Қызылорда облысында сараптама қорытындысымен апатты деп танылған 69 көппәтерлі тұрғын үй бар, деп хабарлайды halyqline.kz тілшісі kazinform.kz сайтына сілтеме жасап.
Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының мәліметінше, оның басым бөлігі Қызылорда қаласында. Атап айтқанда, облыс орталығында құлағалы тұрған 63 баспана бар. Апатты жағдайдағы үйлердің 3-і Қармақшы, 2-і Сырдария, 1-і Жалағаш ауданында.
— Тұрғын үй кезегінде жалғыз баспанасы апатты деп танылған 673 тұрғын тіркелген. 2024 жылы облыстық бюджеттен 1,7 млрд теңге қаржы бөлініп, 2025 жылдың наурыз айында 135 пәтер табысталды. Апатты жағдайдағы 3 үй бұзылды. Биыл 135 пәтер сатып алуға облыстық бюджеттен 1,7 млрд теңге қаржы қаралды, — делінген хабарламада.
Өңірдегі 1505 көппәтерлі баспананың 601-і күрделі жөндеуді талап етеді. Көрсеткіш 2011 жылғы 73%-дан 40%-ға төмендеді.
— 2024 жылы республикалық бюджеттік кредит есебінен 33 көпқабатты тұрғын үй күрделі жөндеуден өтті. Оның 18-і Қызылорда қаласы. Аралда 6, Жалагашта 2, Сырдария ауданында 7 үй жаңа кейіпке енді. 2025 жылы 14 үйді күрделі жөндеуден өткізу үшін 1,4 млрд теңгеге бюджеттік өтінім ұсынылды, алайда қаржы бөлінбеді, — деп мәлімдеді басқарма.
Биыл 24 көпқабатты тұрғын үйді күрделі жөндеуден өткізу мақсатында ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне 4,0 млрд теңгеге бюджеттік өтінім ұсынылды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!