отбасыларына берілетін жәрдемақыны көбейтуге жұмсағанда ше?!

Кезінде, біз студент боп жүрген кезде Горбачевтің тұсында Совет одағында, «Қайта құру» деген науқан қолға алынды. Жариялылық, жеделдету деген талаптар қойылды. Әсіресе, «Қайта құруды өзіңнен баста!» деген ұран өзекті еді.

Мен де билікке соны айтқым келеді: «Қысқартуды өзіңнен баста!».

Әміржан  ҚОСАН.

abai.kz

Сурет ашық дереккөзден алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: