Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Біз қайда жүрміз?

13.10.2026, 6:00 46

HALYQLINE.KZ

БҮГІНГІ  САТИРА

(«Жыбырлауық кітап» сатиралық романымның алғашқы тарауынан үзінді)

Бұл Ресейдің «Яндекс» таксиі түшкірсең де, еріксіз есінесең де, көзіңді қысып қалсаң да жетіп келетін еді. Сықақшы-жазушы Мұхтар Шерімнің «Жыбырлауық кітап» кейіпкерлері профессордың әйелінен қашып кеткелі мазасы майға қуырылғандай тыным таппады.

О заман да, бұ заман, кітап ішінен кейіпкерлер сау етіп төгіліп, орындары ойылып-ойылып қалғанын кім көрген? Үйінде пісте шағып отыра бере ме, профессорды ертіп алып, кейіпкерлерін іздеуге шықты. Профессор ұялы телефонын «иіскеп» тұрып, «Яндекс» таксиіне тапсырыс берді. Екеуі әлі күтіп тұр. Сүт қайнап, қамыр ашитындай уақыт өтті. Ұзақ күтіп тұрды, далада қалған балмұздақ еритіндей уақыт өтті. Екеуі әлі күтіп тұрды, қыз бен жігіт бір сағат ішінде танысып, қыз жүкті болып қалатындай уақыт өтпесе де, уһ, «Яндекс» таксиі көрінді-ау!

– Қырғы базарға! — деді профессор.

Екеуі де түнімен кітап кейіпкерлерін, әсіресе профессор өзіне ғашық құйтақандай кейіпкер қыз Қатираны ойлап, ұйықтамаған еді. Жүргізуші Байтұрсынов көшесіне түскеннен-ақ, екеуі құшақтасқан күйі ұйқының ауылына жүріп кетті. Бір кезде такси жүргізушісі:

– Келдік, жолақысы – жиырма мың теңге, — деді.

– Ойбай, Мұха, біз қай жерге келдік?

– Қызылорда қаласына, — деді жүргізуші.

– Қызылорда?

– Иә, Украина Ресей соғысы Қазақстанға да әсер етті, — деді жүргізуші.

– Ойбай, оның бізге қандай қатысы бар? — деп сұрады профессор.

– Бар болғанда қандай! Украина дрондары Владимир қаласындағы «Яндекс» дата орталығын «өртпен өрнектеді» емес пе?

– Иә?

– Соның кесірінен біздегі «Яндекс» қосымшасы мүгедек болып қалды.

– Ой, бізге Шымкент қаласының қырғы базары керек, — деді жазушы.

– Маған «Яндекс» ақпараты Қызылорданы көрсетті.

– Өй, көзің бар емес пе? — деді профессор күйіп-пісіп.

– Кешіріңіздер, жолда ұйықтап кетіппін…

– ?

Жазушы мен профессор он мыңнан шығарып, басқа, «Яндекс» таксиіне тапсырыс берді. Такси түс қайта ғана келді. «Шымкентке!» деді екеуі қосарланып. Содан жол-жөнекей екеуі де қалғып кетіпті. Бір қараса, иә, бір қараса, Астанада жүр!

– Ойбай, біз қайда келдік? — деп сұрады профессор.

– Астанаға, — деді жүргізуші.

– Мүмкін, Америкаға, екіжүзді президенттің жанына апарып тастарсың? — деп мысқылдады жазушы.

– Кешіріңіздер, Ресейдің «Яндекс» орталығы жұмыс істемей қалды. Сосын шатасып кетіппін.

Жүргізуші де өзіне қапа болып, бір тиын алмай кетіп қалды. «Ақыры келдік қой, Жасанды интеллект министріне кіре кетейік» деп шешті жазушы. Бірақ министрлер ғимаратына кіре алмады. Есесіне кітап кейіпкерлері – блогер Тайлақ, мектеп директоры Рая, сол мектептің мұғалімі Сәбира және профессордың ғашығы Қатира төртеуі министрлікте жүр екен. Олар бірден Жасанды интеллект министрінің кабинетіне кірді, ешкім байқамай да қалды. Министр Жаппар Елеусізұлы кабинетінде бір табақ ет жеп отыр екен.

– Кешіріңіз, министр мырза, осыдан үш жыл бұрын халықты алдадыңыздар. «Яндексті» бақылауға алдық, «Яндекс» ақпараты Қазақстанда орналасты деп едіңіздер? Біз Ресейге әлі тәуелдіміз бе? — деп сұрады блогер кейіпкер Тайлақ. Министр шыбынның ызыңындай болып жеткен дауысты естімей қалды. Ол жілікті аузына апара бергенде Сәбира:

– Аштан өлдіңіз бе? Жауап беріңіз! «Яндекс» сияқты өз серверіміз неге жоқ? — деді.

Қатира да қалыспады.

– Халықты неге мал көресіздер?

Министр үстелі үстіндегі өте кішкентай кейіпкер адамдарды көріп, кофесіне шашалып қалды. Тіпті ыстық кофесі үстел үстіне төгіліп те кетті. Қатираның балтыры күйіп, өзге кейіпкерлер қашып үлгерді.

– Ойбай, аяғым! — деп шыңғырды Қатира.

Министр орнынан атып тұрды.

– Мынау не пәле?! Менің үстеліме кім тірі қоқыс төгіп кеткен?!

– Біз қоқыс емеспіз! — деді Сәбира. – Біз сізге сұрақ қоюға келдік!

Министр көзілдірігін киіп, үстелге үңілді.

– Сұрақтарың кішкентай ма, әлде өздерің кішірейіп кеткенсіңдер ме?

– Өзіміз кішкентаймыз, сұрағымыз үлкен! — деді Тайлақ.

– Үлкен сұрақ болса, қабылдау бөлмесіне қалдырып кетіңдер. Менің кабинетімде ұсақ-түйекпен айналысуға уақыт жоқ!

Министр үстел үстіндегі қоңырауды басты.

– Тазалықшы әйелді шақырыңдар!

Министр жілігін тәрелкеге қойды.

– Біріншіден, мен сіздердің көлемдеріңізге қарамастан, сұрақтарыңызға жауап беруге дайынмын.

– Онда жауап беріңіз!

– Екіншіден, сұрақтарыңды көлемдеріңе сай қойыңдар.

– Цифрлық тәуелсіздік бар ма, жоқ па?!

Министр ойланып қалды.

– Тәуелсіздік болмаса, болады.

Тайлақ Сәбираға қарады. Министр жілігін қайта қолына алды.

– Жігітім, сендер сұрақты көбейтпеңдер. Сұрақ көбейсе, жауапкершілік көбейеді. Жауапкершілік көбейсе, жұмыс көбейеді. Жұмыс көбейсе, ет тоңып қалады!

Кейіпкерлер министрден жауап ала алмаған соң, көшеге атып шықты. Бір кезде құйтақандай ғана сүйкімді сұлу қыз Қатира профессор Асан Аманұлын көріп қалып:

– Ағай, — деді.

Профессор жазушымен бірге «Яндекс» таксиін күтіп тұрған еді.

– Асан аға…

Қатира оның балағынан ұстап, жоғары өрлей бастады. Тіпті костюмінің қалтасына түсіп кетіп, одан әрең шығып, түймелердің үстімен иығына әрең жетті. Сөйтті де, профессордың иығында аяғын салбыратып отырды.

– Асан аға, мен ғой, Қатира…

Мұхтар  ШЕРІМ.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: