Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Үйің бар ма, күйің бар ма?»: Этнограф қазіргі қыздардың жігіттерге қоятын талабын сынады

06.10.2026, 11:15 32

HALYQLINE.KZ

Этнограф Тұрар Сәттарқызы Adal Adam YouTube арнасына берген сұхбатында қазіргі қыздардың болашақ жарға қоятын талаптары туралы пікір білдіріп, Баян Мақсатқызының қызының болашақ жарына қатысты айтқан талаптарына да тоқталды.

Этнографтың айтуынша, бүгінгі күні кей қыздар жігіттің білімі мен мінезінен бөлек, материалдық жағдайына, баспанасына және отбасындағы орнына да ерекше мән береді.

«Бір колледжде дәріс оқығанымда қыздар талаптарын айта бастады. Сосын: «Айналайындар, ал сендер ол үшін не бересіңдер? Сендердің бойларыңда қандай қасиет, мінез, қабілет бар? Болашақ жар, болашақ ана болу үшін не бар?» деп сұрадым», — деді ол.

Тұрар Сәттарқызы қыз баланың білім алып, дамуына қарсы емес екенін, алайда отбасылық өмірге де тәрбиелеу қажет деп есептейтінін айтты. Оның пікірінше, жар таңдауда талап тек бір тарапқа қойылмауы керек.

Сұхбат барысында этнограф Баян Мақсатқызының қызына жар таңдауға қатысты айтқан талаптарын да сынға алды.

«Менде екі ұл, екі ұл шәкіртім бар. Ағылшын тілін біледі. Шынын айтқанда, Баян Мақсатқызының қызы ол балаларға лайық болмайды-ау. Ол ханымның талабы масқара енді, өте қорқынышты. Дегенмен де біздің қыздарымыздың арасында осындай бар», — деді ол күліп.

Ол кей жігіттен қыздар танысқан сәттен бастап «үйің бар ма?», «отбасында нешінші баласың?», «ата-анаңмен бірге тұрасың ба?» деген сұрақтар қоятынын естігенін айтты.

Этнограф әлеуметтік желіде ата-анасына жақын ер адамдарды келемеждеу үрдісіне де тоқталды. Оның пікірінше, жігіттің анасын жақсы көріп, құрметтеуі кемшілік ретінде қабылданбауы керек.

«Егер бала шешесін жақсы көретін болса, әйелін де жақсы көреді. Шешесін сыйлайтын болса, әйелін де сыйлайды. Анасына құрмет бар үйде әйеліне де сондай құрмет болады», – деді ол.

Сондай-ақ ол жар таңдауда адамның табысы немесе шет тілін білуі ғана емес, дүниетанымы мен құндылықтарының үйлесуі маңызды екенін атап өтті.

«Бір бағытқа қарайтын, өзара әңгімесі бар адамдар бір-бірімен үйленуі керек», — деді этнограф.

Тұрар Сәттарқызы әлеуметтік желідегі «әдемі өмірге» де жастар алданып қалатынын айтты. Отбасылық өмір тек жайлылық пен материалдық игіліктен тұрмайтынын еске салды. Оның сөзінше, өмірде жақсы кезеңдермен қатар қиындықтар да болады, сондықтан жастар отбасын құрарда соған да дайын болуы қажет.

Айта кетейік, продюсер Баян Алагөзова сұхбаттарының бірінде қызы Айарудың болашақ жары өзімен деңгейлес, білімді әрі жан-жақты болуы керек деген пікір білдірген еді. Оның айтуынша, Айару ағылшын тілін білетін, әлем әдебиетін оқыған, классикалық музыка мен өнерден хабары бар, гольф пен шаңғы секілді ортақ қызығушылықтары бар азаматпен ғана тіл табыса алады. Алагөзова қазіргі білімді қыздардың болашақ жарға талабы жоғары екенін атап өтті.

Дәурен ОМАРОВ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: