Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Шыбық умен емес, сумен өссін

08.10.2026, 7:20 52

У  іше  аласыз  ба? Сұрақты көріп шошымаңыз, шоршымаңыз. Кесеге құйып берген уытты ішуге батылыңыз жете ме? О, тоба, өз-өзіне қиянат жасауға кімнің қолы барсын? «Уды өзім түгіл, дұшпаныма бермеймін» дейтін боларсыз?! Бұл – үгіт  емес, жай сұрақ. Ал біреуге у бере аласыз ба? Пақыр-ай, тықыр таядың демеңіз, тақырып ашу үшін санаға сыймас сұрақ қоюға тура келіп тұр.

Өзі түгіл, досы түгіл дұшпанына өлім тілемейтін қазақ маңайына у шашып жүргендей көрінеді кейде. Сенбейсіз бе? Дәйек болсын: 2024 жылы 4 қазанда 16 жастағы Шерзат Болат жүрек тұсына сұғыл­ған пышақтан өлді. 2025 жылы желтоқсанда Қарабалиндер отбасы тұтас пышақтан ана дүниеге кете барды. 2026 жылы Нұрай Серікбай 21 жасын­да 36 мәрте сұғылған пышақтан қаза тапты. Тізбектей берсек, тізім ұзын сонар. Сан дегенің сананы сүріндіреді. Бір қызығы, кей жұрт мұны қалыпты жағдайға теліп жүр. Бұрын да осындай қанқұйлы жайттар болған екен. Қазір әлеуметтік желі бар, ақпарат лезде желдей еседі-мыс. Адамның өлімі қашан қауіп­ті жағдайдан қалыпты жайға өтіп еді?! Әлде өлімге де ет өліп кеткендей ме?! Бәлки, көршінің қазасын қайғыра қабылдайтын қазақтың қазір қабырғасы қайыспайтын болатқа айналған  ба?!

Көп сұрақтың ішінен маңыз­дысына жауап беріп көрелікші. Қыбыр­лаған құмырсқаға да қиянат жасамайтын қазаққа бері қарағанды беттен алатын, ары қарағанға пышақ салатын не күн туды?! Жауына да мейіріммен қарайтын қайырымды жұрт қай жерден жаңылды? Неден сүріндік? Бәлки, «Жау жоқ деме, жар астында» дегенді жаңсақ түсініп, «жүзіңді қайтарғанды жау көр» деп жүрміз бе?! Жоғарыда үш мысалды дәйек еттік. Үшеуінде де себеп біреу, жәбірленген тарап жәбірлеушінің қарекетіне қарсылық танытқан. Қарсылық қастық емесін ұқпаса керек, пышақ ала ұмтылған. Қойдың өзін «бісмілләсіз» бауыздамайтын дана халықтың ұрпағы адамды қой құрлы көрмей тұр. Иманның әлсірегені ме?! Иман бесіктен, тәрбиемен беріледі. Сонда қыр астынан емес, қасынан жау  іздеу  тал  бесіктен басталғандай.

Ағаштың қисықтығы – шыбы­ғынан. Қытай бұқарасында «бонсай» деген  дәстүр  бар. Жапон  жұртына  да әбден  сіңген. Ағашты  қортық әрі қисық, бұралаң етіп өсіру. Ол үшін қос халық көп күш салады. Қазақ үшін ұрпақ – шыбық. Оның түзу  өспегі – ұрпағымен мың жасай­тын  халық үшін ұлы мұрат. Қазір сол мұраттан жаңылып, түзу бұтаны қиындықсыз  қисық өсіруде­міз. Бірін көктей солдырудамыз. Бұрынғы тәрбиеде үш тінді көзден де, құлақтан да таса қылдық: жаман болады, обал болады һәм сауап болады. Бұл үш «боладының» төркіні әлсізге қамқорлық, кішіге ізет, үлкенге құрмет пәлсапасымен астасып жатыр. Халық даналығы даңғайыр даладай кең  ғой. Сол кеңдікті ұрпаққа өткізбеу  кейде  қоғамдағы  кемдікті  сурет­теуде.

Қазір бәрі білімді. «Біліп туғандарды» айтпағанда біліп алғандардан көз сүрінеді. Сонда да айтайық, «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» деген екен әлемнің екінші ұстазы. Біріншісін былай қойғанда, екіншісінің тілін алмай жүрміз. «Баламды медресеге біл деп бердім» дейтін данышпан Абайды тыңдау әлдеқашан қалған. Бәрін қойшы, сөзін өзгертсек Әбу Насыр өкпелей қоймас, «Тәрбиесіз берілген білім – у». Обал мен сауап, жақсы мен жаманның жігін айырар тәр­биесіз  білім беріп жатқан жоқпыз ба? Бала айтқанды істемейді, көргенді істейді. Оған мысал жетеді: Семей­де «кетемін» деген әйелін бейсбол таяғымен, Атырауда 3 жас­тағы қызы­ның көзінше азаматтық неке­дегі әйелін ұрып өлтірген еркек. Шардарада 70 жастағы әкесін сабап, ажал құштырған ұл. Санамаласақ, саусақ жетпес. Бірақ тәрбие, оның ішінде обал болады, жаман болады, сауап болады тілімізден ғана емес, ісімізден көрінуі тиіс шығар!? Шыбық  умен  емес,  сумен  өссін!

Дастанбек  САДЫҚ,

журналист.

Фото: ашық дереккөзден

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: