Жаңақорған ауданының орталық стадионында «Алтын күз – 2026» мерекесіне арналған «Жаңақорған — Алтын дәннің асқақ рухтың мекені» атты гала-концерт өтті.
Ауқымды мәдени шараға аудан әкімі Ғалымжан Жарқынбек, аудан ардагерлері, ауыл шаруашылығы саласының үздіктері мен аудан тұрғындары қатысты.
Мерекелік кеш өнерпаздардың дайындаған әсерлі театрландырылған көрінісімен басталды.
Сахна төріне көтерілген аудан басшысы Ғалымжан Жарқынбекұлы барша жаңақорғандықтарды мерекемен құттықтады.

– Баршаңызды ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің дәстүрлі «Алтын күз» мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуында аграрлық саланың орны айрықша. Биылғы жылдың 9 айында ауданымызда ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы көлемі 27 миллиард 585 миллион теңгені құрап, 103,6 пайызға жетті. Салаға тартылған инвестиция көлемі 4,8 млрд теңгені құрап, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 10 есеге артты. Биыл да жаңақорғандық диқандарымыз тынымсыз еңбек етіп, толайым табыстарға қол жеткізді. Аудан бойынша 38 232 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары орналастырылды. Оның ішінде негізгі дақыл — күріштің көлемі 6 мың 756 гектарды құрап, әр гектардан 57 центнерден өнім алынып, қамбаға 38 510 тонна күріш жиналды. Мұның барлығы – жерлестеріміздің тынымсыз еңбегі мен шаруашылықтардың жүйелі жұмысының жемісі. Бүгінгі «Алтын күз» мерекесі баршаңызға тағы да құтты болсын! Берекеміз артып, егініміз бітік, төрт түлігіміз төлді, дастарқанымыз мол болсын! Әр шаңырақта қуаныш пен шаттық орнап, ауылдарымыз ажарланып, ауданымыз өркендей берсін! — деді аудан басшысы.
Мерекелік кеште ауыл еңбеккерлері мен саланың үздік өкілдері түрлі номинациялармен марапатталды.

Атап айтқанда: «Үздік ауылдық округ» номинациясымен Аққорған ауылдық округі, егін шаруашылығында жоғары көрсеткіштерге қол жеткізгені үшін Машбек Нәлібаев ауылдық округі, мал шаруашылығы саласында жоғары көрсеткіштерге қол жеткізгені үшін Қосүйеңкі ауылдық округі марапатталды.
Сондай-ақ, еңбек озаттарына «Озат диханшы», «Озат күріш өсіруші», «Озат шопан», «Үздік су үнемдеу технологиясын қолданушы», «Үздік ветеринар» және өзге де марапаттар табыс етілді.
Кеш соңында аудан тұрғындарына арналған үлкен концерттік бағдарлама ұйымдастырылды. «Құрмет» орденінің иегері, Мәдениет саласының үздігі Индира Елубаева, қазақ эстрадасының жарық жұлдызы, жастардың сүйікті әншісі Әділет Жауғашар, қазақ эстрадасының танымал жұлдызы, дарынды сазгер, әнші Жандос Қаржаубай өнер көрсетіп, көрермендерге көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
Мереке соңында отшашу атылып, жиналғандарды мерекелік шаттық пен қуанышқа бөледі.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!