Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Ұстаз – аты биік әрі мәңгілік

07.10.2026, 9:15 77

HALYQLINE.KZ

Кеше Жаңақорған ауданы М.Көкенов атындағы мәдениет үйінде Ұстаздар мерекесіне орай «Ұстаз – аты биік әрі мәңгілік» атты салтанатты іс-шара өтті, деп хабарлайды аудан әкімінің баспасөз қызметі.

Алдымен мерекелік жиынға келген қонақтарға «Жасанды интеллект – жаңа мүмкіндіктер» тақырыбындағы көрме таныстырылып, заманауи технологиялардың білім беру саласындағы мүмкіндіктері көрсетілді.

Салтанатты іс-шара барысында аудан әкімі Жарқынбек Ғалымжан ұстаздар қауымын кәсіби мерекесімен құттықтады.

— Құрметті ұстаздар, қадірлі сала ардагерлері!

Сіздерді кәсіби мерекелеріңіз – Ұстаздар күнімен шын жүректен құттықтаймын!

Ұстаз – ұлт болашағын тәрбиелейтін ұлы тұлға. Сіздердің шәкірт тәрбиелеу жолындағы еңбектеріңіз әрдайым жоғары бағалауға лайық. Біздің басты мақсатымыз – әрбір балаға қауіпсіз, жайлы әрі заманауи білім беру ортасын қалыптастыру. Осы мақсатта екі білім беру ошағы, №240 Ғани Мұратбаев атындағы орта мектепке 160 млн теңге, №245 Ақсуат ауылындағы орта мектепке 103 млн теңге қаражат бөлініп, қайта жаңғыртудан өтті. Сонымен қатар «Қазақстан халқына» қоры арқылы 240 млн теңгеге ауданымыздағы 8 білім ошағының химия, физика және биология кабинеттері заманауи құрылғылармен жабдықталды.

Өткен оқу жылында ауданымыздың 10 білім беру ұйымы білім, тәрбие, спорт, олимпиадалық дайындық, кәсіби бағдар және басқа да бағыттар бойынша арнайы номинацияларға ие болды.

Мерейлі күнде баршаңызға зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық, еңбектеріңізге толағай табыс тілеймін! — деді аудан басшысы.

Арнайы марапаттау рәсімінде бірқатар ұстазға Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің және аудан әкімінің Құрмет грамоталары, облыс және аудан әкімінің Алғыс хаттары табысталды. Сондай-ақ бірқатар білім саласының ардагерлері «Жаңақорған ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесі үшін» медалімен марапатталды.

Ұстаздарға деген құрмет пен ізгі лебізге толы мерекелік кеш аудан әкімі Ғалымжан Жарқынбекұлының арнайы тартуы – Түркістан қаласынан келген «Конгресс-холл» көпсалалы кешені өнерпаздарының концерттік бағдарламасына ұласты.

Әсем ән мен әсерлі өнер кеш көркін қыздырып, ұстаздарға көтеріңкі көңіл күй сыйлады.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: